Қаңтар оқиғасы кезінде халық әділетті қоғамды орнату үшін көтерілді – Еркін Рақышев

23 Желтоқсан 2022, 17:31 2336

Еркін Рақышев «Тағзым» мемориалы туралы өз пікірін білдірді

Алматы қаласында қаңтар оқиғасының құрбандарына арналған мемориал ашылды. «Тағзым» мемориалы рәсіміне мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Бұл туралы белгілі режиссер, сценарист Еркін Рақышев өз пікірін білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Еркін Рақышев қаңтар оқиғасы кезінде халық әділетті қоғамды орнату үшін көтерілді деп еске алды.

«Қаңтар оқиғасы кезінде халық көтеріліске әділетті қоғам орнату, кедейшілік пен қымбатшылыққа наразылығын білдіру мақсатында шықты. Сондықтан жазықсыз кеткендер уақыты келген батыр деген атқа ие болады. Себебі олар жақсы өмір сүрсек деген ниетте болды», – деді ол.

Режиссер болашақта мемориалға жазықсыз кеткен адамдарың есімі жазылуы мүмкін деген пікірімен бөлісті.

«Құрбандарды еске алып, мемориал салу өте дұрыс қабылданған шешім болды деп есептеймін. Онда ұлы тұлғаларымыздың елді елдікке, бірлікке шақыратын ұлағатты сөздері жазылған. Алдағы уақытта енді ол жерге қаңтарда қаза тапқандардың да есімдері жазылады деген ойдамын», – деп айтты сценарист.

Оның айтуынша, қаңтар оқиғасындағы жазықсыздарды еске алу үшін әлі талай жұмыстар жүргізілетін болады.

«Мемориалдың ашылуы қаңтар оқиғасының құрбандарын еске алудың соңғы үлгісі емес деп есептеймін. Уақыт өте келе әлі түрлі ой айтылып, жан-жақтан ұсыныстар келетін болады», – деді ол.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: