Президенттің БАӘ-ге сапары жергілікті медиада кеңінен қамтылды

19 Қаңтар 2023, 09:46 1563

ҚР Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаевтың Біріккен Араб Әмірліктеріне 16-18 қаңтар аралығындағы сапары жергілікті елдің бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде кеңінен қамтылды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Басқа әлеуметтік желілерді, жергілікті интернет және дәстүрлі басылымдарды айтпағанда билік өкілдері мен ақпарат агенттіктерінің Твиттер веб-сайтындағы парақшаларында сапар туралы кең ауқымды ақпарат, оның ішінде видеоматериалдар берілді. Миллиондаған тұтынушылары бар қысқа мәтіндік жазбалар жазуға арналған Твиттер веб-сайтында мемлекет басшылары, ірі бизнес алпауыттары өз парақшаларын ашқан.

«Барқ Имарат» ақпарат агенттігі ҚР Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаевтың Біріккен Араб Әмірліктеріне 15 қаңтар күні бірнеше күнге созылатын ресми сапармен келетіндігін хабарлады.  

 17 қаңтарда ҚР Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһайанмен кездесті.

Салтанатты кездесуде зеңбіректерден оқ атылып, әнұран орындалып Қазақстан Президентіне ерекше құрмет көрсетілді.

 

18 қаңтарда ҚР Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ Вице-президенті, Премьер-министрі және Дубай билеушісі шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактуммен Дубайда кездесті.

Кездесулерде өңірлік және халықаралық ареналардағы аса маңызды оқиғалар және ортақ қызығушылық тудыратын мәселелер талқыланды.

Әмірліктер тарапы БАӘ-нің соңғы онжылдықтарда Қазақстан Республикасымен экономикалық әріптестікті жетілдіруге деген ұмтылысын атап өтті. Ынтымақтастықтың келесі кезеңінде осы серіктестікті одан әрі дамыту үшін күш-жігер жұмсауға деген ниеттерін білдірді.

БАӘ-нің тұрақты даму, таза және жаңартылатын энергетика, ғарышты игеру және технологиялар және сауда, туризм, инвестициялар салаларындағы тәжірибесі екі тарап арасындағы берік ынтымақтастыққа негіз болатын мүмкіндіктер екендігі атап өтілді.

Бұдан бұрын, 16 қаңтарда ҚР Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаев «Абу Даби тұрақты даму апталығы» саммитінің ашылу рәсіміне қатысып, жауапты тұлғалармен, жергілікті іскерлік топ өкілдерімен кездескен болатын. 

Сапар нәтижесі бойынша  ҚР Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаев пен БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаян Бірлескен мәлімдеме жариялады. Сонымен қатар бірқатар мемлекетаралық құжаттарға қол қойылды.

Қайрат Сәки
Бөлісу: