Қандастар мәселесімен жүйелі айналысатын мекеме керек

8 Тамыз 2023, 15:25 1251

Еліміз егемендігін алған жылдары Қазақстандағы өзге ұлт өкілдері жаппай өз елдеріне көше бастады. Елдің зауыт, фабрикаларында, ауылшаруашылық саласында жұмыс күші жетіспей қалған кезде сол кездегі Үкімет басының орынбасары Қаратай Тұрысов пен ауылшаруашылық министрі Балташ Тұрсынбаев Монғолия қазақтарына жұмыс күшін тарту туралы шешім қабылдайды.

Осы шешімге сәйкес Монғол Үкіметінің келісімімен қазақтар жаппай Талдықорған облысындағы ауылдарға қоныстана бастады. Елдің ахуалы күннен күнге нашарлап, экономикасы тоқыраудың алдында тұрған елге шеттегі қазақтардың, ағайын, бауырлардың жаппай қоныстануы жаңа серпін берді десек артық айтқандық емес.

Сол көшпен бірге мыңдаған ауылшаруашылық, техника және технология, энергетика, медицина, ғылым мен білім саласының мамандары да келді. «Өзгенің елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген қағидатты қатаң ұстанған қазақ ағайындар елмен қатар қоңыр күн кешіп, еліміздің аяғынан нық тұруына аянбай еңбек етті.

Кейіннен Қазақстан Үкіметі «Басқа рес­пуб­ли­калардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қа­зақ­станда қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» арнайы 711-ші қаулы қа­былдады. Оралман деген статус беріп, Дүниежүзі қазақтар қауымдастығын құрды. Әлемнің түкпір-түкіпірнде шашырап кеткен 5 миллионнан астам қазақтың басын қосу үшін ұран тастады. Еларалық комиссиялар нәтижелі жұмыс жасап Моңғолия, Қытай, Ауған, Өзбекстан, Түркіменстан, Ресей мен Тәжістаннан қазақтардың көші ағылып келіп жатты.

Тәуел­сіздіктің 30 жы­лын­­да Қазақ­станға сырттан 1 084 692 қандас-қазақ көшіп ке­ліп­­ті. Бұлардың ішінде ең көбі Өз­бекстаннан келген қандастар саны – 542 658 адамды құраса, келесі орынға Қытай Халық Рес­пуб­­ликасынан көшіп келген 355 501 қандасымыз ие болып отыр, одан кейін Түрікмен то­пы­рағынан қоныс аударған 74 706 қан­дасымыз үздік үштікті түйіндепті.

Бұлардың сыртында Моңғолиядан 55 937 адам, Ресейден 16 816 адам, Ауған­станнан 13 330 адам, Иран­нан 8 645 адам, Қырғыз Республикасынан 7 372 адам, басқа елдерден 9637 адам тәуел­сіз­дік жылдары ата­жұр­тына оралған екен. Нақтырақ айтсақ, шеттен оралған қан­дастар еліміздегі қазақ ұлтының 12%-ын құрайды. Қазіргі таңда екінші ұрпақ өсіп жетіліп, білім алып еліміздің барлық салаларында өздерін көрсетіп, елінің, ұлтының атын шығаруда.

Дегенмен қандастарды құжаттандыру, оларды қоғамға бейімдеу және тіл мәселесі әлі түйткілді күйде қалып отыр.

Біздің елімізде әлі күнге мемлекеттік органдардың орыс тілінде құжат әзірлейтіні, көшеде орысша сөйлеп кететінін өтірік емес. Өзгенің елінде жүріп қазақтың қоңыр тілін, дәстүр, салтын сақтап келген қазақтар, өз еліне келгенде өгейсініп, өзгенің тілінде шүлдіреуге мәжбүр болып отырғандығы ақиқат.

Бір елден бір елге көшу тұрмақ, бір ауылдан ауылға көшудің өзі қаншалықты қиямет екені аян. Сонау тарихтың ақтандақ жылдарында Алтай асып, Гималайдан өтіп, Үнді мен Пәкістанға жеткен қазақ «Елім-айлап» кеткен еді.

Орыс империясының қысымына шыдамаған қазақтардың жартысына жуығы аштан, атыстан, аурудан көз жұмып, қалған азын аулақ топпен жеткен сол бір қиын замандар артта қалып, еліміз тәуелсіздігін алғанда «Менің Қазақстанымдап» артқа қайтқан бақытты ұрпақтың бірі менмін. Мен сияқты милиион қазақ ата бабамыз аңсап кеткен атажұртқа табан тіреп, еркін өмір сүріп келеді.

«Көш келеді! Ағайын, көш келеді! Қарсы алдынан шық енді өскен елі,
Бауырлармен қауышу оңай ма екен?! –Екі көзден еріксіз жас келеді», деп ақын ағамыз Исраил Сапарбай жырлағандай, тәуелсіздік тарихындағы б­аға жетпес байлықтарымыздың бірі – қазақ көші, яғни Алаш баласы азаттық алған тұста, алыс-жақын шетелде өмір сүріп жат­қан қандастардың атажұртқа оралуы 2015 жылдан бастап баяулай бастады.

Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше жыл басынан бері Қазақстанға 13569 қандас оралған.

Оның 8547-сі еңбекке жарамды. Сонымен қатар 1 шілдеден бастап Қазақстанның консулдық қызметтері қандастарымыздың өтініштерін «Бір терезе» қағидаты бойынша қабылдауды бастаған. Қандастарды елге қоныстандырудың жаңа алгоритмі жасалып, 4 санат бойынша жүргізілетін боолады.

Қандастар Үкімет айқындаған өңірлерге жолдама алған қандастарымызға ғана беріледі деген. Естеріңізде болса Үкімет қандастарды көбінесе солтүстік және орталық Қазақстан аумағына орналастыруды көздеп отыр. Саяси тұрғыдан алғанда бұл да дұрыс шығар.

Алайда, ауа райының қолайсыздығы, жұмыссыздық, қымбатшылық жайлап кеткен бұл өңірлерде қандастарымыз қаншалықты шыдар екен? Демек, «Шыдасаң шыда, шыдамасаң кет» деген позицияны ұстанған сияқты. Қазіргі таңда миграциялық саясат әлем елдерінің басты геосаяси құралдарының бірі. Миллиондаған халық заңды, заңсыз жолдармен, теңізбен де, жермен де АҚШ, Германия т.б елдерге ағылып көшіп жатыр.

Іргедегі көршіміз Ресейде этникалық орыс ұлтының азаматтарын еліне шақырып, азаматтық алу т.б проблемаларын тез шешуді ойластыра бастаған уақытта біздің құзыретті органдарғы лауазымды тұлғалардың қандастар көшіне қасақана қиындықтар туғызып отыруының себебі неде ?

Көшіп келген қандастар арасында қазақтың атын әлемге танытқан Майра Мұхамедқызы, Қанат Ислам сынды жүздеген өнер мен спорт майталмандары шықты.

Қазіргі таңда қандастар журналистика, медицина, білім, ғылым, саясат сынды салаларда жемісті еңбек етіп келеді.

Әркім өз қолынан келгенше еңбек етіп, ел дамуына үлесін қосып келеді. Ұлаңғайыр даланы сақтап қалу үшін қазақтың саны қалайда көбею керек. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, доцент А.И. Құдайбергенова «Шетелдегі қазақтар. Этникалық қазақтардың қайта оралуы» тақырыбын зерттеудің ерекшеліктері атты еңбегінде қазақ көшіні тарихы жөнінде былай деп баяндайды: «Шетелде қазақ қауымының қалыптасуы тарихы ХІХ ғасырдан бастау алады. 1864 ж. 7 қазанда Шәуешекте Қытай мен Ресей үкімет өкілдері қол қойған «Қытай-Ресей батыс солтүстік шекараны белгілеу келісімі» Қытай мен Ресейдің мемлекеттік шекарасының негізін белгіледі. 10 тараудан тұратын келісімнің 5 тарауында шекара өңіріндегі ежелгі қазақтардың қай мемлекетке қатысты болатындығы белгіленді: «… екі мемлекеттің осы белгілеген шекарасы маңындағы өңірлерде отырған малшылар таласпау үшін, олар осы келісім құжаттар бір-біріне тапсырылған (күшке енген күннен) күннен бастап, олар бұрыннан бері қай жерде мал бағып отырған болса, және де сол жерлерінде малдарын бағып отыра берулері керек.

Олар сол ежелгі қоныстарында орнығып отырып, бұрынғы шаруашылықтарымен шұғылдана берулері үшін, жер қайсы мемлекетке бөлінсе онда отырған адамдар сол жермен бірге сол мемлекеттің басқаруында болады» [1, 99-б.], – деп көрсетілген. Қазақ жерінің Қытайға караған өңірінде отырған қазақтар Қытай Чин патшалығына тәуелді болды да, жері патшалық Ресейдің қарамағында қалған бөлігіндегі отырған қазақтар Ресей мемлекетіне жерлерімен бірге бағынатын  болды.

Осылайша, Қытайда  қазақ қауымынын қалыптасқандығы аталған келісім арқылы заңдастырылды. Екі елдің билігіне бөлінген біртұтас халық шекаралық асу-соқпақтар арқылы бір-біріне көші-қонын үзген жоқ.

Екі империяның шекараларын нақтылауы кезінде басталған шетелдік қазақ қауымының қалыптасу тарихы біздің зерттеуіміздегі назар аударатын мәселенің бірі болып табылады. ХХ ғасырдағы саяси жағдайлар қазақтарды тарих соқпақтарымен тағы да әуре-сарсаңға салды.

1916 ж. Ұлт азаттық көтерілісті жазалау шараларынан қашқан қазақтардың көші-қоны кеңестік дәуірде өршіген қазақтардың сыртқа көші-қонының бастамасы болды. 1917-1918 жж. Түркістан Республикасындағы, 1921-1922 жж., 1929-1933 жж. 

Қазақстандағы  ашаршылықтар және т.б. саяси-экономикалық және демографиялық катаклизмдер нәтижесінде қазақтар жан сауғалап көрші елдер мен республикаларға кетуге мәжбүр болды.

Олар шетелдерге өту кезінде қырғынға ұшырап, орныға алмай, басқа елге асып, қалыптаса бастаған қазақтардың қатарына қосылып қазіргі шетелдегі қазақ қауымының негізін қалады», - дейді.

Міне, нағыз тарихи шындық осы. Бұған дейін қаншама дүдәмал, ақылға сыймайтын «қашқындар», «босқындар» сынды ел ішінде тарап жүрген әңгімеге ғалым А.Құдайбергенов нақты жауап беріп отыр.

Елдің экономикасы тұрақталып, инфляция мен дағдарыстан есін жия бастаған кезде қазақ көшін қайта жаңғырту керек. Миграциялық жаңару нәтижесінде қазақтың саны көбейіп, ұлттық болмысы нығайып, қазақтың тілі өркендейді. Дегенмен қазіргі таңда қандастар мәселесімен жүйелі айналысып отырған нақты бір мемлекеттік мекеме жоқ.

Әркім көрпесін өзіне қарай тартады. Мысалға алсақ, кезінде Дүниежүзі қазақтар қауымдастығын қаржыландыру үшін құрылған «Отандастар» қоры Сыртқы істер министрлігінің қарамағына өтіп, ел аралап, конференция, тұсаукесер, кіші құрылтайлар өткізіп кетсе, Дүниежүзілік қазақтар қауымдасатығы тура сондай жұмыстарды атқарып жүр.

«Бас басына би болған өңкей қиқым» деп Абай атамыз жырлағандай елдің есін шығарып «мәдени байланыс» орнатып жүрген мұндай қоғамдық ұйымдардан гөрі, көшіп келген қандасты елге бейімделуіне, тіл үйренуіне, оқуына, жұмысқа тұруына, бизнеске үйренуіне, мемлекеттік бағдарламаларды насихаттайтын орталық керек. Қазіргі таңда қандастар мәселесімен Ішкі істер министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Сыртқы істер министрлігі, «Отандастар» қоры, «Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы» сынды түрлі мекемелер айналысып кетті. Бұдан шығар нәтиже болар ма екен?

Одан да осы функциялардың барлығын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қарамағына беріп, «Қандастарды қолдау және құжаттандыру, бейімдеу орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесін құрған баяғыда тиімді сияқты.

Ал шетел қазақтарымен мәдени, әдеби байланыс ешқашан үзілген емес. Онымен айналысатын елімізде Мәдениет және спорт министрлігі бар.

Жүйелі жұмыс, өзара келісіммен жасалса ғана нәтиже болар сөзсіз. Барын тастап, бала-шағасын алып, атамекенім деп аңсап жеткен қазақты кеудеден итеріп, жан-жаққа тартқылап шырылдатпай, көші қон саласындлағы мемлекеттік саясатты бір жүйеге келтірсе деген үмітімз бар.

Асылбек Байжұмаұлы
Бөлісу: