Қанша қазақстандыққа соғыс ардагерлерінің есімі берілген

9 Мамыр, 17:41 297

Бүгін Жеңістің 79 жылдығы тойлануда. Ұлттық статистика бюросы танымал соғыс ардагерлерінің есімі қойылған қазақстандықтардың тізімін ұсынды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бауыржан

Қазақстанда Бауыржан есімді 43 540 адам бар. Олардың есімі аңыз командир-панфиловші, Кеңес Одағының батыры, Қазақстанның Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының құрметіне қойылған.

Әлия

Әлия есімді 10 416, ал Алия есімді 56 862 қазақстандық бар. Құралайды көзге атқан мерген, Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың құрметіне қойылған.

Мәншүк

Қазақстанда Мәншүк және Маншук есімді 5979 адам тұрады. Мәншүк Мәметова – пулеметші, Кеңес Одағының батыры атағына ие болған алғашқы қазақ қызы.

Хиуаз

591 адамға Хиуаз есімі қойылған. Хиуаз Доспанова – ІІ дүниежүзілік соғыстың қазақтан шыққан жалғыз әйел-ұшқышы, жауынгер, батыр, Қазақстан Республикасының Халық қаһарманы.

Қасым

5091 адамға Қасым және Касым есімдері берілген. Қасым Қайсенов – 1941-1945 жылдары партизандық қозғалысқа қатысушы, белгілі жазушы.

Талғат

Қазақстанда Талғат және Талгат деген 46 916 адам өмір сүреді. Талғат Бигелдинов – ұшқыш-штурмовик, Кеңес Одағының екі мәрте батыры.

Рақымжан

Ал 8 455 адамға Рақымжан, Рахымжан, Рахимжан есімдері қойылған. 1945 жылғы 30 сәуірде Рахымжан Қошқарбаев өзінің әріптесі Григорий Болатовпен бірге Берлиндегі Рейхстаг қабырғасына бірінші болып ту орнатқан.

Сағадат

Ал Сағадат немесе Сагадат есімді қазақстандықтар саны ­- 3 139. Сағадат Нұрмағамбетов - бірінші қорғаныс министрі, соғыс ардагері, бірінші Халық қаһарманы, армия генералы.

Жеңіс

Елімізде Жеңіс немесе Женис есімді 11 123 адам тұрады. Сонымен қатар Победа есімді 23 адам бар.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: