Қаңтар оқиғасы еліміздің тарихында естен кетпес оқиға болды

6 Қаңтар 2023, 14:31 3187

Қоғамдағы наразылықтың туындауына 1 жыл өтсе де, сарапшы мен саясаттанушылар арасында оның себептері мен қабылданған шешімдер әлі де талқылауда. Бұл жайында Е.А. Бөкетов атындағы КарУ университетінің саясаттану және әлеуметтану кафедрасының аға оқытушысы да Елдос Жұмағұлов өз пікірін білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

«Қоғамдағы наразылық көңіл күй бір күнде пайда болмайды. Ол күн сайын, ай сайын, жыл сайын жинақталады. Менің ойымша, оның басты себебі - әділетсіздік. Мемлекеттік билікте бір адамның ұзақ мерзімді мен экономикадағы олигархиялық топтардың монополиясы және олармен сыбайласқан үкімет, парақор сот жүйесі. Сонымен қатар көптеген басқа да себептер бар. Осының барлығы қоғамдағы наразылықты қоздыра берді», - деп түсіндірді саясаттанушы.

Оның айтуынша, Президент ауысқанымен, оның жұмыс істеуіне кедергі келтіретін топтардың ымыраласқан әрекеттерін көзі ашық қоғам түсінді. Осы топтар қоғамдық наразылықтың өзін өз пайдаларына шешкісі келіп, соған итермеледі. Газ бағасын қымбаттату арқылы халықтың ашынатынын білді.

Сарапшы Елдос Жұмағұлов бұл жайттың «түрлі-түсті революция» технологиясына сәйкес келетінін айтады. Американдық саясаттанушы Джин Шарп наразылықты пайдаланудың технологиясын жақсы сипаттап жазған.

«Газ бағасын көтеру «инцидент» ретінде таңдалды. Бұл «шырпы» болды. Өкініштісі, қарапайым халықтың құрбан болғаны. Саяси ойынның құрбаны болуы. Билікке келгісі немесе қайта оралғысы келген топтың мақсаты халықтың жағдайын жақсарту емес, толық билікке ие болу еді», - деп айтты саясаттану және әлеуметтану кафедрасының аға оқытушысы.

Қысылтаң кезде әртүрлі шешім қабылданды. Елдос Жұмағұлов пікірінше, кейбір шешімдер ақпараттық вакум жағдайында, кейбір жауапты тұлғалардың қасақана бұрмалауы нәтижесінде қабылданды. Ең негізгі шешім - билікті тастамай, мемлекетті сақтап қалу дұрыс шешім болды.

«Бейбіт митингілерді кейбір топтар жаппай тәртіпсіздікке айналдырғысы келді. Олар кейбір жазықсыз адамдардың көшеге шығуына әсер етті. Кейін сол тұлғалар екіжүзділік танытып, әділеттік туралы пікірлер айтты. Бұл тұлғалар үшін халықтың бір бөлігін өз ойынына тартты. Сол арандап қалған азаматтар тергеуге түскені белгілі. Оларға қатысты жазадан босату бойынша шешім әділетті болды деп ойлаймын», - деп өз ойымен бөлісті Елдос Жұмағұлов.

Спикер ең басты себеп - наразылықтың өзімен емес, оны туындататын себептермен күресу деп санайды. Әділетті саясат, экономика мен әлеуметтік жағдай орын алатын болса, наразылық бәсеңдейді. Оны пайдаланғысы келген күштердің мүмкіндігі азаяды.

«Мемлекеттің дамуы үшін тұрақтылықтың маңызды екенін түсіндік. Ал тұрақтылық негізі: ашық саясат, бәсекелес экономика, әділетті әлеуметтік жағдай. Мемлекеттік билік үшін Конституциямызда жазылған демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекетті шынайы түрде орнату. Басқа жол жоқ», - дейді саясаттанушы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жағдайларды орнату үшін реформаларды қолға алғанын сарапшы еске салып өтті.

«Бір адамның биліктегі саяси монополиясы мен Президенттің билікте болу мерзімі шектелді. Енді ол өз қызметін атқару барысында партия мүшесі бола алмайды. Мықты президенттік республика үшін қажетті шешім деп ойлаймын. Саяси партияларды құру процесі жеңілдетілді. Парламенттің құрылымы өзгеріп, осы жылы заңдар қабылдауда объективті көзқарастағы адамдар сайлана ма деген үміт пайда болды. Жергілікті өзін-өзі басқару кеңейтіліп, аудан әкімдері тікелей халықпен сайланатын болады. Билікті бір орталыққа жинамай, жергілікті деңгеймен бөлісу өз нәтижесін береді. Экономикада заңсыз байығандармен күрес. Біраз ақша қайтарылды. Ал одан да көп бөлігі қайтаруды қажет етеді. Ол қаражаттың әлеуметтік бағытқа жұмсалуы әбден дұрыс», - деп айтты Елдос Жұмағұлов.

Ол үшін жаңа жылдан үміт көп. Істелген аз емес, істелетіні одан да көп деп өз сөзін қорытындылады.

Қали Жансая
Бөлісу: