Қандай адамның жүрегі оң жағында болады?

11 Мамыр 2023, 14:17 4391

Әлемде 10-12 мың адамның біреуінің жүрегі оң жақта орналасады екен. Мамандар бұл ерекшеліктің қалыпты құбылыс екенін айтады.

Мұндай декстрокардиялық статистика елімізде жүргізілмейді. Алайда, 19 миллион адамнан 1900-дің бірінде декстрокардия кездеседі екен. Солардың бірі Тараз қаласының тұрғыны Айдана Маханбет. Жасы 16-да. Ол дүниеге келген кезде ата-анасы ағзасындағы ерекше құбылысты білмеген. Арада бірнеше жыл өткен соң ғана анықталған.

4 жасымда қатты ауырған кезімде ата-анам емхана апарды. Емханада рентген апаратынан тексерілуден өткеннен кейін жүрегімнің оң жақта екенін көрген. Бұндай құбылыс біздің отбасымызда ешкімде болмаған, тіпті әулетімізде кездеспеген жағдай. Медициналық тексерілулерден өтіп тұрамын. Денсаулығымда ешқандай ауырсыну немесе басқа да жағдайлар болған емес, - дейді Айдана.

Қазақстанда өзі секілді жүрегі оң жақтағы адамдар жайлы да естігенін айтады.  

Адамның жүрегі туа бітті оң жақта болуының себебін кардиолог маман Айнұр Жүнісова түсіндіріп берді.

Жүректің оң жақта орналасуын медицинада «декстрокардия» деп атайды. Бұл өте сирек кездесетін туа біткен ақау. Жүктіліктің бірінші триметрінде ана құрсағында жатқан балада жүрегі қалыптаса бастайды, яғни осы кезде жүрек қай жерде орналасатыны белгілі болады (кеуде клеткасының сол жағында немесе оң жағында). Жүктілік кезінде болашақ ананың аурулары мен стрестер, зиянды әдеттерден (шылым шегу, алкоголь мен наркотик қолдану), радиация мен канцерогендер әсері себеп болуы мүмкін, - дейді маман.

Маман жүректің қай тұста орналасуы адамның денсаулығы мен өміріне ешқандай қауіп-қатер төндірмейтінін айтады. Демек, оң жақтағы жүректің сол жақтағы жүректен айырмашылығы жоқ. Себебі жүрек оң жақта орналасқанда жүрекке шығатын және кіретін барлық қан тамырларының «айналы» орналасады.

Сонымен қатар маман жүректің оң жақта орналасуының үш түрлі факторын атап өтті.

Жүректің оң жақта орналасуының 3 түрлері бар: Біріншісі, оқшауланған жүрек инверсиясы. Бұл түрінде тек жүректің оң жаққа “айналы” орналасуы болады, басқа ішкі органдардың анатомиясы өзгермейді. Екіншісі, ішкі органдардың жартылай инверсиясы. Бұл кезде жүрек пен бірнеше ішкі органдардың (бауыр, көкбауыр) оң жаққа орналасуы мүмкін. Үшіншісі, толық ішкі органдардың инверсиясы. Бұл кезде барлық кеуде клетка мен ішкі органдар, жүректің оң жақта орналасуы, - деп түсіндіреді маман.

Айнұр Жүнісованың айтуынша, декстрокардия тұқым қуалауы мүмкін.

Бұндай ерекшелік ер адамдарда  да, әйел адамдарда да бірдей кездесетін құбылыс және одан қорқудың еш себебі жоқ. Дегенмен ол кей адамдарда  жүрек ақаулары және іш қуысындағы органдардың бұзылуы сияқты күрделі асқынулармен қатар жүреді. Декстрокардиямен ауыратын адам егер ішкі қуысындағы органында қандай да бір ауырсыну белгісін байқаса міндетті түрде дәрігердің көмегіне жүгінгені дұрыс.

Елімізде мұндай белгімен туылғандардың саны халықтың бір пайызына да жетпейді. Сондықтан бұл аурудың нақты емі немесе белгілері туралы ақпарат кең қамтылмаған. Тіпті, ерекше құбылысты ғалымдар әлі күнге дейін зерттеп келеді.

Миражан Махан
Бөлісу: