Путиннің Қазақстанға сапары ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді – сарапшы

Бүгiн, 18:15 146

Бүгін Ресей президенті Владимир Путин екі күнге мемлекеттік сапармен Қазақстан келеді. Ол Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысына қатысады. Ресей басшысының сапары елдер арасындағы екіжақты қарым-қатынасқа қалай әсер етеді? Кездесудің маңызы неде? Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Экономикалық саясатты талдау бөлімінің басшысы Анна Альшанская айтып берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Анна Алексеевнаның сөзінше, Қазақстан мен Ресей дәстүрлі түрде сауда, энергетика, көлік және мәдениетті қоса алғанда, түрлі салаларда тығыз байланыста. Өткен жылы елдер төрт толық форматты кездесу өткізді, бұл екіжақты өзара әрекеттестіктің жоғары деңгейін көрсетеді. Ресей Қазақстанның маңызды сауда серіктесі. Қазақстанда 20 мыңнан астам ресейлік компания жұмыс істейді.

Ресей президентінің Қазақстанға сапары елдер арасындағы өзара іс-қимылды тереңдетуге, экономикалық және мәдени байланыстарды дамытудың негізгі мәселелерін талқылауға, сондай-ақ көпжақты форматтар шеңберіндегі ынтымақтастықты нығайтуға жақсы мүмкіндік береді. Сапар қорытындысы бойынша тауар айналымын ұлғайту және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланады деп күтілуде, - деді сарапшы. 

⁠Осы ретте Анна Альшанская кездесуде қандай салалар қамтылатынын, қандай құжаттарға қол қойылатынын да атап өтті.

Мәселелердің бірі көлік дәліздерін дамыту болады деп күтілуде. Қазақстан ел аумағы мен өңір арқылы өтетін халықаралық маршруттарды дамытуға және түйістіруге мүдделі. Мультимодальды тасымалдарды дамытуға және оларды «Бір белдеу – бір жол», «Солтүстік – Оңтүстік», Транскаспий бағыты сияқты дәліздермен біріктіруге ерекше назар аударылады. Бұл транзиттік әлеуетті кеңейту және жүк тасымалы үшін жаңа тауашаларды құру үшін айтарлықтай перспективалар ашады, - дейді ол.

Сонымен қатар бөлім басшысы күн тәртібіндегі тағы бір маңызды мәселе білім беру саласындағы ынтымақтастық деп отыр.  

Ресейлік жоғары оқу орындарында қазірдің өзінде 60 мыңға жуық қазақстандық студент оқиды және тараптар білім беру мүмкіндіктерін кеңейту бойынша жұмыс істеуде. Осы тұрғыда Астанада Мәскеу мемлекеттік Халықаралық қатынастар институтының филиалын және Омбыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің өкілдігін ашу жоспарлануда. Бұл бастамалар елдер арасындағы мәдени және ғылыми байланыстарды нығайтудағы маңызды қадам болмақ, - деді Анна Алексеевна.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: