Қаңтар оқиғасынан бір жыл уақыт өтсе де, ол кездердің қасіреті әлі де халықтың көз алдында. Елімізде наразылық шаралары 6 өңірде басталып, кейін 8 өңірде жалғасын тапты. Жаппай наразылық салдарынан қалалардағы ғимараттар, техникалар, көліктер мен басқа да заттарға келген зақым көлемі көп болды. Қарапайым тұрғындардың мүлкіне зақым келіп, шығын көлемі артты.
Мемлекет тарапынан шығын көлемі есептеліп, жапа шеккендерге көмек беру мәселесі қарастырылды. Ол үшін мүлкіне зақым келген азаматтар Ішкі істер департаментіне өтініш хат жолдады.
Тараз қаласының тұрғыны Жанболат Төлегеновтің баласына қаңтар қасіреті кезінде оқ тиіп жараланған. Ол ауыр да болса, сол кездегі өз көзімен көрген көріністермен бөлісті.
«Балам Олжас Төлегенов Тараздағы Орталық РОВД-да майор шенінде жұмыс істейтін. 6 қаңтар күні кешке орталық алаңда наразылықты тоқтату үшін жұмысқа менің көлігіммен кеткен. Қасында бірге жұмыс істейтін екі әріптесі болды. Оларға алаңға жете бергенде бүлікшілер оқ жаудыра бастаған, салдарынан полиция қызметкері Рахат Сланбеков қайтыс болды. Ал екінші қызметкер Нұрсұлтан Қизабековке үш жерден, Олжас Төлегеновке бір жерден оқ тиіп жараланады. Түңгі сағат 23:00 шамасында оқ тиіп, ауруханаға жөнелтілгені туралы хабар ала салысымен бірден артынан бардық. Аурухананы бүлікшілер қоршап алып, жан-жақтың барлығын жайпап тастағанын көрдім. Балам үшін уайымдап, ертесіне үйге алып кеттім», - дейді Жанболат Төлегенов.
Майор Олжас Төлегенов аяғынан жараланған соң, екі ай үй демалысында болып емделген. Әкесі мемлекет тарапынан баласына ешқандай медициналық төлемдер жасалмағанын және барлық дәрі-дәрмек пен ем шараларына қаржыны өздерінің қаражатынан төлегендерін айтты:
«Генералдан көмек сұрап, өтініш хат жолдадым. Бірақ, одан ешқандай көмек болмады. Ең арзан деген дәрілердің құны 3000-3500 теңгеден, одан басқасын тіпті айтпай-ақ қояйын», - дейді ол.
Жанболат Төлегеновтің көлігіне 16 жерден оқ тиген. Барлық жері тесіліп, терезесі сынып, балондары жарылған.
«Қаңтар кезінде жапа шеккендерге көмек беріледі дегенді естіген соң, Ішкі істер департаментіне өтініш хат жолдадым. Арнайы сараптама жұмыстары жүргізіліп, үйге сарапшылар келіп көлікті тексеріп кетті. Уақыт тым ұзаққа созылған соң, көлігіме жөңдеу жұмыстарын өзім жасадым. Келтірілген зақым көп болғандықтан 1 миллион теңге көлемінде қаржы жұмсалды. Ал мемлекет тарапынан тамыз айында 657 259 теңге берілді. Оның өзін ұзақ күттіріп берді», - деді Жанболат Төлегенов.
Олжас Төлегенов 2022 жылдың қазан айында Талас ауданына учаскелік инспектор қызметі бойынша ауысып, қызметін сол жерде жалғастырып жатыр.