Қаңтар оқиғасы кезінде Ішкі істер органдары азаматтардың өмірі мен денсаулығын, қоғам мен мемлекеттің мүддесін қорғау мақсатында шараларды жүргізе білді. Ұлттық ұланның полицейлері мен әскери қызметшілері өмірге қауіп тудырмайтын арнайы құралдармен жабдықталды. Оны шабуылдаушылармен қақтығыстар кезінде қоғамдық тәртіпті қалпына келтіру үшін қолданды. Жаппай тәртіпсіздік кезінде қатысушылар ұсталып, полиция бөлімдеріне жеткізілген. Бұл оқиғаны толығырақ анықтау мақсатында El.kz ақпараттық агенттігі Ішкі істер министрлігіне арнайы сұраныс жіберген болатын.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жаппай тәртіпсіздік кезінде күш органдарының 19 қызметкері, оның ішінде ІІМ-нің 8 қызметкері қаза тапқан. 3 037 полиция мен әскери қызметші жарақат алды. Қазіргі таңда олар әлі ем алуын жалғастыруда.
Полиция қаңтар айындағы оқиға бойынша 4106 қылмыстық іске тергеу жұмыстарын жүргізді.
Қылмыстық іс бойынша барлығы 983 адам ұсталған.
«Төтенше жағдай кезінде 12 кәмелет жасына толмаған жасөсіпірім ауыр қылмыс жасаған. Бүгінде олардың барлығы сотталды. Оның үшеуі жаппай тәртіпсіздік орнатып, ұрлық жасап бас бостандығынан айырылса, қалғандарына шектеу шаралары қолданылды», – делінген ІІМ жауабында.
Қазіргі таңда бірқатар қылмыстық іс бойынша түпкілікті тексеріс жүргізу туралы шешім қабылданған. 629 айыпталушы сотқа тартылса, оның ішінде 451 адам сотталып, 122 қылмыскер бас бостандығынан айырылған.
Бірнеше күдікті жәбірленушілерге келтірілген залалды ерікті түрде өтеп шықты. Ал кейбір қылмыстық істер тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылған. Қазірдің өзінде өндірісте 72 қылмыстық іс бар.
«Жалпы ел бойынша қылмыскерлер 2960 бірлік қару мен 63 мыңға жуық оқ-дәріні ұрлап кеткен. Ұрланған қаруларды белсенді түрде іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. 200-ден астам ашрон табылды және жойылды. Қаңтар айында жоғалған 964 бірлік қару мен 56 мың оқ-дәрі тәркіленді. Сондай-ақ 3196 бірлік басқа қару тәркіленген. Олардың көпшілігі қаңтар оқиғасы кезінде дайындалған және қолданылған. Қазір олардың ұрланған, не ұрланбағанын анықтау үшін сараптама жүргізілуде», – делінген ІІМ жолдаған ақпаратта.