Президенттің Қытайға сапарынан не күтіледі? Сарапшылар пікір білдірді

17 Қазан 2023, 13:00 2727

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасына ресми іс-сапармен барды. Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзиньпиннің «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының III форумына қатысып жатыр. Екі ел басшылары кездесуде қандай мәселелер талқыламақ? Осы және өзге де сауалға жауап алу мақсатында El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі «Қытайды зерттеушілер қауымдастығы» ҚҚ төрағасы Қазбек Майгельдиновті сөзге тартты.

Бүгін мемлекет басшысының ҚХР ресми іс-сапары басталды. «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының III форумына қатысып жатыр. Осыдан 10 жыл бұрын ҚХР төрағасы Астана қаласында «Бір белдеу, бір жол» бастамасы туралы мәлімдеме жасаған болатын. Бұл жоба әлемдегі ең ірі экономикалық мега жобаға айналып отыр. Осы 10 жыл ішіндегі негізгі жұмсалған қаражат қоры 1 триллион долларға жетті. Сонымен қатар бұл бастаманы бірлесе жүзеге асыруға әлемнің 150 елінің қосылуының өзі аталмыш экономикалық жобаның бүгінгі таңдағы маңыздылығын көрсетеді, – дейді сарапшы.

Спикер Қазақстан үшін «Бір белдеу, бір жол» бастамасы өте маңызды деп санайды. Қытай бұл бастаманың негізінде Жібек жолын қайта жандандырып, сол арқылы Қазақстанның «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасымен ұштастырғанын атап өтті.

Нәтижесінде елімізде Батыс Еуропа-Батыс Қытай тасжолы салынып бітті. Сондай-ақ, еліміздің трансфорттық әлеуетін арттыруда жобаның маңызы зор. Бүгінгі күні Қазақстан тек қана транзиттік әлеуетін арттырып қана қоймай, енді Еуразия құрылығындағы трансфорттық қапқа айналу мақсатын қойып отыр. Әсіресе, Транскаспий дәлізін дамытуда. Осы орайда елімізде ҚХР бірлескен 52 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асып жатыр. Жалпы құны – 21 миллиард долларға тең. Қазіргі таңда Қытай мен Қазақстан арасында сауда, экономикалық, мәдени-гуманитарлық тұрғыда қарым-қатынастар жақсы дамып келеді, – дейді Қазбек Майгельдинов.

Бұдан өзге, ол еліміздің трансфортын арттыруда «Харгос», «Ляньюньган», «Құрық және Ақтау» теңіз порттарын дамыту үлкен әсерін беріп жатқанын тілге тиек етті. Нәтижесінде Қазақстанда теміржол бекеті контейнерлар тауар тасымалы мен қарым-қатынасы күшейіп, Қытайдан Еуропаға шығатын тауарлардың үлесі артып,  Еуропа мен Азияның ортасындағы трансфорттық бекет ретіндегі рөлі артып отыр деп есептейді.

Әрине, осы форумның 10 жылдығы аясында екіжақты қарым-қатынасты одан әрі тереңдете түсу басты назарға алынып отыр. Бүгіннің өзінде Транскаспий дәлізі бойынша Қазақстан мен Қытай Үкіметі арасында меморандумға қол қойылды. Одан бөлек Қазақстан мен Қытай арасындағы шекара маңы аймақтарындағы қатынасы өз рөлін арттырып отыр. Әсіресе, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық аймағы мен Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облысы арасындағы қарым-қатынас басты назарда. Себебі ҚХР мен Қазақстан сауда қатынасының  40 пайыздан астамы нақ осы шекаралас аймақтармен жүзеге асып келеді. Екі ел арасында стратегия одан әрі арта түседі, – деп атап өтті.

Спикер Қазақстан Қытай арасындағы визасыз режиімге қол қойып, Қазақстан тарапы ратификациялағанын айтты. Алдағы уақытта бұл бастаманы да Қытай қолдайтын болады деп отыр. Бұл өз кезегінде екі мемлекет арасында туризмнің дамуына септігін тигізеді.

Мәселен 2024 жылы Қытайдағы Қазақстан туризм жылы деп аталып отыр. Бұл ел азаматтарының Қытайға туристік сапармен және визасыз режиіммен қатынау арқылы бизнестің дамуына одан әрі тың әсерін бермек. Бүгінгі таңда елімізде көптеген қытайлық маркетплейстар сұранысқа ие болып отырғанын көріп отырмыз, – дейді «Қытайды зерттеушілер қауымдастығы» ҚҚ төрағасы Қазбек Майгельдинов.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: