Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай: Астанада ерекше үшем дүниеге келді

24 Қазан, 21:28 464

Астанада 200 миллион жүктілікте бір кездесетін үшем дүниеге келді. Сәбидің үшеуі де - ұл. Оларға Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай есімдері берілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Астана қаласының нөмірі екінші көпбейінді қалалық ауруханасында дүние есігін ашқан сәбилердің бірінің салмағы - 1 350 грамм болса, екіншісі - 1 370 грамм, үшіншісінің салмағы - 1 270 грамм.

Осындай қуанышты естіп, төбесі көкке жетіп отырған сәбилердің атасы Жамбыл Иманалиевтің айтуынша, дәрігерлер бастапқыда егіз дүниеге келетінін жеткізген.

"Келіннің отбасында егіз бар, бізде жоқ. Бірінші УДЗ-ге түсірген кезде бізге егіз деп айтқан болатын. Бұл жаңалықты естіп қуанып жүр едік, бір аптадан кейін ұлым қуанышты жаңалығым бар деп қайта хабарласты, сөйтсек егіз емес, үшем екен. Үшеуі де ұл екен деп тағы қуантты. Содан кейін ешкімге тіс жармай, дұға-тілегімізді тілеп, аман-есен дүниеге келуін сұрадық. Ал енді бәрі үшемге таңғалып жатыр. Бұл жас жұбайлардың алғашқы сәбилері", - деді ол.

Оған қоса бұл жүктілік ерекше көрінеді, Жамбыл Иманалиевтің сөзінше, бұған тіпті дәрігерлер таңданыпты.

Дәрігерлердің мәліметінше, бұл монохорионды триамниотикалық үшем, ол 200 миллион жүктілікте бір рет кездеседі. Яғни үш ұрық бір ұрықжолдаста дамиды және бір генді бөліседі, олардың ДНК жасушалары 99 пайыз ұқсас. Монохорионды үшемдердің табиғатта кездесуі барлық клиникалық жүктіліктің 0,004 пайызынан аз.

Зарина Арман
Бөлісу: