Қанат Бозымбаев Қарағандыдағы су тасқыны жағдайын тексеріп, тұрғындармен кездесті

2 Сәуір, 00:09 684

Вице-премьер – Су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру және қарғын су жүру кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штаб басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев Қарағанды облысындағы су тасқыны жағдайын тексерді. Сонымен қатар ондағы зардап шеккен тұрғындармен кездесті, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.

Премьер-министр орынбасары Қанат Бозымбаев пен Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов  Қарағанды ​​облысындағы өзен алаптарын әуеден бақылап, өңірдегі ахуалмен танысты. Жағдай күрделі деп бағалануда. Өңірде су тасқынының екінші толқыны болжанып отыр.

Нұра, Осакаров аудандары аумақтарының 40%-ында және Ақтоғай ауданының солтүстік бөлігінде қар ерімеген.

(Фото: primeminister.kz)

Төтенше жағдайлардың алдын алу үшін су тасқыны қаупі бар аудандарға азаматтық қорғау қызметінің қосымша күштері мен құралдары тартылды. Барлық қажетті жұмыстар жүргізілуде. Дамбылар нығайтылып, жергілікті атқарушы органдар мен қызметтер техникамен қамтамасыз етілді.

Қанат Бозымбаев төтенше жағдай режимі жарияланған Шет ауданындағы жағдаймен танысты. Төрт ауылда – Қайрақты, Ақсу, Красная Поляна, Деріпсалда 40 үйге су кірген. 292 адам құтқарылды, олардың 114-і бала. Қазіргі уақытта жағдай біршама тұрақталып келеді, кейбір тұрғындар үйіне қайтып келіп жатыр.

Вице-премьерге су тасқынының ауыр салдарының алдын алу үшін қабылданған шаралар туралы баяндалды. ТЖД мәліметінше, ең қиын кезең 29-30 наурызда болған. Қазір су қоймасы күшейтілген режимде жұмыс істеп тұр.

Нұра мен Шерубай-Нұраның бас жағында қардың тез еруі басылды. Қар беті қалың емес. Нұра өзеніне қосылып жатқан артық су байқалмайды. Қарқаралы және Бұқар Жырау аудандары аумақтарында су тасқынының шарықтау шегі өтіп кетті десе де болады, — деп баяндады облыстық ТЖД бастығы Мұрат Қатпанов.

Штаб басшысының орынбасары Шет ауданы ауылдарының зардап шеккен тұрғындарымен кездесу барысында су тасқынынан келген барлық шығынды комиссия бағалап, толық өтелетінін атап өтті.

Мемлекет басшысы су тасқыны зардаптарын барынша азайтуды және бірінші кезекте, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды. Комиссия барлық үйді тексереді. Көмек көрсетіледі, мүлік қалпына келтіріліп, өтеледі. Егер үйлер жарамсыз деп танылса, жаңасы салынады немесе екінші нарықтан басқа баспана сатып алынады, — деп түсіндірді Қанат Бозымбаев ауыл тұрғындарына.

Қазіргі таңда Нұра өзенінің алаптары - штабың басты назарында. Облыс әкімдігі елдімекендерді су басу қаупінің алдын алу мақсатында превентивті шаралар қабылдап жатыр. Өз кезегінде Үкімет тарапынан барлық қажетті көмек көрсетіледі.

Ақмола облысы мен Астана қласы әкімдеріне Аршалы және Целиноград аудандарында су тасқынына қарсы күштер мен құралдар дайындау бойынша тапсырмалар берілді.

Перизат Саденова
Бөлісу: