Премьер-министрі орынбасары Қанат Бозымбаев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Алтай ауданындағы су басу қаупі жоғары учаскелерді аралап, су тасқынына қарсы шаралармен және облыс орталығындағы су тасқыны жағдайын мониторингтеудің ақпараттық жүйесімен танысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Әкімдіктің мәліметінше, Қанат Бозымбаев су тасқыны қаупі бар учаскелерге визуалды шолу жасап, Алтай қаласындағы су айдау стансасының жұмысымен танысты. Бұл станса Вторушка өзенінен суды су бұру арнасына айдап, бірнеше көшенің су астында қалуына жол бермеу мақсатында жұмыс істейді. Су айдау үшін құбыр желісі тартылған. Сонымен қатар Үкімет басшысының орынбасары Вторушка өзеніндегі шандораны, гидробекетті, Зубовск кенті маңындағы Бұқтырма өзеніндегі бөгетті және Малеевск ауылының жанындағы Бұқтырма өзенінің арнасын аралап көрді. Зубовскідегі бөгетте ұзындығы 600 метр болатын жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілген.
Премьер-министрдің орынбасары атап өткендей, барған барлық нысандардағы су тасқынына және гидрологиялық жағдайға бақылау жүргізілуде және жағдай тұрақты.
Жалпы, Шығыс Қазақстан облысында 2 қала мен 11 ауданда 72 су тасқыны қаупі бар елдімекен анықталған. Жүргізілген су тасқынына қарсы шаралардың арқасында 15 елдімекенде тасқын болу қауіп толық жойылды, 49-ында қауіп барынша азайтылды. Қазір 132 су шаруашылығы нысаны қалыпты режимде жұмыс істеуде. 8 елді мекен әлі де тәуекел аймағында, бұл жерлерде тәулік бойы бақылау ұйымдастырылған.
Барлық гидротехникалық құрылыстар қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Қажетті техника мен жеке құрам толығымен дайын.