Президенттің кеңейтілген кеңесте сөйлеген сөзі (толық мәтін)

19 Сәуір 2023, 15:27 1533

Назарларыңызға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте сөйлеген сөзін ұсынамыз, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Құрметті жиынға қатысушылар!

Жуырда Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. Үкімет қайта жасақталды. Осылайша, ауқымды саяси өзгерістің алғашқы кезеңі аяқталды деуге болады. Біз билік тармақтарының тепе-теңдігін орнықтырдық. Енді еліміздегі қоғамдық-экономикалық қатынастарды қайта құруымыз керек. Жұртшылық бұл реформаларға зор үміт артып отыр. Сондықтан біз нақты іс-шараларға баса мән беруге тиіспіз. Мен Парламент сессиясының ашылуында заңнамалық тұрғыдан шешілуге тиіс бірқатар мәселені атап өттім.

Ал бүгін әлеуметтік-экономикалық саладағы мақсат-міндеттерді айқындап алуымыз керек. Үкімет және барлық деңгейдегі әкімдер соған сүйеніп жұмыс істейтін болады. Осы басқосуға мәслихаттардың өкілдері қатысып отыр. Бұл да – нақты саяси өзгерістердің нышаны. Атқарушы және өкілді билік арасында тиімді қарым-қатынас орнату өте маңызды. Қажет болса, олар бірін-бірі толықтырып, қолдап отыруы керек. Мұның бәрі мемлекеттік саясатты тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ел мүддесін ескере отырып шешім қабылдауға жол ашады.

Құрметті кеңеске қатысушылар!

Реформалардың нәтижесінде елімізде көп нәрсе өзгерді. Мысалы, алғаш рет Премьер-Министрдің кандидатурасын сайлауда жеңіске жеткен партия ұсынды. Мұны саяси жаңғырудың тағы бір маңызды қадамы деуге болады.

«Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» концепциясы нақты жұмыс істей бастады. Саяси реформалар дамудың жаңа кезеңіне жол ашып берді. Сонымен бірге экономиканы түбегейлі жаңғыртудың берік негізін қалады.

Әркім мына мәселені айқын түсінуі керек. Қазақстан – осы геосаяси аймақта ауқымды, демократияны арқау еткен реформалар жолына түскен бірден-бір мемлекет. Сондықтан бізге оңай болмайды. Бірақ бұл жолды қалайда жүріп өтуге тиіспіз. Енді жұмысқа жұмыла кірісеміз.

Осында отырған әрбір мемлекеттік қызметші өзіне орасан зор міндет жүктеліп отырғанын сезінуге тиіс. Бұл – ең алдымен, барша Қазақстан халқының алдындағы жауапкершілік. Сіздердің шешімдеріңіз бен іс-әрекеттеріңіз елдің бүгіні мен болашағына тікелей әсер етеді. Сондықтан күнделікті мәселелерді шұғыл шешумен ғана шектелмеу керек. Сіздер мемлекетшіл-реформатор болуларыңыз қажет.

Реформаларымыздың түпкі мақсаты – халықтың өмірін жақсарту. Ол үшін тұрғындардың табысын көбейту керек. Жайлы өмір сүруіне жағдай жасап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет. Азаматтардың өзін-өзі дамытуына барлық мүмкіндік жасалуға тиіс. Мұның бәрін мықты нарықтық экономика болса ғана, табысты жүзеге асыра аламыз.  

ЕКІНШІ. Инфляция өскен сайын халықтың нақты табысы құнсызданып жатыр. Жұрттың табысын әлеуметтік саланың шығысы есебінен арттырудың да шегі бар. Біз осы шекке жеткен сияқтымыз. Бұған қоса тұтыну несиелерінің көлемі артып барады. Бұл әрекет – инфляция кезінде жан бағудың амалы. Бірақ мұндай ахуалдың әлеуметтік және саяси салдары өте ауыр болуы мүмкін. Тіпті банктердің өзіне қауіп төндіруі ықтимал.

Несиені, ең алдымен, пайда әкелетін бизнеске, яғни тиімді жобаларға беру керек. Сонда жалақысы жоғары жұмыс орындары пайда болады. Жұрттың кәсіпкерлікпен айналысуға ынтасы артады. Бір сөзбен айтсақ, азаматтардың табысын көбейтуге мүмкіндік туады.

ҮШІНШІ. Макроэкономикалық саясатты өте байыпты жүргізу керек. Бюджет тапшылығын, мемлекет қарызын, Ұлттық қордан аударылатын трансфертті және басқа да макрокөрсеткіштерді реттеу қажет. Иә, экономикамыз өсіп жатыр. Бірақ салық түсімдерінің ішкі жалпы өнімге қатысты өсу қарқыны – тұрақсыз. Кейбір мамандар «Салық жеңілдіктері өте көп болған соң, түсім азайып жатыр» дейді. Бұдан басқа да себептер айтылады. Жалпы, соңғы бес жылда бюджетке 30 триллион теңге кем түскен. Әрине, бұл цифрдың дұрыс-бұрыстығын тексеру қажет. Талай жылдан бері жалғасып келе жатқан осы мәселені түпкілікті шешетін уақыт жетті. 

Қазір жаңа Бюджет кодексі дайындалып жатыр. Осы ретте бюджет ережелеріне және оны мүлтіксіз сақтау қажеттігіне назар аударғым келеді. Мұндағы ең басты қағида – көрпеге қарай көсілу. Ұлттық қорға жармаса беруді доғару қажет. Мен бұл туралы осыған дейін де талай рет айттым.

ТӨРТІНШІ. Экономиканы монополиядан арылту – маңызды міндет. Бұл бағытта нақты жұмыс басталды. Нәтижесі қазірдің өзінде жаман емес. Бірақ мұнымен шектелуге болмайды. Елімізде мекемеаралық комиссиялар құрылды. Олардың алдына нақты міндеттер қойылды. Осыған орай заңсыз шығарылған активтерді қайтару, әділеттілікті қалпына келтіру, адал бәсекелестікке жағдай жасау керек. Мұның бәрі – уақытша міндет емес. Керісінше, бұлар – жаңа экономикалық саясаттың басты қағидаттары.

Тауар нарығының монополиялық құрылымы әлі де өзгере қойған жоқ. Оның үстіне бизнес, әсіресе, орта бизнес қарқынды дамымай отыр. Сондықтан тың шараларды қолға алу қажет. Үкімет осыған қатысты нақты ұсыныстар беріп, бір шешім қабылдауға тиіс.

Келесі. «Стратегиялық нысандар» ұғымын айқындау тәсілін қайта қарау қажет.

Бәлкім, аймақтық маңызы бар стратегиялық нысан ұғымын енгізу керек шығар. Бұл – әлемдік тәжірибе. Бәрін ойланбай өзгерте беру экономикалық қауіпсіздікке нұқсан келтіруі мүмкін. Қазіргі геосаяси жағдайда бұл мәселенің өзектілігі тіпті арта түсті.

Қазақстан салмақты және дербес экономикалық саясат жүргізуі керек. Қоғамдық ресурстар қолжетімді болуы үшін ашық аукцион қағидаттарын басшылыққа алу қажет. Бизнес өкілдері барлық міндеттемелерін адал орындау үшін тиімді бақылау жүйесін орнату керек. Монополистерге қарсы қозғалған істер бойынша сапалы жұмыс атқарылуға тиіс. Ол үшін қазылардың білікті болуы аса маңызды.

Қазір заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жұмысы жандана түсті. Қайтарылған активтер мен мүліктер қолды болып кетпеуі керек. Барлық қаражат толығымен экономиканы дамытуға жұмсалуы қажет. Осы орайда қаржыны қайтарып, елімізді өркендетуге атсалысқысы келетін азаматтарға мынаны айтқым келеді. Жаңа индустриялық жобаларға қаржы салыңыздар. Қазақстанда жаңа өндірістер ашып, жаңа жұмыс орындарын құрыңыздар. Сонда мұндай активтерге және оның иелеріне қатысты ешқандай мәселе туындамайды. Тағы да қайталап айтамын. Біз адал әрі ашық жұмыс істейтін бизнес өкілдеріне барлық жағдайды жасаймыз.

Тағы бір мәселені арнайы ескерткім келеді. Тарифті өсіруден түскен қосымша қаржы тек қана коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға жұмсалуы керек. Сондай-ақ жаңа қуат көздерін іске қосуға және жұмысшылардың жалақысын көтеруге бағытталуы қажет. Монополистердің міндеттері мұқият нақтыланып, толығымен орындалуға тиіс. Сондықтан Үкіметке қаржының жұмсалуын бақылайтын қатаң амал-тәсілдер енгізуді тапсырамын. Оған цифрлық бақылау жүйесін де енгізу керек. Жұрт коммуналдық қызмет үшін төлеген ақшасы қайда кетіп жатқанын
көріп отыруға тиіс. Қазіргі заманғы ақпараттық технология бұған толық мүмкіндік береді.

Жанар-жағармайдың бағасын көтеру мәселесіне де дәл осылай қараған жөн. Түскен қаржыны делдалдар, яғни алыпсатарлар иемденіп кетпеуі қажет. Оны жаңа мұнай-газ жобаларын жүзеге асыруға және мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртуға жұмсау керек.

 «Судың да сұрауы бар». Оны неғұрлым көп тұтынсаң, соғұрлым көп ақша төлейсің. Бұл – жұртты үнемшіл болуға үйрететін әділетті және қарапайым ұстаным. Дамыған елдердің тұрғындары әр нәрсенің қадірін біледі. Үнемшілдік олардың өмір салтына айналған. Тіпті су мен жылуды ысырап етпеуді балаларға жастайынан үйретеді. Біздің азаматтарымыз да осындай үнемшіл болуы керек. Әсіресе, суды үнемдеп тұтынуымыз керек. Мен су тапшылығының артып жатқанын ұдайы айтып жүрмін. Сарапшылардың пайымдауынша, 2040 жылға қарай суға деген сұраныс 50 пайызға артады. Қазақстан 2050 жылға қарай «суға өте мұқтаж» елдердің санатына кіруі мүмкін.

Мы медленно, но верно приближаемся к категории вододефицитных стран.  

Қазір елімізде 600 мыңнан астам адам таза ауызсуға зәру. Бұл – ауылдағы ағайын ғана емес, қала халқы үшін де өте өзекті мәселе. Ірі шаһарлардың инфрақұрылымы жылдан-жылға артып келе жатқан сұранысқа жауап бере алмай отыр. Тіпті Астананың өзінде су тапшылығы қатты сезіле бастады. Басты себептің бірі – құрылыстың көбеюі. Үнемшіл болмасақ, таза су беретін жаңа нысандарды іске қосқанмен, тапшылықты жоя алмаймыз.

Қазір 500-ден астам гидротехникалық нысан әбден тозып тұр. Тіпті оның 200-інде төтенше жағдай туындау қаупі бар. Кезінде кейбір су қоймалары бұзылып, қайғылы оқиға болғанын білесіздер. Осындай жәйттің алдын алу үшін гидроқұрылымдар жан-жақты тексерілуге тиіс. Апаттық жағдайда тұрған және қараусыз қалған нысандарды бақылауға алу керек. Қауіп-қатерлер картасын жасау қажет. Төтенше жағдайға әкеп соқтыруы мүмкін қатерлердің алдын алу үшін нақты шараларды қолға алған жөн. Сондай-ақ Су ресурстарын басқарудың бірыңғай ақпараттық-сараптамалық жүйесін жасау керек.

АЛТЫНШЫ. Ұлттың дені сау және сауатты болуы – өте маңызды мәселе. Осыны ескермесек, экономиканы реформалау бос әурешілік болады. Бұл – мемлекеттің міндеті. Ең алдымен, адамдарға сапалы медицина қолжетімді болуы қажет. Денсаулық сақтау жүйесінде шешімін таппаған мәселе өте көп. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі осы саланы дамытуға тың серпін береді деп үміттенеміз. Алайда бұл жүйедегі қаржы айналымына бақылау жасалмайды.

Қазіргі заманда дамудың басты кілті – білім. Біз заман талабына барынша бейім, сондай-ақ жарқын болашақты өз қолымен қалайтын жасампаз ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. PISA халықаралық зерттеуіне қарасақ, еліміз соңғы 10 жылда орта білім сапасы бойынша 80 елдің ішінде елуінші-алпысыншы орыннан көтерілген жоқ. Демек, жағдайымыз мәз емес.

Басты түйткілдің бірі – балалардың білімін біржақты бағалау. Елімізде білімнің сапасына емес, көрсеткіштің жоғары болуына баса мән беріледі. Оқушылардың бірыңғай ұлттық тестілеуден алған бағасы мен мектептегі бағасы екі түрлі. Айырмашылық 30 пайыз немесе одан да көп болуы мүмкін. Сондай-ақ осындай алшақтық халықаралық және ұлттық бағалау кезінде байқалады. Ашығын айтсақ, мұның бәрі жаппай белең алған көзбояушылықтың кесірінен болып отыр. Өзіңді өзің алдау жарға жығады.

Жалпы, жас ұрпақ білімді болмаса, елдің өсіп-өркендеуі жайлы сөз қозғаудың өзі артық. Бүгінгі білімді жастар ертең Қазақстанды алға жетелейтін мамандарға, кәсіпкерлерге, басшыларға айналады. Сондықтан мен білім мәселесіне ерекше мән беремін.

Тағы бір назар аударатын мәселе – жас ұрпақтың қауіпсіздігі. Балаларға қатысты жантүршігерлік қылмыстар жиілеп кетті. Мұндай оқиғалар мектепте, көшеде, тіпті, үйде болып жатыр. Сорақы жағдайлар оқушылардың өзіне қол жұмсауына себепкер болып отыр. Тіпті ата-аналардың өздері баласына қорлық көрсетіп, оның арты қайғылы жағдайға ұласып жатады.

Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысы әлсіз. Жауапты мекемелер мен құқық қорғау органдарының қызметі ойдағыдай нәтиже берген жоқ. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саясатын қайта қарауымыз керек. Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау шараларын заңмен күшейту керек. Отбасы құндылықтарын дәріптеу ісіне ерекше көңіл бөлген жөн. Тағы да ескертемін, біз қоғамдағы, көшедегі, тіпті әр үйдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етпесек, дамыған елдердің қатарына қосылуымыз қиын болады. Азаматтарымыз еркін жүріп-тұратын қауіпсіз қоғам құруымыз қажет.

Қазір еңбек нарығында жастардың үлесі артып келеді. Үкіметке және әкімдерге 2030 жылға қарай 3 миллион 300 мың адамды жұмысқа тұрғызу туралы тапсырма берілді. Оның 2,2 миллионы жастар болуға тиіс. Жаңа жұмыс орындары уақытша емес, тұрақты болғаны жөн.

Елімізде аймақтардың жұмыспен қамту карталары бекітілген. Соған сәйкес жыл сайын шамамен 950 мың адамға жұмыс тауып беру көзделген. Ол үшін бюджеттен 130 миллиард теңге бөлінді. Осы қаржының арқасында, яғни субсидия арқылы 150 мың адам жұмысқа орналасады. Оның бәрі – жастар және әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы азаматтар.

Жастардың кәсіпкерлік бастамасына қолдау көрсету үшін 40 миллиард теңге бөлінді. Қаражат аймақтарға берілді. Қазір бизнес саласындағы үздік идеяларды таңдап алу үшін конкурстар басталды. Халықты, жастарды жұмыспен қамту – Үкімет үшін аса маңызды міндет. Әкімдер бұл жұмыстың нәтижелерін тұрақты түрде баяндап тұруы керек.

Әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және жолдарды жөндеу арқылы ауылдың тұрмыс сапасын жақсарту – әкімдердің басты міндеті. Ауыл тұрғындары таза сумен және тұрақты электр қуатымен толық қамтамасыз етілуге тиіс. Сондай-ақ мобильді байланыс және интернет қолжетімді болуы керек. Елге қаптаған статистика емес, нақты нәтиже, жылдам интернет, сапалы байланыс керек.

Бұл – Парламент пен Үкіметтің өзара бірлескен жұмысына да қатысты мәселе. Парламент депутаттарының ой-пікірі атқарушы билікті беталды сынның астына алуды ғана көздемеуге тиіс. Үкіметтің де, Парламенттің де мақсаты – бір. Бұл – халықтың қамы және елдің мүддесі.

Қазіргі күрделі геосаяси жағдайда бізге, ең алдымен, мызғымас бірлік қажет. Сондықтан азаматтарымыз Парламенттің жаңа құрамына ерекше үміт артып отыр. Ал Үкімет Парламентке өз жұмысы жөнінде есеп береді. Жергілікті депутаттар аймақтағы тексеру комиссияларымен тығыз қарым-қатынас орнатуы керек. Бұл комиссиялардың рөлі едәуір артып, жауапкершілігі күшейтіледі. Алдағы екі жылда пилоттық жоба ретінде аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау өтеді. Осы орайда қажетті нормативтік базаны және жол картасын әзірлеу қажет. Үкімет бұл жұмысты Орталық сайлау комиссиясымен және облыс әкімдерімен бірлесіп жүргізеді. 

Біз қоғамды демократияландыру және билік құзыреттерін төменге беру үдерісін жалғастырамыз. «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заңның қабылдануы бұл бағыттағы тағы бір маңызды қадам болмақ. Қазір тиісті заң жобасы Мәжілістеталқыланып жатқанын білесіздер.

Ауыл әкімдері күн сайын тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, мәселелерін шешеді. Сондықтан олар елімізде айрықша рөл атқарады. Ауыл әкімдерінің 64 пайызы жергілікті жұрттың тікелей сайлауымен қызметке келді. Мұны, шын мәнінде, зор жетістік деуге болады. Тұрғындардың мәселесін жедел әрі тиімді шешу үшін оларға көбірек мүмкіндік беріліп жатыр. Бұл жұмыс та жалғасын табады. Сонымен қатар барлық деңгейдегі әкімдердің жұмысын жыл сайын бағалау жүйесін енгізу керек.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» болу үшін азаматтармен тығыз қарым-қатынас орнату айрықша маңызды. Әрбір аймақтың өз ерекшелігі және «әлсіз тұстары» бар. Өкінішке қарай, әкімдер соны біле тұра, алдағы қиындықтарды уақтылы бағамдай алмайды. Жауапкершілікті өзіне алып, дер кезінде шешім қабылдаудан қашады.

Жаңа жылдан бері Президент Әкімшілігінің қоғамдық қабылдауында
811 адам болды. Соның 730-ын кестеден тыс, яғни табан астында жедел түрде қабылдауға тура келді. Олардың арасында барлық аймақтың тұрғындары бар. Президенттің атына жазылған арыз-шағымдардың саны үш жылда екі есе өсті.

Елімізде заң мен тәртіп қатаң сақталуы қажет. Мен бұл туралы үнемі айтып жүрмін. Заң үстемдігі болмаса, тұрақтылық та болмайды. Ал тұрақтылық жоқ жерде ешқандай даму да болмайды. Сондықтан азаматтарымыз заңға бағынуы керек, ал құзырлы органдар заң бұзушылықтың алдын алуға тиіс. Қоғамның қауіпсіздігін және тұрақтылығын сақтау – мемлекеттің басты міндеті. Өркениетті елдердің бәрінде солай. Әкімдер – мемлекеттің жергілікті жердегі өкілі. Сондықтан бұл жұмысқа баса мән беру қажет.  

 

Құрметті жиынға қатысушылар!

Мен бүгін реформаларымызды жүзеге асырудағы бірқатар олқылықтарға, түйткілдерге тоқталдым. Негізгі мәселе – жұмыстың сапалы орындалмауында. Сол себепті нақты нәтижеге қол жеткізе алмай отырмыз. Оның түрлі себебі бар. Кейбір мемлекеттік қызметшілер, басшылар өз жұмысына селқос қарайды, белсенді емес. Өзіне жауапкершілік алудан тартынады. Бұл, әсіресе, бюджет қаржысын игеру ісінде қатты байқалады. Олар жұмысты сапалы орындауға емес, тапсырманы дер кезінде бақылаудан алуға баса мән береді. Соның зардабын бәріміз тартып отырмыз.

Жария етілген көптеген реформа әлі де баяу жүріп жатыр. Оны мойындауымыз керек. Сондықтан Үкімет ескі жұмыс тәсілін түбірімен жою үшін ерік-жігер танытуға тиіс.

Қазір мемлекеттік жоспарлау жүйесінде 163 құжат бар. Оның әрқайсысы орташа алғанда 40 іс-шараны қамтиды. 2010 жылдан бері созылып келе жатқан тапсырмалар бар. Тапсырмалардың өзектілігін қайтадан мұқият қарау қажет. Қағазбастылық керек емес.

Мен соңғы кездегі жаһандық үрдістерді ескеріп, 2050 – Стратегиясын жаңартуды тапсырдым. Бұл ұзақ мерзімге арналған құжат болуға тиіс. Онда әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси даму жолындағы негізгі басымдықтар айқындалуы керек. 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары өзектілігін жоғалтты деп ойлаймын. Сол себепті жаңа құжат әзірлеу қажет. Онда еліміздің орта мерзімге арналған мақсат-міндеттері нақты белгіленуге тиіс. Бұл құжат мемлекетімізді дамытуға қатысты барлық мәселені қамтуы қажет. Сайлау алдындағы бағдарламам да ескерілуі керек. Оған Мәжіліс сайлауында жеңіске жеткен «Аманат» партиясы бағдарламасының негізгі тұстарын қосқан жөн. Басқа партиялардың орынды ұсыныстарына да баса мән берген абзал.

Бізге ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тың тәсілдері қажет. Сол үшін тиісті стратегияны заман талабына сай қайта қарау керек. Сыртқы саясат тұжырымдамасы да жаңартылуға тиіс. Бұл құжат мүлде басқа геосаяси жағдайда қабылданған. Қазір көп нәрсе өзгерді. Яғни, ішкі қауіпсіздікті сақтау, қорғаныс қабілетін күшейту, Қазақстанның және бүкіл Орталық Азия аймағының халықаралық деңгейдегі беделін арттыру мәселелері басты назарда болуы керек.

Құрметті жиынға қатысушылар!

Қазір – ерекше тарихи кезең. Ғылым мен технология ғана емес, қоғамдық қатынастар да түбегейлі өзгеріп жатыр. Мемлекеттердің даму бағдары және басымдықтары басқаша сипат алды. Мұндай кезде батыл әрі жылдам әрекет жасау қажет. Арқаны кеңге салып отыруға уақыт жоқ. Жүктелген міндеттерді орындау үшін дереу іске кірісу керек. Тапсырмалар мүлтіксіз және уақтылы орындалуға тиіс. Әйтпесе, салдары ауыр болады. Реформалардың нәтижесін әрбір азамат нақты сезінуі қажет. Алдағы жұмыстың басты өлшемі – осы!

Баршаңызға табыс тілеймін!

 

 

EL.KZ
Бөлісу: