Қаңғыған иттер мәселесі Президентті де алаңдатады

19 Сәуір 2023, 13:10 2731

Елдегі қаңғыған иттер мәселесі көпшілікті алаңдатып жүр. Бұған дейін Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы Үкіметке сауал жолдаған. Бүгін Президент Тоқаев та осыны айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Мемлекет басшысына еліміздің аймақтарынан бұралқы иттер туралы шағым үнемі түсіп тұрады екен. Ол бұл мәселемен билік өкілдерінің ешқайсысы айналыспай отырғанын жеткізді.

Атқарушы және жергілікті билік тиісті заңға сілтеме жасайды. Бірақ осы жолмен жүрсек, біз жағдайды бақылаудан шығарып алуымыз мүмкін. Әрине, жануарларға мұқият болуымыз керек. Алайда олардың адамдарға, әсіресе балаларға деген қысымына жол берілмейді. Сондай-ақ бұралқы иттердің шабуылынан зардап шеккендердің саны артып келеді, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол бұған жол берілмеу қажеттігін, тездетіп әрекет ету керектігін еске салып өтті. Осының алдында депутат Нартай Аралбайұлы бұралқы иттен қорыққан ағайын көп деген болатын.

Депутат иттердің көзін жояйын десе, бәрі «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңнан қорқады деп айтқан еді.

Аралбайұлы қайғылы жайтқа әкеп соққан біраз мысал келтірген болатын. Соның бірі ретінде Түркістан облысында ит қапқан бала құтыру ауруынан көз жұмғаны айтылды.

Алмас Абылай
Бөлісу: