«Псиқология» еңбегіндегі адамның мінез-құлқы

18 Қараша 2015, 06:15

Ж.Аймауытұлының «Псиқология» еңбегінде адамның мінез-құлқы

Орыс сахна өнерінің абызы К.С.Станиславский  адамның сезім дүниесінің қимылдан, қозғалыстан пайда болатындығын материалистік көзқараспен пайымдап театр өнерінде «сезімді ойнама, әрекет ет» дейтін қағиданы қалыптастырды. «Әрекет арқылы талдау» теориясы адамтану ілімінің басты шарттарының бірі екендігін ескерсек, Ж.Аймауытұлының «Псиқология» еңбегінде адамның мінез-құлқына  мынадай харекетнама береді.

Есер. Орынсыз лепіретін немесе аяқ астынан ашуланатын шапшаң, шодыр мінезді, басқаларға ұқсамайтын өзгеше қылықты адам. Оның күтпеген жерден лып етіп шыға келетін шайпау мінезі жұртшылықты таң қалдырады. Ол кейде Қожанасырға да ұқсап кетеді. Бойындағы оғаш мінезден туған іс-әрекеттері қисынсыз, ретсіз әрі ақылға қонымсыз. Болмысы: шабарман.

Өктем. Қаймықпайтын батыл, тәуекелшіл, дегеніне жетпей тынбайтын адуынды жан. Оның ашық мінезі, тез тіл табыса алу қасиеті, қолы ашық жомарттығы, көбінесе, өктемдік пен билікқұмарлықтың құралына айналды. Ол, сондай-ақ, топ жаратын шешен, көңілді, жұрттың ыстық ықыласын тек өзіне аудару мақсатында қоғамның ұйытқысы бола жүріп, басқалардың мысын басуға ұмтылады. Негізінен, қызыл сөзге бейім, онысымен қоймай, іске араласа кететін қызбалау адам. Ол «құласа нардан құлайтын» үлкен әрекетке құмар. Уысына түскенді ұршықша үйіреді. Көшбасшы болуға деген ұмтылыс оның табиғатында бар қасиет. Өйткені, оның бойына ұйымдастыру мен басқаларды соңынан ерте жөнелетін қабілет дарыған. Дегенмен, олардың басты ерекшелігі парсы поэзиясында көрсетілгендей «менменсінген жезтырнақ, азулы арыстан, жапырағы үлбіреген гүлдей өкпешіл». Өктем тұлғалардың маңайын үнемі жәбірлеп жүруінің себебі осында. Болмысы: қолбасшы.

Аяр. Өз басына қажет пайдалы нәтижеге жету үшін күрделі жоспар ойлап табуға және сол мақсатын жүйелі түрде іске асыруға бейім жан. Өмірдегі барлық тосқауылдардың арасынан қисын тауып бұлтарып, бұраңдап, орағытып айналып өтіп, әртүрлі қулық істерімен алдына қойған мақсатын іс жүзіне асыруға аса мүдделі әккі адам. Мұндай пенде пиғылын жұртқа сездірмейді, өмірлік тәжірибесі мол. Сондықтан оның ішкі жан –дүниесін «ішкі есебі десек те болады) көптің түсінуі өте қиын. Басқалардың аузын аңқитып кетуге, сандарын соқтырып, құрған қақпанына түсіруге шебер. Қулық-сұмдықты ерекше меңгерген кісі. Болмысы: әмбебап. 

Жалтақ. Тұлғаның мұндай түрі жанжалсыз. Басқаның етегінен ұстамаса да, соларға ұқсап, еліктеп бағады. Тұлғааралық кикілжіңдерді сылып тастау арқылы кез-келген күрделі ортаға жарасып, жұғысып қана қоймайды, сонымен қатар, өзіне қойлайлы жағдай жасап алады. Басқалармен жақындасуға, олардың мінез-құлықтарыныі ұнамды белгілерін бойына дарытуға бейім тұрады. Өзара тиімді шартқа жүгініп, барлық адамдармен бейбіт өмір сүру оның өмірінің мағынас болып табылады. Болмысы: арашашы.

Көнбіс. Ол кез келген дағдарысты ахуалдарға ғажайып шыдамдылық көрсете біледі. Кешірімді. Төңірегіндегілерге сеніммен қарайды. Жүйкесіне салмақ түскенде абыржымайды. Байсалды. Жеке тұлға ретіндегі ерекшелігі – өзін-өзі ұстай білуінде, төзімділігінде, шыдамдылығында. Болмысы: қолбала.

Табанды. Бұл адам өзіні де, өзгенің де кісілігін қадірлейті, дара тұлғаны бүкіл дүниетанымның өзегі деп танитын және сенім артатын көз қарасты ұстанады. Оқшау ойлардан туындайтын адал және әділ түсінікті сыйлайды. Кейде бұл өзін-өзі тым жақсы көретін, қара басына жоғары баға беретін адам. Өз мүддесіне бар ынтасымен ұмтыла отырып, өз көзқарасын қасарыса қорғай біледі. Ойлы әрі ұқыпты, көбінесе жеке-дара жүруді ұнатады. Жеке бастың мәселелерінде де, қоғамдық проблемаларға да оның өз пікірі, өз көзқарасы болғандықтан белгілі дәстүрмен өмір сүретін әлеуметтік топтарда ол «бірбеткей» атанып, шеттеліп қалады. Болмысы: конструктор.

Ұяң. Бұндай жандар өмірдегі өзгерістерді нәзік түрде сезінеді. Болар-болмас құбылыстардың өзі оған күшті әсер етуі мүмкін. Оған ұялшаұтық, әсершілдік, келеңсіз оқиғаларды ұзақ уақыт уайымдау, өз басына тым жоғары талап қоя білу – тән қасиет. Ол кейде жаңа жағдайлардан, бейтаныс адамдардан және әртүрлі тағдыр тәлкектерінен қорқақтайды. Сол себептен мұндай адамдар қоғамда да аса белсенділік көрсете қоймайды. Ал, отбасында, үйреншікті жерлерде олар жағымды мінездерімен, жанға жайлы қылықтарымен сыпайы-сыйымды адамдар. Болмысы: философ.


Сымбат Мүталапханқызы,

«Білім тарихы» музейінің меңгерушісі,

ҚР журналистер одағының мүшесі. 

Бөлісу: