Президенттік полк сарбаздары Абайдың тұңғыш жинағымен танысты

12 Тамыз 2015, 03:03

Ұлттық академиялық кітапханасында Абай Құнанбаевтың туғанына 170 жыл толуына байланысты «Білімдіден шыққан сөз...» атты тағылымды шара өтті

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Абай Құнанбаевтың туғанына 170 жыл толуына байланысты «Білімдіден шыққан сөз...» атты тағылымы мол шара өтті.   

Ұйымдастырушылар «Айбын» президенттік полкінің сарбаздарына Ұлттық академиялық кітапханада жақында ашылған «Абай» залын таныстыды. ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы Ақпараттық-мәдени бағдарламалар қызметінің әдіскері Айман Құсайынова меймандарға ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы кеңінен әңгімелеп берді.  

Шара аясында «Айбын» президенттік полкінің жауынгерлеріне ұлы ақын тралы деректі фильм көрсетілді. Отан қорғаушыларға кітап мұражайының сирек кітаптар қорында сақталған Абайдың 1909 жылы Санкт-Петербург қаласында мұсылман баспасынан басылып шыққан тұңғыш кітабы таныстырылды.

– Абайдың туғанына 170 жыл толуына орай арнайы ұйымдастырылып отырған шараға қауіпсіздік саласындағы әскери қызметкерлерді әдейі шақыру арқылы, оларға да қазақ халқының ойшылы жайлы көптеген деректерді ұсынғымыз келді. Өздеріңіз көргендей, оларға ақынның өмірі мен шығармашылығы жайлы баяндап, деректі фильмдер көрсеттік. Сарбаздардың ойын білу мақсатында ақын жайлы сұрақ-жауап ұйымдастырдық. Әскери ортадан келсе де ақынның шығармашылығына байланысты кез-келген сауалымызға толыққанды жауап бере білді. Абай жайлы таным-түсініктерінің терең екендігін аңғарып, тәнті болдық, – дейді ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы Ақпараттық-мәдени бағдарламалар қызметінің әдіскері Айман Құсайынова.

Шара соңында сарбаздар Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнін хормен нақышына келтіре орындады.

Абайдың тұңғыш жинағы

Абайтанушы ғалым Асан Омаров  2009 жылы «Егемен Қазақстан» газетінің  3 маусымдағы санында жарық көрген «Абайдың тұңғыш жинағы» атты зерттеу мақаласында тарихи жинақ қалайша жарық көргені туралы келесідей деректер ұсыныпты. 

«Абай қазақ мәдениетінің қайталанбас тұлғасы, ал оның тұңғыш кітабы күллі Ұлы Дала өркениеті тарихындағы соны құбылыс.  Ұлт рухының жаңғыруы, қазақ жазба әдебиеті Абайдан басталады. Жұқалаң ғана кітап ұлттық оянуға, мәдени қозғалысқа өзгеше әсер еткен құдіреттің бірі. 

Сонымен, тарихи жинақ қалайша жарық көрген еді? 
Жақын туыстары Абай қазасынан кейін, Әлихан Бөкейхановтың кеңесі бойынша ақынның асыл мұрасын жинастырып, баспаға әзірлеуге кіріскені мәлім. Бұл туралы құнды деректі 1915 жылы “Қазақ” газетінде жарияланған Кәкітайдың қазасына байланысты жазған  мақаласында: “1904 жылы Абай марқұмның өлеңін кітап қылып басыңдар деп, балаларына хат жаздым” деп Әлекеңнің өзі жеткізеді (Абай дүниеден өткенде алғаш рет орыс тілінде қазанаманы жазған да Әлекең екені белгілі).
Сөйтіп, Кәкітай мен Тұрағұл 1905 жылдың қысы мен жазғытұрымында Абайдың өлеңдерін, қарасөздерін жинап, түгендейді. Ал, жадырап жаз келгенде бұл екеуі Абай мұрасын көрші әрі туысқан есебінде болған Мүрсейіт Біке баласы деген молданың қолына беріп, әдемілеп көшіріп жазуды тапсырады. Көркем (ескіше хұсни) жазудың хас шебері Мүрсейіт молда, Әрхамның куәлігінше, арнайы тігілген қоста отырып, өз жұмысын бір айда аяқтап шыққан екен.«Абай өлеңдерінің алғашқы жинағы» атты мақаласында жазғандай (Абай. — 1992. — №3) жазушы Р.Мұсаұлының: «Мұндай үлкен игі іске бүкіл ауыл-аймақ түгел тілеулес боп, шама-шарықтары жеткенше қол ұшын беріп, ат салысуына сөз бар ма?» деген пікіріне біз де қосыламыз.

Абайтану ғылымы үшін мәнді деректерді Әрхамқызы Мінәш апайдың «Кәкітай» атты мақаласынан (Абай. – 1995. —№1-2.),  дәлірек айтқанда осы мақалада келтірілген Кәкітайдың әйелі Бибі әжейдің естелігінен кездестірдік.

Бірінші дерек: Бибі әжей төрт кісі болып (өзі және Тұрағұл, Шәкәрім, Кәкітай) «Әкемнің (Абай атам) жылын береміз деп дайындалып жүргенде керек-жарақ аламыз деп Семейге барып жаттық» дейді. Осы бір ауыз сөз бүгінгі зерттеуші үшін аса бағалы! Ол Шәкәрім бас болып, туыстардың Абайдың жылын өткізуге қажетті керек-жарақты алуға Семей шаһарына 1905 жылдың маусым айының ортасында келгенін анықтауға мүмкіндік береді (Абай 1904 жылдың 23 –ші маусымында қайтыс болған).

Бибі әжейдің екінші дерегі: үш туыс (Шәкәрім, Кәкітай, Тұрағұл) Абайдың қолжазба жинағын өздерімен бірге Семейге ала барды дейді.
Омбының тұрғыны Ә. Бөкейханов үш туысты Семейде қарсы алған (Саяси ахуалға орай, мамыр айынан бастап Әлекең Семейде әліптің артын бағып, өзі айтқандай «бұғып» жүрген болатын). Неге? Абай өлеңдерінің алғашқы жинағын біріге қарап, бірлесе ойластыру үшін. Шыңғыстаудан Семейге жеткен топ Ә.Бөкейхановпен кездесіп, келелі мәслихат құрады. Мұны да естелік иесінің өз аузынан естиміз. «Бұл кісі кім?» деп сұрағанымда, оқыған ақылды кісі, Абай ағамның өлеңдерін қараттық деген”, - дейді Бибі әжей. Және, сол күні: «Достар таң атқанша әкемнің (Абай атам) өлеңдерін оқып, ән салып отырды. Таң қылаң бергенде ғана қонақты үшеуі шығарып салды». Аса құнды факті емей не!

Сонымен, Абайдың өлеңдерін бөлік-бөлікке бөліп, жүйеге салу, сондай-ақ, алғашқы жинақтың жалпы құрылымын анықтап, оның соңына Абайдың өмірбаянын беру сияқты мәнді мәселелерді шешуге кімнің қатысқанын тұңғыш рет естіп, біліп отырмыз. Үш кісінің үлесі бұрыннан-ақ мәлім болғанымен де, мәслихаттың уақыты мен орны (Семей ме, әлде Омбыда ма) белгісіз-ді. Сондай-ақ, Шәкәрімнің есімі бұрын-соңды солай шығар деп болжанғанымен, нақты аталып көрген емес. Төрт достың бас қосып, кеңесуі нәтижесінде Абай жинағы құрылымының  қандай болмағы шешілді дедік. Сол шешімге сәйкес соңғы қолжазба нұсқаны әзірлеу, яғни жаңадан көшірту, әрине, тағы да Мүрсейіт Бікеұлына тапсырылады.  Бұл туралы: «Оқылып, тексерілген соң қайта көшіртіп, бір ай шамасында дайындатып алып, Кәкітай Семейге алып жүрді, – деп жазады Әрхам ақсақал. – Жол расхотына сатуға екі семіз ат, екі семіз түйесін әкетті. Кәкітай малын ақшалап алып, Омбы қаласына кеттім деп хат жазды». Кәкітайдың бұл сапары жайлы Әлекең былай дейді: «1905 жылғы шілденің аяғында Кәкітай Абайдың қолжазбасын алып, Омбыдағы маған келді. Кәкітай біздің үйде бірер жұмадай жатты. Абай, Пушкин, Лермонтов сөздерін бірге оқып, мәз-мәйрам болдық». Бұдан байқайтынымыз, Абайдың қолжазбасын әзірлеу, оны жүйелеу мен бөлім-бөлімге салу төңірегінде әңгіме болмаған. Оның себебі, Омбыға Кәкітай соңғы нүктесі қойылған даяр қолжазбамен келген.

Ұзақ, төрт жылға созылған шырғалаңнан соң ақырында Абайдың алғашқы өлеңдер жинағы 1909 жылы басылып шығады. Жинақтың басқы бетінде: «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбай ұғылының өлеңі. Бастырған: Кәкітай, Тұрағұл Құнанбайұғландары. СПБ., Восточная электропечатня И.Бораганскога, 1909» деп жазылған. Сондықтан кітаптың Кәкітай мен Тұрағұлдың еңбегі арқасында жарық көргеніне ешкімнің таласы жоқ. Алайда бұл екеуіне Әлихан сияқты ақыл-кеңесін беріп, көмек қолын созған төртінші адамның да  болғанын, ол Шәкәрім екенін ескере жүрсек, ғылыми айналымға енгізсек, ұлы рух алдындағы борышымыз сәл де болса өтелер еді деген пікірдеміз»,- деген деректер келтіреді.


   Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ

 

 

 

 

Бөлісу: