Қанат Шарлапаев көмір қорын дайындап үлгермеген 6 өңірді атады

20 Тамыз, 11:52 441

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев жылыту маусымына 6 өңірдің дайындығы төмен екенін мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Министрдің айтуынша, алдағы жылыту маусымына көмірге қажеттілік – 8,6 млн тонна. Оның ішінде 2,3 млн тонна коммуналдық тұрмыстық қажеттілікке, 6,3 млн тонна көмір халыққа керек.

Мониторинг барысында 6 өңірде: Абай, Қызылорда, Қарағанды, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстары және Астана қаласында көмір дайындау жұмыстары төмен екені анықталды. «Қазақстан темір жолы» АҚ және көмір өндіруші кәсіпорындар жоспарға сәйкес өңірлерге көмірдің қажет көлемін жеткізуге дайын. Аталған өңірлер жұмысты жандандыруы қажет, – деді министр.

Үкімет отырысы барысында 10 мыңнан астам автономды қазандық жылыту кезеңіне дайын екені белгілі болды.

Республика бойынша алдағы жылыту маусымына шамамен 12 мың автономды қазандықты дайындау қажет, жұмыстың 81%-ы орындалды, 10 мыңнан астам автономды қазандық дайындалды. Қазандықтарды дайындау бойынша артта қалу көрсеткіші Астана қаласы бойынша байқалады, жұмыс тамыз айының соңына дейін аяқталады. Автономды қазандықтар бойынша 1,3 млн тоннадан астам көмір, 9,3 мың тонна мазут және 54 мың тонна дизель отынын дайындау қажет. Қазіргі уақытта 50% көмір, 98% мазут және шамамен 50% дизель отыны дайындалды, - деді өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев.
Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: