Президенттік сайлау: Лингвистикалық комиссияның құрамы бекітілді

28 Қыркүйек 2022, 17:42 1649

Бұл сынақтан сүрінгендер президенттікке үміткер тізімінен шығарылады.

Орталық сайлау комиссиясының отырысында президенттікке үміткерлердің мемлекеттік тілді қаншалықты меңгергенін анықтайтын лингвистикалық комиссияның құрамы бекітілді, деп хабарлайды El.kz.

«Орталық сайлау комиссиясының сұранысы бойынша Ғылым және жоғары білім, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктері, сонымен қатар Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті лингвистикалық комиссияның құрамына кандидаттарды ұсынды», - деді Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман.

Комиссия құрамы 6 адамнан тұрады. Олардың қатарында филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Ахметов, философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, абайтанушы Ғарифолла Есім, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Жанқара Дәдебаев, Назарбаев университеті қазақ тілі, әдебиеті және мәдениеті кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы профессор Гүлтас Құрманбаева, «Егемен Қазақстан» газетінің басшысы, философия ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Дихан Хамзабекұлы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі интституының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжанова сынды белгілі ғалымдар бар.

Биылғы президенттікке үміткерлер осы комиссияның алдында мемлекеттік тілден емтихан тапсырады.

Үміткерлерге көлемі екі беттен аспайтын жазбаша тапсырманы орындау, лингвистикалық комиссия ұсынған көлемі үш баспа табақтан аспайтын мәттінді оқу және комиссия ұсынған тақырып бойынша көпшілік алдында он бес минуттан кем емес сөз сөйлеу міндеттеледі.

Бұл сынақтан сүрінгендер президенттікке үміткер тізімінен шығарылады.


Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: