Шерзат Болаттың өліміне байланысты өтіп жатқан сот отырысында прокурор марқұм Нұрғанат Ғайыпбаевтың тергеу кезіндегі жауаптарын жария етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Нұрғанат өз жауабында оқиға қалай өрбігенін толық баяндаған.
Нұрғанаттың сөзінше, 15:00 шамасында мал сойып, ет сататын орынға ет апарған. Сол күні кешкі 19:00-де Қаржаубай Нұрымов қоңырау шалып, қауын әкелуді сұраған. Нұрғанат: "Шерзатқа ‘үйге қайтайық’ дедім. Ол дүкенді реттеп болғасын қайтатынын айтты. Мен көлікпен қайтып, 21:00 шамасында шай-тамағымды ішіп, ұйықтадым. 23:00-23:30 шамасында жеңгем Гүлбарам ‘Қаржаубай хабарласып жатыр’ деп телефонды берді", – деп көрсеткен.
Қаржаубай Нұрымов Шерзаттың біреумен төбелескенін айтып, мәселені шешу үшін шақырған. Нұрғанат дереу дүкенге барған. Ол оқиға орнына жеткенде, "шапка киген Дархан Шерзатпен ерегесіп тұрған" көрінеді.
Не болды десем, Қаржаубайға дөрекі сөйлеген екен. Шерзат 'кетпейсіз бе, әкеме неге дөрекі сөйлейсіз' деді. Бірақ ол Шерзатты шешесінен тілдеген, – деп мәлімдейді Нұрғанат.
Нұрғанаттың сөзінше, Дархан Нұрболға хабарласқан. Біраз уақыттан соң Нұрбол екі жігітпен гольф көлігімен келіп: "Хуторскиймін, мені танисың ба?" деп сөйлеген. Нұрғанат оған: "Ертең сөйлесейік, не керек", – деп сабырға шақырған. Алайда Нұрбол боқтап, "Сендердікі дұрыс емес" деп агрессия танытқан.
Қақтығыстың туындауына Дарханның жалған түбіртек көрсетуі себеп болған. Төлем шотқа түспеген соң, Дархан Telegram арқылы жалған түбіртек жасатқан деп күмәнданған. Ақыры Нұрбол ақша төлеп, тараптар уақытша сабырға келген. Нұрғанаттың айтуынша: "Қол алысып, бәрі қайтты. Қаржаубай, Шерзат үшеуміз дүкенге кірдік. Бірақ Нұрболдар қайта келді".
Кейін Нұрбол мен Дархан дүкенге кіріп, тағы да ерегес басталады. Нұрғанат Дарханды сабырға шақырып, "Шерзатқа тиме, мені ұр" дегенін жеткізді. Алайда Дархан келіспей, Нұрғанатты жарақаттап, мұрнын сындырған. Жүргізушіге "мыналарды алып қайт" деп айтқанымен, жағдай одан әрі ушыға түсті. Бір кезде Қаржаубай "мынаның қолында пышақ бар" деп ескерткен. Шынында да, Нұрболдың қолында пышақ болған.
Нұрғанат: "Оларға ‘ақша берейік, дастархан жасап берейік’ деп мәселені шешкім келді", – деп айтқан. Бірақ жағдай шиеленісіп, Нұрбол "Чика" (Шыңғыс) және Нұрқиясты дүкенге шақырған. Оқиға барысын сезген Нұрғанат Шерзатқа "үйге қайт" деп кеңес береді. Шерзат көлікке мініп кетеді, бірақ көп ұзамай екі көлікпен тағы адамдар келеді.
Нұрғанаттың айтуынша: "Чика менімен амандасты. Түрің таныс қой десем, ‘шалмын’ деді. Дүкенге қарай келді де, ‘делайте жігіттер’ деп айтты. Осыдан кейін ерегес басталды".
Дүкен бұрышында Нұрқияс Шерзаттың досы Ахметті ұрып, ол есінен танып қалған. Абзал оны көтеріп әкеткен. Нұрғанат Ахметті ұрмауын сұрап, оны қашуға шақырған. Алайда қақтығыс үдей түскен. Нұрғанат:
Бірінші мені Нұрқияс ұрды, мен оның өзін ұрдым. Соққым көкірегіне тиді. Бір кезде араға пышақ шықты. Көліктен бір қыз пышақ алып шығып, Нұрқиясқа әкеліп берді, – деп көрсетті.
Осы сәтте Нұрқияс Нұрғанатқа екі рет пышақ сермеген. Артынша Абзал да шабуылдаған. Шерзат көмекке ұмтылып, Абзалды ұрып, Нұрғанатқа "қашайық" деп айтқан. Бірақ қашып бара жатқанда Шерзат жарақат алғанын айтып айқайлайды: "Нұрғанат аға, маған бірдеңе тығып алды!". Нұрғанат оны құшақтап, сол жақ арқасынан жарақат алғанын байқайды.
"Жедел жәрдем шақырайық" деп айқайлаған Нұрғанат Шерзатты денесімен жауып қорғамақ болған. Алайда шабуылдаушылар оны ұрып-соғып, араларын ашуға тырысқан. Абзал мен Нұрқияс Нұрғанатты пышақтап, жамбасынан жаралаған. Басынан да тепкі көрген ол есін ауруханада жинаған.
Кейін Нұрғанат телефонының ұрланғанын және әмиянының жоғалғанын байқаған. Ол өзінде мылтық болмағанын нақты айтты: "Егер мылтығым болғанда, Шерзатты қорғау үшін қолданатын едім", – деді. Сонымен қатар ол Шыңғыстың қолында да пышақ болғанын байқағанын айтқан.