Президенттің Іс Басқармасы балдырғандарға базарлық жасады

7 Желтоқсан 2022, 19:45 1372

Қызметкерлер «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына» барды

«Бала қуанса – әлем бірге қуанады» деген баршаға мәлім қанатты сөз бар. ҚР Президентінің Іс Басқармасы елордадағы «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына» барып, балдырғандарға базарлық жасады, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Ұжым мүшелері мұндағы бүлдіршіндерге түрлі ойыншық пен кітап сыйлады. 60 балаға арнайы дастархан жайған Президент Іс Басқармасының аспаздары оларға тамақ пісіруден шеберлік сабағын өткізді, балалармен бірлесіп тағам әзірледі. Ертегі кейіпкерлерін сомдаған аниматорлар да кішкентайларды шат-шадыман күлкіге бөлеп, кездесудің көңілді өтуіне атсалысты.

Ұйымдастыру-бақылау және кадр жұмысы бөлімі меңгерушісінің орынбасары Гүлнар Чикинаева балаларға:

– Бүгін сендерге еліміздің ең мықты деген аспаздары тәтті-дәмді тамақ пісіріп әкелді. Олар өздеріңе тамақты қалай пісіру керектігін де көрсетеді. Дайын болғаннан кейін сендер астан дәм татамыз. Болашақта өздеріңнің араларыңнан да осындай мықты мамандар шығады деп үміттенемін, – деді.

Аспаздарды айнала қоршап алған бүлдіршіндер олардың үйретуі бойынша тағам әзірледі. Балалармен бірге жұмыс істеуден керемет әсер алған Президент Іс Басқармасының аспазы Светлана Баужанова:

– Олардың қызығушылығы күшті, кондитер ретінде бар өнерін салуға тырысты. Біздің тапсырмамызды құлшына орындап шықты. Бәріміз бірлесіп капкейк пісірдік. Қуанышты екені түрлерінен көрініп тұр. Қазірден бастап баулыса, болашақта бұл жерден мықты аспаздар мамандар шығуы әбден мүмкін, – дейді.

ҚР Президенті Іс басқармасы Құжаттамамен қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы Ұлбала Қайыпова  осындай іс-шараларды өткізу дәстүрге айналып келе жатқанын айтты.  

– Мемлекет басшысы «Балалар жылын» жариялаған соң, біз де ұжым болып жұмыла атсалысып, бірқатар іс-шара өткіздік. Бүгінгі кездесу де –  солардың бірі.  Бұл орталықты қалай таңдағанымызға келсек, Астана қаласындағы балалар тәрбиеленетін орталықтардың біразына хабарластық. Арнайы барып, жағдайларын көрдік. Мұнда түрлі қиын жағдайға тап болған балалар тәрбиеленіп жатқанын біліп, оларды қуантқымыз келді. Жалпы, кез келген бала – болашақ тұлға. Оларға қандай қолдау көрсетсек те артық болмайды, – дейді ол.

«Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының» директоры Бибігүл Тақысова айтқандай, мұнда қазір ата-ана қамқорлығынан айырылған 60 бала тәрбиеленіп жатыр. Олар өздерімен кездесуге келген жандарды қуана қарсы алады.

– Балаларымыздың бәрі ақылды, өнерлі, тәртіпті. Бізге волонтерлер, көмек көрсететін тәлімгерлер жиі келіп бүлдіршіндерге сабақ оқуға көмектеседі, кинотеатрға апарып тұрады. Мұндай кездесулер олар үшін өте маңызды. Президент Іс Басқармасының көңіл бөлгеніне қуаныштымыз. Бұл орталыққа келген адамдардың барлығын біз досымыз деп санаймыз, – деді Б.Тақысова. 

Осы орайда, Президенттің Іс Басқармасы «Балалар жылы» аясында басқа да іс-шараларға мұрындық болып жүргенін айта кетейік. Мысалы, ерекше балаларды Бурабайға аймағындағы емдеу-сауықтыру орындарына апарды. Балдырғандардың Ұлттық музейге, АЛЖИР мемориалды-мұражай кешеніне экскурсия жасауына себепкер болды. Бүлдіршіндерді сурет салудан өзара жарысып, түрлі сыйлықтармен марапаттады. Сондай-ақ көп балалы аналарға материалдық қолдау көрсетілді. Осы бағыттағы жұмыстар жыл соңына дейін жалғасады. 

EL.KZ
Бөлісу: