Қабанбайдың пышағы, Бөгенбайдың дулығасы, Жанқожаның селебесі. Астанада ерекше көрме ашылды

28 Сәуір 2023, 21:00 2152

Астанадағы Ұлттық музейінде тарих ғылымдарының кандидаты, зерттеуші-этнограф, суретші Қалиолла Ахметжанның «Қазақ батырларының қару-жарағы» атты көрмесі ашылды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Қазақ тарихы үшін алар маңызы аса зор салтанатты шараға жиналған көрерменнің қарасы қалың болды. Оның ішінде елордалық тұрғындардан бөлек еліміздің шар тарабынан ат терлетіп келген өнерсүйер қауым мен шетелдік қонақтар да бар.

Бұл көрме – жастайынан сурет өнеріне әуестеніп, эпостық жырлардағы батырлардың ерлігіне ғана емес қару-жарағынада көңіл аударған таланытты тұлғаның 40 жылдан  астам уақыт төккен терінің тәтті жемісі.

Осы нәтижеге жету үшін қазақ фольклорын түгел қотарып шықтым. Көшпелі халықтар мен Шығыстың бейнелеу өнерін, қандай тарихи дерек көздері бар бәрін ақтардым. Бұл көрмеде тек қазақ хандығы дәуіріндегі қару-жарақтар ғана алынған. Сақ, ғұн, түрік заманын түгел қамту үшін тағы бірнеше мұражай керек. Өзіміздің қазақтарға, әсіресе жастарға ата-бабасының кім болғанын, қандай өркениет жасағанын көрсетейін деген ниетпен қолға алдым. Қазіргі саяси жағдайда бабаларымыздың батырлық рухын дәріптеудің маңызы өте зор. Сырттан жерімізге көз алартып отырғандар аз емес. Қазақта ештеңе болмаған деген түсінікті бұзып, бабаларымыздың қандай ұлы халық болғанын көрсету – тарихынан айырылып, тамыры үзіліп қалған жас буынға ой салар деп санаймын. Осының бәрін қазір істемесек ертең кеш болады. Келесі ұрпақ мәңгүрт болып кетеді. Елді қорғайтын намысты, батыр, рухты ұрпақ өсіп шығуы керек, - дейді суретші Ахметжан Саматұлы.  

Көрме сізді бірден бағзы заманның құшағына, ерлікке толы қазақ хандығы дәуіріне бастап кетеді. Ахметжан Қалиолла осы тақырыпты дендеп зерттеп 120-дан астам ғылыми мақала мен 6 монографияның авторы атанған. Қабырғалы толы мұздай қару құрсанған суреттер сол еңбектерге арнап салынған.

Қалиолла Ахметжан қазақтың дәстүрлі қару-жарақтарын жаңғыртып, қайтадан қалпына келтіруді өмірлік мақсат тұтқан жан. Археологиялық қазба жұмыстарда табылған жәдігерлерді, ғылыми еңбектерді, Қабанбай батырдың шарайнасы мен пышағы, Бөгенбай батырдың дулығасы, Арыстан сұлтанның қалқаны, Жанқожа батырдың селебесі және т.б. тарихи бұйымдарының түпнұсқасын сақтай отырып қазақтың дәстүрлі қару-жарағына жан бітіреді. Зәудеғалам XVIII ғасырдың батыры жарқ етіп көрінсе үстінен осы көрмедегі қару-жарақты көреріңіз даусыз. Бұнда ешқандай артық қиял, жорта тұжырым жоқ, тек тарихи дәлдік, нақты дәлел ғана бар.

Көрмеден қазақ жауынгерінің басына құрама дулыға киіп, бадана көзді кіреуке сауытпен құрсанып тұрған бейнесін көргеніңізде тамырыңызда асау қан тулап аққандай ғажайып күйге кенелесіз. Сонымен қатар айбалта, қалқан, семсер, қанжар, селебе, бос мойын шоқпар, жыда дейтін көптеген қару түрлерімен таныса аласыз. Бір ғана садақтың қозыжауырын, сауытбұзар, доғал оқ, т.б. көптеген түрімен бірге адырнаны кере тартқанда қолға киетін сақинаға дейін өткен дәуірден сыр шертеді.

Зере сауыт киіп, күміс қынды қылыш таққан Бопай ханшайымның бейнесі көрерменді сүйсінтті. Бопай – шашын төбесіне түйіп, ерлерше жасақтанып жауға аттанған қазақтың батыр қыздарының символы.

Қазақ аламаны үшін найзаның алар орны ерекше. «Алты құлаш ақ найза, ұсынып шаншар күн қайда?!» деп жыраулар текке айтпаса керек. Бір ғана найзаның тулы найза, жалаулы найза, сүңгі, қоңыраулы найза, үкілі найза, байрақты найза атты түрлерін осы көрмеден көре аласыз.

Көрменің және бір әрін келтіріп, салмағын ауырлатқан – Қалиолла Ахметжанның майлы бояу суреттері. Суретшінің шеберлігі мен әр түрлі идеясын пәш ететін туындыларға да көрермен көбірек назар аударып, рухани нәр алып жатты.

Бүгін – қазақ руханиятының және бір тоғанағы толған күн. Біздің есімізде күллі қазақ хандығы дәуірі тіріліп келгендей әсерімен қалды. Құрметті оқырман, сіз де жолыңыз түссе Ұлттық музейге келіп осы көрмені тамашалаңыз. Онда сізді бабаларымыздың ерлікке толы тарихы мен бойыңызға рух сыйлайтын мұғжизасы күтіп тұр!

Ғылымнұр Кәдірбай
Бөлісу: