Мәскеуде Ауғанстан мәселелері бойынша аймақтық қауіпсіздік диалогының бесінші отырысы өтті. Жиынға Қазақстан Республикасы Президентінің Көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Кездесу барысында Ресейдің, Үндістанның, Иранның, Қытайдың, Қырғызстанның, Тәжікстанның, Түрікменстанның және Өзбекстанның қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары мен ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшілері Ауғанстан төңірегіндегі жағдайдың өзгеруіне қатысты анағұрлым өзекті мәселелерді талқылады.
Ғизат Нұрдәулетов аталған елдегі жағдайды қалыпқа келтіру өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды факторларының бірі болып қала беретінін атап өтті.
Экстремизм мен терроризмнің, есірткі және қарудың заңсыз айналымының, сондай-ақ заңсыз көші-қонның белең алуынан туындаған қатерлермен қатар, бүкіл аймақтың азық-түлік, энергетика және көлік қауіпсіздігіне Ауғанстандағы ахуалдың ықпалы күшейе түсті.
Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру үшін гуманитарлық қолдауды жандандырудың, әсіресе, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды екенін атап өтті.
Сонымен бірге Ауғанстанның үлесі бар өңірлік экономикалық жобалардың жүзеге асырылуы бейбітшілік пен қауіпсіздіктің негізін қалап, аталған елді интеграциялық экономикалық процестерге тарту тұрғысынан шешуші рөл атқаруға тиіс.
Осы күні іс-шараға қатысқан делегация басшыларын Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин қабылдады.