Қаныш Сәтбаевты қазіргі қазақ ғылымының атасы деуге болады - Президент

12 Сәуір, 12:55 774

Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Алдымен, баршаңызды Ғылым күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздер арқылы Қазақстан ғалымдарына жылы лебізімді жеткізгім келеді. Шын мәнінде, бүгінгі мерекелік күн – қоғамымыздағы ерекше сәт, себебі бұл күн ғұлама ғалым, заңғар тұлға Қаныш Сәтбаевтың туған күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Дәл бүгін академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толды. Біз Ұлы Абайды қазақ руханиятының темірқазығы, Ахмет Байтұрсынұлын Ұлт ұстазы дейміз. Ал Қаныш Сәтбаевты қазіргі қазақ ғылымының атасы деуге болады.

Өздеріңіз білесіздер, Қаныш Имантайұлы Сәтбаев – халқымыздың біртуар перзенті. Еліміз әлі күнге дейін оның ғылыми жаңалықтарының игілігін көріп отыр. Әйгілі ғалымның мерейтойын жоғары деңгейде атап өту маңызды.

Менің тапсырмаммен көптеген іс-шара өткізіледі. Біз, бір жағынан, ұлы ғалымға шынайы құрмет көрсетеміз. Екінші жағынан, білім-ғылым культін қалыптастыру жолында маңызды қадам жасаймыз. Ең бастысы, еліміз Сәтбаев салған сара жолды жалғастыруы қажет.

Біз «ғылым» туралы сөз қозғағанда, ең алдымен, ұлы ғалым Қаныш Сәтбаевтың есімі ойға оралады. Бұл – заңдылық. Мемлекеттік мәртебесін қайта иеленген Ұлттық ғылым академиясы еліміз ғана емес, бүкіл әлемнің ғылыми қауымдастығы мақтан тұтатын Қаныш Сәтбаевтың есімімен тығыз байланысты. Бұл кездейсоқтық емес, - деді Президент.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: