Путиннің ресми сапары Қазақстанға не береді? Сарапшылар талдау жасады

11 Қараша 2023, 14:33 5475

9 қараша күні елімізге Ресей президенті Владимир Путин ресми іс-сапармен келіп кетті. Солтүстік көршіміздің президентін Қасым-Жомарт Тоқаев өзі күтіп алды. Ақордада жиын өтті, Қостанайдағы Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумына бейнебайланыс арқылы қатысты. Осы ретте El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі "Екі мемлекет арасындағы ынтымақтастық бізге не береді?" деген сұраққа жауап іздеп көрді.

Саясаттанушы Мақсат Жақау Путиннің Қазақстанға келуі бірінші кезекте санкцияның астында отырған мемлекет үшін бұл батыл қадам деп есептейді. Екіншіден көрші аймақтармен достық қарым-қатынаста болып отырған соң өзара экономикалық, мәдени-гуманитарлық, энергетикалық бағытта келісімдер жасап, оны тереңдете білуде әлем бойынша ешкімге шектеу қойылмаған. Сол себепті Қазақстан дербес мемлекет ретінде арнайы кәсіпкерлердің форумын  ұйымдастыру арқылы Ресей президентін ресми сапармен шақыртқанын айтты.

Бұл сапардың арасында көптеген мәселелер шешілді. Екі елге ұтымды тиімді жобалар қолға алынды. Осы уақытқа дейін Ресей мен Қазақстан арасында экономикалық қарым-қатынас жағынан да ауқымды шешімдер орын алған болатын. Былтырғы жылдың өзінде 28 миллиард доллардың айналасында екіжақты тауар айналымы болды. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 6,5 пайызға өскен. Ал биыл 18 миллиардқа импорт жасалса, 9,7 миллардқа экспорт тауарлар белгіленген. Мұның барлығы екіжақты экономикалық сауда–саттықтың дамып жатқанын көрсетеді, – дейді саясаттанушы.

Сондай-ақ ол бұл келісім мен форумның аясында көптеген тәжірибе алмасу мен алдағы перспективалық жобалардың қолға алынғандығын атап өтті.

Ресей тарапы үш аймақта су электр станциясын салу арқылы энергия көздерін және энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге толық мүмкіндік бермек. Мәселен Франция президенті Макронның келуімен де жел электр станциясын салу туралы келісім бекітілді. Дәл осындай ЖЭС арқылы жылуды және энергия көздерін беретін станция салып беруге Ресей тарапымен уағдаластық. Энергетикалық бағыттағы үлкен шаруалардың бірі. Бір жағынан бұл әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешетін бағыт. Өз нәтижесін беріп отыр, – деп есептейді Мақсат Жақау.

Саясаттанушы ауылшаруашылық өндірістік бағыттағы форумның өзі еліміздің ірі аграрлық саладағы кәсіпкерлері мен шаруа қожалық иелеріне үлкен мүмкіндік бергенін атап өтті. Себебі Ресей де Қазақстан сияқты астық дәнді-дақылдары жағынан әлемдегі ірі экспорттаушы елдердің қатарында.

Тәжірибе алмасу бағытында Қазақстанға берері зор. Бұл ынтықтымақтастың Қазақстанға да пайдасы бар. Себебі бізде жоғары сорттағы ұндардың өзіне тыңайтқышты Ресейден аламыз. Сондықтан осы бағыт бойынша азық-түлік сапасы мен қауіпсіздік мәселесінде үлкен тәжірибе алмасу мен келісімдердің орын алғандығы белгілі, – деді ол.

Қостанайда өткен форум барысында Ресей вице-премьері Алексей Оверчук Қазақстан мен Ресейдің білім саласындағы ынтымақтастығына тоқталып, оның ішінде еліміздің оңтүстігінде 3 орыс мектебінің құрылысы жоспарланып отырғанын жеткізді. Саясаттанушы бұл жағынан Қазақстан тарапы ұтылмайтынын айтты.

Шекараға жақын орналасқан Астрахань, Омбы, Саратов облыстарында қандастарымызға арнайы қазақ мектептерін ашу туралы келісімнің орын алғаны белгілі. Оны Қасым-Жомарт Тоқаев «Известия» газетіне берген сұхбатында да айтты. Қандастарымыздың қазақ мектептеріне қол жеткізуі үлкен саяси дипломатиялық батыл келісім деп түсінуіміз керек, – дейді Мақсат Жақау.

Парламент Сенатының депутаты Әсем Рахметова Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған сәттен бастап Ресей еліміздің стратегиялық серіктесі және одақтасы екенін айтты. Екі мемлекет арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылдың қазан айында орнады.  Бүгінде Ресей-Қазақстанның маңызды сыртқы сауда әріптестерінің бірі және бұған ондаған жылдар жемісті ынтымақтастық дәлел екенін тілге тиек етті.

Ресеймен арадағы құрлық шекарасы белгіленгеннен кейін,  тату көршілік қарым-қатынастардың берік негізі қалыптасты. Екі елдің көшбасшылары, парламенттер, Үкімет мүшелері, бизнес-қоғамдастық арасында құрмет қарым-қатынастары орнатылды. Қазақстан мен Ресей әрқашан екіжақты өзара іс-қимылды нығайту бойынша барлық мүмкін болатын дипломатиялық және саяси қадамдар жасады және қабылдады, – дейді сенатор.

Сондай-ақ депутаттың сөзінше бүгінде екі мемлекет арасында ресми деңгейде бірде-бір шешілмеген дау жоқ. Мемлекеттік шекаралар нақты белгіленген, барлық деңгейлерде заңнамалық және іс жүзінде екіжақты қатынастар бекітіліп, халықаралық бастамаларды жария қолдау қамтамасыз етілген. Бұдан өзге интеграциялық процестер біртіндеп дамып келеді.

Соның ішінде мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық  өте белсенді дамуда. Ресей мұнайын көрші елдерге, сондай-ақ газды Қазақстан аумағы арқылы  транзиттеу жөніндегі уағдаластықтар да  энергетикадағы өзара іс-қимылды сапалы жаңа деңгейге көтерді. Күні кеше Қазақстанға ресми сапармен келген Ресей президенті Владимир Путиннің қатысуымен «Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумы» да осыған дәлел, – дейді сенат депутаты Әсем Рахметова.

Депутат өз сөзінде мемлекет басшысы Өңіраралық ынтымақтастық форумы 20 жыл ішінде екі елдің өзара тиімді стратегиялық серіктестігін нығайтуға зор үлесін қосқанын,  маңыздылығы мен тиімділігін көрсеткенін атап өтті.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: