Президенттік сайлауға белсенді қатысу міндеті тұр

31 Қазан 2022, 17:09 4024

Әрбір қазақстандықтың алдында президенттік сайлауға белсенді қатысу міндеті тұр.

Шыны керек, демократиялық қоғамда азаматтардың саяси белсенділігі сайлауға қатысу деңгейімен өлшенеді. Өйткені сайлаудың тиімділігі экономикалық, әлеуметтік және рухани фактоларға тікелей әсер етеді.

 2020 жылдың 20 қарашасында кезектен тыс президенттік сайлау өтетіні белгілі. Кандидаттардың сайлауалды штабы құрылып, өңірлердегі сайлаушылармен кездесіп, үгіт-насихат жұмыстары жүргізуде.

Сайлаудың мән-мазмұны туралы Мәжіліс депутаты Айдос Сарымнан білдік.

– Қоғам белсенділері сайлаудың саяси мәні туралы түрлі пікір білдіруде. Меніңше, президенттік сайлау саяси реформаларды аяғына дейін жеткізудің тетігі, әрі қоғамда теңдік және әділеттілік принциптерін орнықтырудың жолы. Бізге түбегейлі экономиканың болмысын өзгерту керек. Бұл – өте күрделі процессті талап етеді.

2000 жылдардан бері қарай елдің ЖІӨ өсім болды. Алайда халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсарып кетті деп айта алмаймыз. Неге? Себебі орталықта ғана емес, аймақтық деңгейде монополия терең жайлап, қарапайым халықтың несібе-ырысы артуына мүмкіндік бермей келеді. Сайлау арқылы саяси трансформацияны жүргізіп, елдің саяси бағыт-бағдарын айқындау құралы ретінде бағалауымыз керек.

Конституциялық өзгерістерге енгізілген заң жобалары Парламент қабырғасына келіп, депутаттардың талқысына түсуде. Сондай жауапты заңнамалық актінің бірі – партиялардың тіркелу тәртібі мен аудандық деңгейдегі әкімдердің салауын өткізу және тағы басқа.

Жеті жылға сайланған президент мерзімінде депуттаттық корпус пен әкімдер екі рет сайланып, жаңа лидерлер мен креативті басшылар келіп, халықтың өтініш-тілегіне құлақ асатын билік жасақталады. Осы кезеңдерді өткеннен кейін халықтың монополияға қарсы иммунитеті қалыптасып, қоғамдық-саяси санасы өзгеріп, Жаңа Қазақстан салтанат құрылады.

Демек, алдағы саяси науқанды президентті сайлау ғана деп қабылдамай, ұлттың болашағын өзгертетін саяси таңдау ретінде қарау керек, – деп мән-жайды түсіндірді.

Расында, сайлау ел тұрғындары өз көзқарасын білдіріп, сайлауға белсенді араласу арқылы мемлекеттегі саяси процеске тікелей қатысып, үлесін қосуға мүмкіндік алатын саяси жоба. Яғни сайлау – ерекше саяси күрес болып табылады.

– Сайлау кезінде адамдар өмірлік маңызды мәселелерді терең сезінеді. Халық кандидаттардың сайлауалды бағдарламасымен мұқият танысып, елдің ертеңіне қажетті әлеуметтік басымдықтарды айқындап, жарқын өмірі үшін дауыс береді, – дейді қоғам белсендісі Жарқынбек Амантайұлы.

2022 жылы 20 қарашада өтетін кезектен тыс президенттік сайлауға Қасым-Жомарт Тоқаев, Мейрам Қажыкен, Жигули Дайрабаев, Қаракат Абден, Салтанат Тұрсынбекова, Нұрлан Әуесбаев кандидат ретінде тіркелді.

Әлемде қалыптасқан күрделі геосаяси жағдайларды оңтайлы еңсеріп, елдің бүгіні мен келешегі үшін әрбір қазақстандықтың алдында президенттік сайлауға белсенді қатысу міндеті тұр.

Белсенді болайық!

Бірге болайық!

 

 

Нұрлат Байгенже
Бөлісу: