Қансырап көмек сұраған қыздың сөзін ойын көрген оператор жауапқа тартылмақ

21 Желтоқсан 2023, 10:30 2002

Ақтөбе қаласында қансырап жатып, көмек сұраған жасөспірімнің сөзін елемеген құтқарушы сот алдында жауап беріп жатыр, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.

КТК телеарнасының хабарлауынша, Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері Абылайхан Бержановқа "жұмысына салғырт қарады" деген айып тағылған. Ол алғашқы сот отырысында неге істі болып жатқанын түсінбейтінін айтты. Оқиға былай болған, тоғыз ай бұрын түн жарымында 112 құтқару қызметіне 13 жастағы София хабарласқан. Байланыс бірнеше рет үзіліп кетіпті. Кейін телефон тұтқасын көтерген кезекшінің көмекшісіне жасөспірім пышақ жарақатын алғанын, анасы мен бауырын қылмыскер өлтіріп кеткенін айтқан, бірақ оған Абылайхан Бержанов сене қоймапты. Тіпті «ойнамай, тыныш отыр» дейді оған.  Қансыраған жасөспірім осы аралықта талып қалған. Есін қайта жиып, тағы да құтқару қызметінен көмек сұрайды. София мекен жайын анық айтып, ауыр жарақат алғанын жеткізеді, тек үшінші қоңырауында ғана Бержанов жедел жәрдем шақыртады. Дәрігерлер он үш жасар қызды өлім аузынан алып қалады. Қыздың анасы мен ағасын пышақтап өлтірген қылмыскер абақтыға қамалғанымен, өз-өзіне қол салған.

Бержановтың немқұрайлылығына қатысты әлі де тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: