Қандастар қазақ тілінен олимпиадаға қатысып жатыр

20 Маусым, 05:31 528

19-23 маусым аралығында Ақтау қаласында қазақ диаспорасының балаларына арналған «Қазақстан – ата жұртым, қасиетім – ана тілім» атты XXI Халықаралық қазақ тілі мен әдебиеті олимпиадасы өтіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, оған Түрікменстан, Өзбекстан, Ресей, Иран және Қытайдан 50-ге жуық оқушы қатысуда.

Мұндағы мақсат - қазақ диаспорасы балаларының ана тіліне, әдебиетіне, тарихына қызығушылықтарын ынталандыру және дарынды жас лингвистер мен әдебиетшілерді анықтау.

Олимпиада 3 тур бойынша өтеді: эссе жазу, «Тарихи таным» зерттеу жұмыстарын қорғау, «Өз ұлтымды сүйемін» тақырыбында шығармашылық таныстырылым жасау, - делінген мәліметте.

Ережеге сәйкес, қатысушы елдердің әрбір командасы 14-18 жас аралығындағы 8 оқушыдан және 2 жетекшіден тұруы тиіс.

Айта кетсек, жеңімпаздар мен жүлдегерлер ҚР Оқу-ағарту министрлігінің I, II және III дәрежелі дипломдарымен, сондай-ақ алтын, күміс және қола медальдармен марапатталады. Ерекше жетістікке қол жеткізген қатысушыларға «Дарын» РҒПО-ның грамоталары мен бағалы сыйлықтары беріледі, ал ең үздіктерге ҚР беделді ЖОО-ның ректорлық білім гранттары табысталатын болады.

Перизат Саденова
Бөлісу: