Қаңтар оқиғасының басты себебінің бірі – тұтынушы құқығының дұрыс қорғалмауы – депутат

25 Желтоқсан 2023, 12:52 745

Мәжілістегі Үкімет сағатында депутат Мұрат Әбенов елімізде тұтынушылар құқығы заңмен қорғалмағанын жеткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутаттың сөзінше, елімізде тұтынушылардың құқықтарын қорғау назардан тыс қалып бара жатыр.

Министрдің өзі де сауда туралы көп нәрсе айтты. Дегенмен тұтынушылардың құқықтары туралы ақпарат аз. Есімізге алсақ, қаңтар оқиғасының басты себебінің бірі – тұтынушы құқықтарының дұрыс қорғалмауы, барлық саладағы бағаның өсуі. Тұтынушылардың құқықтары қорғалмағаннан кейін азаматтардың билікке сенбеуі күшейеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын Е-тұтынушы деген жобаны бастадық, миллиардтаған қаржы жұмсадық. Бірақ қазір ол жұмыс істеп тұрған жоқ, - деді мәжілісмен.

Мұрат Әбенов заң жүзінде тұтынушылардың 3 деңгейлі құқықтары қорғалуы керек екеніне тоқталды.

Ең алдымен – онлайн платформа. Ол арқылы азамат өз арызын береді. Ол арыз арқылы сауда орталығына өздері жауап беріп, сотқа жеткізбей, оның құқығын қорғау керек. Өкінішке қарай, бұл жүйе орындалмай қалды. Өзім сол жүйге кіріп, екі рет арыз бердім. Бірақ бір де біреуіне жауап алған жоқпын. Өзім министрлікке, комитет төрағасына шықтым, ең соңғы рет 21 маусым күні бердім. Әлі жауап жоқ. Демек мемлекеттік органдар Е-тұтынушы жүйе құрып, жұмысты қамтамасыз етпей отыр. Жыл өткен сайын халықтың арызы артып жатыр. 2020 жылы 21 мың арыз түссе, 2021 жылы 25 мың арыз түскен, ал өткен жылы 30 мың өтініш берілген. Биыл жыл аяқталмаса да, өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп арыз түскен, яғни 45 мың арыз. Сауда да тек қана баға емес, халықтың қорғаны болу керек, - деді ол.

Айта кетейік, Мәжілістің Үкімет сағатында сауда және интеграция министрі Арман Шакқалиев еліміздің сауда саласындағы ахуалы жөнінде айтты.

Миражан Махан
Бөлісу: