Президенттің Ақтаудағы бұрынғы резиденциясының орны бос тұр

22 Тамыз 2023, 12:51 621

Президенттің Ақтаудағы бұрынғы резиденциясы аумағына қатысты қалалық әкімдік жауап берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Президенттің бұрынғы резиденциясының орнына не салынатыны туралы әкімдік нақты шешім қабылдамаған. 

Айта кетейік, бұған дейін құны шамамен 1 миллиард теңге болатын жер учаскесі мемлекетке қайтарылғаны айтылған. Маңғыстау облысы әкімдігінің жер қатынастары басқармасы 2002-2004 жылдары жер учаскесі "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ меншігіне беріліп, көп уақыт өтпей Oil Real Estate ЖШС-не сатылғанын хабарлаған еді.

Сот тергеу арқылы 20 жылдан аса уақыттан кейін жер учаскесінің заңсыз сатылғанын анықтады. Учаске иесі апелляциялық шағым беру арқылы бірінші сатыдағы соттың шешімін жоюға тырысты.

Жер учаскесін беру кезінде Ақтау қаласының әкімдігі жалпы тәртіпті сақтамаған, яғни жер учаскесі жер комиссиясының және жерге орналастыру жобасының қорытындысынсыз берілген. Департаменттің жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтару туралы талабын бірінші сатыдағы сот қанағаттандырды. Жауапкер берген апелляциялық шағым Маңғыстау облыстық сотының шешімі бойынша, қанағаттандырылмады. Сот шешімі заңды күшіне енді, - деп хабарлады Маңғыстау облысы әкімдігінің жер қатынастары басқармасы Lada.kz басылымына.

Ақтау қалалық әкімдігі бұл жер учаскесінде не салынатыны әлі белгісіз екенін мәлім етті.

Бұл учаске бас жоспарға енгізіліп, егжей-тегжейлі жоспарлау әзірленеді. Осыдан кейін ғана учаскеде не салынатынын айтуға болады, - деп жауап берді әкімдік.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ел Президентінің тапсырмасы бойынша Қостанай, Ақтау, Тараз, Атырау және Ақтөбедегі өңірлік резиденциялары әкімдіктерге балалардың қажеттіліктеріне берілетіні хабарланды. Президенттің Атырау, Жамбыл, Ақтөбе облыстарындағы резиденцияларын балалар сауықтыру орталықтарына айналдыру жоспарда бар.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: