Қандастарды қабылдау механизмі қайта қаралады

5 Желтоқсан 2022, 15:25 1178

Жаңа көші-қон саясаты 4 міндетті шешуді көздейді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Парламент Мәжілісінде өткен үкімет сағатында депутаттарға Әлеуметтік кодекстің жобасын таныстырды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Бесінші новелла – бұл жаңа көші-қон саясаты. Оның мақсаты – Қазақстан экономикасын сұранысқа ие және білікті кадрлармен қамтамасыз ету. Жаңа көші-қон саясаты 4 міндетті шешуді көздейді: сұранысқа ие кадрларды тарту; инвестиция тарту; шетелде тұратын этникалық қазақстардың әлеуетін пайдалану; шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың еңбек құқықтарын қорғау», - деді Тамара Дүйсенова.

Бірінші міндет аясында экономика салалары үшін сұранысқа ие технологиялар бойынша үздік оқытушыларды, үздік ғалымдарды, тапшы кәсіптер бойынша мамандарды тарту мақсатында  жеңілдетілген визалар мен 10 жылға тұру құқығы беріледі.

Министрдің айтуынша, екінші міндетті шешу үшін 300 мың АҚШ долларден кем емес инвестиция салуды көздеген шетел кәсіпкерлері үшін «Инвесторлық визаны» ұсынады.

«Үшінші міндетте көрсетілген тапсырмаларды шешу үшін «Атамекен» картасы енгізіледі, ол жоғары деңгейдегі кәсіпқой немесе өздері тұратын елдерде табысты бизнес-кейстерді іске асырған және оларды Қазақстанда іске асыруды қалайтын этникалық қазақтарға беріледі. Ол азаматтар мерзімі 10 жылға дейін созылатын жеңілдетілген виза рәсімдеп, Қазақстанда тұрып өз кәсібін жүргізуге мүмкіндік алады», - деп түсіндірді ол.

Қандастарды қабылдау тетігі де қайта қаралатынын министр атап өтті. Қандастарды қоныстандыру саясатын елдің демографиялық және экономикалық үрдістерін ескере отырып, оларды құжаттарды қабылдаудың бастапқы кезеңінде қоныстандыру өңірлеріне көшіп-қонуды қосымша ынталандыра отырып түбегейлі реформалау ұсынылды.

Шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың еңбек құқықтарын қорғау үшін азаматтарымыз ең көп жұмыс істейтін елдерде қазақстандық еңбек мигранттарының құқықтарына кепілдік беретін мемлекетаралық келісімдер пакетін қабылдау қарастырылды.

 

EL.KZ
Бөлісу: