Қаңтар қасіреті: Қайтыс болғандар мен зардап шеккендерге өтемақы төленді

10 Қаңтар 2023, 15:00 3348

Екінші деңгейдегі банктер қаза тапқандар мен олардың туыстарының несиелерін есептен шығарды

Көтеріліс кезінде зардап шеккен мемлекеттік мекемелер мен бизнестерді қайта қалпына келтіру үшін миллиардтаған қаржы бөлінгені белгілі. Оның ішінде оқиғадан зардап шеккендер мен орны толмас қайғыға ұшыраған отбасылар бар. Оларға да өтемақы төленді.

Мәселен Жетісу облысыньң жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының берген мәліметі бойынша, қаңтарда зардап шеккен отбасыларға мынадай көмек көрсетілген.

Мемлекет басшысының 2022 жылғы 6 қаңтардағы тапсырмасына сәйкес полиция мен Қарулы Күштер қызметкерлерінің қайтыс болуына байланысты өтемақы төлеуді қамтамасыз ету мақсатында Алматы облысы әкімдігі 2022 жылғы 11 қаңтардағы №1 қаулысы бойынша облыс әкімдігінің резерві есебінен қайтыс болған 4 күш құрылымдары қызметкерлерінің және оқиғалардың кездейсоқ құрбаны болған азаматтық тұлғалардың 8 отбасына 5 миллион теңге өтемақы төледі.

Екінші деңгейдегі банктер қаза тапқандар мен олардың туыстарының несиелерін есептен шығарды. Нәтижесінде мұқтаж төрт отбасына демеушілер есебінен тұрғын үй сатып алынды.

Бұдан басқа, облыс әкімдігінің резерві есебінен зардап шеккен 22 полиция қызметкері мен әскери қызметшіге 2 миллион теңгеге дейін (барлығы 135 адам) төлегені белгілі болды.

Зардап шеккен ҚР полициясы мен Қарулы Күштерінің қызметкерлеріне төлемдер Алматы облысы арнайы прокурорының «сот-медициналық сараптама тағайындау туралы» қаулысы негізінде жүргізілді.

Сондай-ақ, «Қазақстан Халқына» қоғамдық қорынан қаза тапқан әскери қызметшінің, ішкі істер органдары қызметкерінің, Ұлттық қауіпсіздік органы қызметкерінің және оқиғаның кездейсоқ құрбаны болған азаматтық тұлғаның әрбір отбасына 7 миллион теңге мөлшерінде материалдық көмек көрсетілді. Ал 3 миллион теңге ауыр жараланған әскери қызметшілерге, ішкі істер органдарының қызметкерлеріне және азаматтық тұлғаларға берілді.

Талдықорғандықтар да бұл оқиғадан зардап шеккендерге көмек берді. Талдықорған қаласының жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің ақпаратына сәйкес, қаңтар оқиғасында қайтыс болған 4 күштік құрылым қызметкерлерінің отбасына Қорғаныс министрлігі және Ішкі істер министрлігінің желісі бойынша 5 млиллион теңгеден материалдық көмек көрсетілген және демеушілердің есебінен тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Ал 2 отбасына «Қызыл Ай» қоғамдық бірлестігі арқылы 649 мың теңге көлемінде көмек көрсетілді.

Бұдан бөлек, жергілікті атқарушы орган тарапынан қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен 19 күштік құрылым қызметкерлеріне 26 миллион теңге материалдық көмек көрсетілді. Оның ішінде ауыр жарақат алған 7 адамға 2 миллион теңгеден, орта жарақат алған 12 адамға 1 миллион теңгеден берілді.

Демеушілер есебінен Талдықорған қаласында қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан 1 адамның отбасына 5,5 миллион теңге, оның ішінде жерлеуге 2 миллион қоршауды және құлпытас ескерткіштерін орнатуға 1,5 миллион теңге және 40 күндік тамағын ұйымдастыруға 2 миллион теңге берілді.

Қайтыс болған 2 адамның отбасына 40 күндік тамағын ұйымдастыруға әрқайсысына 500 мың теңге мөлшерінде материалдық көмек көрсетілді. Сондай-ақ, демеушілердің есебінен қайтыс болған 1 адамның отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді және азық-түлік жиынтығы, киім-кешек берілді.

Сонымен қатар қайтыс болған 5 қала тұрғынына Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы 5 миллион теңгеден материалдық көмек көрсетті.

Жетісу облысы бойынша Талдықорған қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту орталығы мекемесі тарапынан Талдықорған қаласының пробация қызметімен бірлесіп, қаңтар оқиғасына қатысқан 57 азаматпен жұмыс жүргізілді. Оның ішінде 4 адам жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналасты.

2022 жылы тергеуді жүргізуші арнайы прокурор мен құқық қорғау органдарының өкілдері қаңтар оқиғасына қатысушы азаматтардың жақындарымен 13 кездесу ұйымдастырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Аталған азаматтардың туыстарымен Парламент Сенатының депутаттары екі рет кездесіп, қамауға алынған азаматтардың арыз-шағымдарын тыңдап түсініктемелер берді.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: