Юлия Путинцева Париждегі Олимпиада ойындарына қатыса алмайтын болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы еліміздің теннис федерациясының баспасөз қызметі мәлімдеді. Путинцева Парижге ұшып келіп, ойындарға белсенді дайындалған. Алайда украиналық Марта Костюкпен бастапқы ойын алдындағы дайындық кезінде қазақстандық теннисші тізесінің қатты ауырғанын сезінгендіктен қысқа медициналық тексеруден кейін матчтан бас тарту туралы шешім қабылданды.
Еске салсақ, Уимблдонда әлемнің бірінші ракеткасы Ига Швентекті жеңгеннен кейін Юлия тізесінің ауырғанына шағымданған болатын. Соған қарамастан, ол Олимпиадаға мақсатты түрде дайындалып, барлық қалыпқа келу шараларынан өтті.
Париж Олимпиадасы біз үшін нағыз сынақпен басталды. Бұрнағы күні Елена Рыбакина денсаулығына байланысты жарыстан шет қалды, бүгін біздің командада жарақатына орай Юлия Путинцева қатардан шықты. Біз оларға үлкен үміт артқан едік, өте қапалымыз. Елена мен Юлия да Олимпиадада ойнау мүмкіндігінен айырылғанына өкінеді. Біз жанкүйерлерді осындай күрделі кезеңде барлық ойыншыларымызды қолдауға шақырамыз. Қиындықтарға қарамастан, біз алға шығып, еліміздің жалауы астында жаңа жеңістерге ұмтылатын боламыз, деді Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараев.