Путин екеуміз үнемі хабарласып отырамыз - Тоқаев

Бүгiн, 02:28 141

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Известия» басылымында жарияланған мақаласында Ресей президенті Владимир Путинмен қарым-қатынасы жайлы айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ресей президенті Владимир Владимирович Путин  екеуміз үнемі хабарласып отырамыз. Бір-бірімізге деген құрметке негізделген біздің қарым-қатынасымыз емен-жарқындығымен және іскерлік сипатымен ерекшеленеді. Мұндай тығыз байланыс туындаған мәселелерді жедел шешуге және  мемлекеттеріміздің арасындағы шынайы достық қатынасты нығайта түсуге мүмкіндік береді. Соңғы бір жылдың өзінде Ресей Президенті екеуіміз толыққанды форматта төрт келіссөз жүргіздік. Халықаралық іс-шаралар аясында бірнеше мәрте кездестік, телефонмен де жиі сөйлестік, - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы елімізде ресейлік 23 мың компания жұмыс істеп жатқанын алға тартты.

Қазақстан мен Ресейдің сауда-экономика саласындағы ықпалдастығы тұрақты түрде дамып келеді. Бұған екі елдің үкіметтері мен бизнес өкілдерінің күш-жігерін жұмылдырғанының арқасында қол жеткіздік.   

Қазір Қазақстанда Ресейдің 23 мың компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Оның 4 мыңы соңғы бір жылдың ішінде құрылды. Біздің ынтымақтастығымыздың қарқыны жоғары екені осыдан-ақ айқын көрінеді, - деді президент.

Тоқаевтың сөзінше, екіжақты инвестиция көлемі де ұлғая түсті.

2023 жылы Ресей компаниялары Қазақстанға 3 миллиард доллардан астам инвестиция салды. Қазақстан да Ресей экономикасына осынша мөлшерде қаржы құйды. Елдеріміз бизнес жүргізуге қолайлы орта қалыптастырып, инвесторларды қолдауға қажетті барлық жағдайды жасап отыр, - деп қосты ол.

Зарина Арман
Бөлісу: