Қаңтар оқиғасының орын алуына барлығымыз кінәліміз – Мақсұтбек Аймағанбет

11 Қаңтар 2023, 18:00 1187

Өкінішке қарай қаңтар оқиғасы еліміз үшін үлкен қатерлі кезең болды

Биыл Қаңтар оқиғасының орын алғанына 1 жылдан асты. Бұл күнді басымыздан кешу халқымызға оңайға соққан жоқ. Бейбіт түрде басталған шерудің соңы ауыр жағдайға әкеліп соқтырды. Қаңтарда орын алған оқиғаға қатысты «Әкелер одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мақсұтбек Аймағанбет өз пікірін білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Мақсұтбек Дүйсенбекұлы мұндай жағдай болашақта қайталанбас үшін нені ескеруіміз керек екені жайлы айтты.

«Өкінішке қарай қаңтар оқиғасы еліміз үшін үлкен қатерлі кезең болды. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін мемлекет халықпен тығыз қарым-қатынаста болуы, жергелікті атқарушы органдар халықпен тікелей байланысып отыруы керек. Барлығымыз қоғамның мүшесі, бір ел екенімізді қаперімізде ұстағанымыз жөн», - деді ол.

Сонымен қатар, төраға қиын кезеңдерде кешірімді бола білуіміз қажет дейді.  

«Мемлекетіміздегі бірлікті, қоғамдағы бір-бірімізге деген сыйластықты сақтай білу өте маңызды. Себебі бір мемлекетте тұрғаннан кейін арамызда түсіністік болуы керек. Біз кешірімді бола білуіміз қажет. Кей кезде кінәні өзгелерге тағып, оны өзіміздің бойымыздан іздемейміз. Менің ойымша, қаңтар оқиғасының орын алуына барлығымыздың да кінәміз бар. Сондықтан қоғам болу, еліміздің болашағын ойлау үшін өткен жағдайға кешіріммен қарауымыз қажет», - деді Мақсұтбек Аймағанбет.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: