17 Қараша 2014, 07:02
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің отырысында халыққа жолдау арнайтындығын жария етті. Биыл Жолдау аясында Елбасы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты жаңа экономикалық саясаттың жүрігізілетінін мәлімдеді. Осыған орай Президент Жолдауына үн қосып, арнайы El.kz үшін ой бөлісіп жатқан азаматтардың пікірлерін LIVE режимінде толықтырып отырамыз.
Күні кешегі Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы әлемдік экономикалық ахуалдан туған азаматтарымыздың көкейлеріндегі сұрақтарға нақты жауап болды. Президент алдағы жылдарды жан-жақты экономикалық сараптай отырып, негізгі бағыттарды айқындап, Жаңа Экономикалық Саясатты жариялады.
Экономикалық сыни кезеңдерде банк секторына үнемі Мемлекеттік қолдау көрсетіліп келеді. Сондықтан да болар, Мемлекет Басшысы шағын және орта бизнесті экономикамыздың күретамырына айналдыру мақсатындағы жұмыстарға жаңа қарқын бере отырып, кәсіпкерлікті жеңілдікпен несиелеу қажеттілігін баса айтты.
Көліктік-логистикалық инфрақұрылымдарды дамытудың кешенді жоспары, индустриялық және энергетикалық инфрақұрылымдарды дамытудағы мақсаттарымыз экономикалық қана емес, сонымен қатар әлеуметтік тұрғыда да жаңа серпін берері сөзсіз.
Әлеуметтік инфрақұрылым, тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту, баспана мәселесі және оның қатардағы азаматтарымызға, әсіресе жастарымызға қол жетімділігін қамтамасыз етуге байланысты Елбасы талаптарын ерекше жауапкершілікпен және толық орындау керек. Біз өз кезегімізде дайынбыз.
Президенттің 11 қарашадағы Жолдауы қаншалықты қарқынды және күтпеген жерден болса, атқарылатын жұмыстардың соншалықты маңыздылығын және аса жауапкершілікпен, жылдам, нәтижелі орындалуы керектігін көрсетіп отыр.
Жас отбасылардың баспаналы болуына жәрдем ететін бағдарлама қабылдауды тапсырғанын да айтуымыз керек. Бұған дейін де жас отбасыларды баспанамен қамтуға қатысты бірнеше Үкіметтің бағдарламасы осындай Елбасының Жолдауларында айтылған. Әйтсе де баспана мәселесі толық шешімін тапқан жоқ. Кезекті бағдарлама жан-жақты зерттеліп барып жасалғаны дұрыс. Қазір жастардың жаппай қалаға ағылуына орай баспана мәселесі де қатар жүзеге асуы тиіс. Ал, нәтижесін алдағы жылдары көретін боламыз.
Елбасының биылғы Жолдауында басты назар еліміздің инфрақұрылымын дамыту мәселесіне бағытталды. Тарихқа үңілетін болсақ, экономика үшін ауыр кезеңдерде инфрақұрылымды дамыту, экономиканы жандандыру үшін ең тиімді құрал болып саналады. Мысал ретінде, әйгілі Американ Президенті Рузвельт: «Ұлы депрессия» кезінде инфрақұрылымды дамытуға бағытталған іс-шараларын атап өтуге болады.
Президенттің Жолдауында еліміздің инфрақұрылымының әртүрлі салалары толығымен қамтылған. Яғни, бұл тек қана транспорт-логистикалық инфрақұрылым ғана емес, сонымен қатар, индустриалды-энергетикалық, тұрғын-үй және т.б. инфрақұрылымдар жүйелері болып отыр. Сондай-ақ, орта және шағын бизнесті қолдаудың арнайы іс-шаралары жайлы атап өтілді.
Еліміздің дамуы үшін аса маңызды мәселе, Қазақстанның Еуропа мен Азияны жалғайтын жерүсті халықаралық дәліздеріне белсенді қатысуы болып табылады. Бұл тек қана, өнімдерімізді халықаралық нарықтарға тиімді жеткізу емес, сонымен қатар транзиттік тасымалдаудан түсетін төлемдердің ел пайдасына түсетіндігінде.
Елбасы Жолдауы әрқашан еліміз үшін маңызды мәселелерді қамтып келеді. Осы жылғы Жолдауда экономикалық мәселелер басты маңызға ие болғаныменен, Президентіміз еліміздің рухани-мәдени мәселелерін де атап айтып, «Мәңгілік ел» идеясының қазақстандықтар үшін маңызын толығымен түсіндіріп өтті. Және де 2015 жылы Қазақ хандығының 550-жылдығы өтетіндігі барша қазақстандықтар үшін аса маңызды іс-шара болып табылатындығын, сондай-ақ, осы 2015 жылы Қазақстан халықтары ассамблеясының 20 жылдығы, Жеңістің 70-жылдығы атап өтетіндігін айтты.
Менің көңілімнен шыққаны, Ұлттық қордан бөлінетін қаржының негізінен әлеуметтік мақсаттарға жұмсалуы: 200 мың жұмыс орнының ашылуы, тұрғын-үй, балабақша, жол салу және т.б.
Бастысы, сол бөлінген қаражаттың екінші деңгейлі банктер мен әкім-министрлер тарапынан талан-таражға түспесі болғаны.
Ағымдағы Жолдаудың басты ерекшелігі – бұл Елбасының «Нұр Отан» партиясына сыйлық жасады, себебі Жолдау – бұл партияның дайын сайлауалды бағдарламасы.
Әрине, көпшіліктің талқылауына біріншіден жаңа тұрғын үй бағдарламасы түскені анық. Себебі, бұл - еліміздің азаматтары үшін өте ауыр сұрақтың бірі. Соңғы әлеуметтік қақтығыстардың көпшілігі үй мәселесі бойынша болғанын ұмытпаған жөн. Жас отбасылардың 80 пайызында жеке баспанасы жоқ деген мәліметтің барын білеміз. Осыған дейін, жаңа ипотекалық бағдарлама қажет, оның пайызы төмен болуы тиіс деген ұсыныс көп айтылған болатын. Міне, енді жүзеге аспақ. Бұл азаматтардың баспаналы болуымен қатар, жаңа жұмыс орындарының ашылуына алып келмек.
Ең бастысы бюджет, зейнетақы қорындағы қаражаттан бөлек, ұлттық қордағы ақша талан-таражға түспеуі керек. Үкіметтің бюджетті тиімді жұмсай алмай жатқандығын ескерсек, 25 млрд. доллардың бөлінуі – үлкен қауіп.
Меніңше, бізді қыруар жұмыс күтіп тұр. Егер, осы бағдарламаның да қағаз, сөз жүзінде айтылып, іске келгенде әдеттегідей кейін тартып тұрса, онда өзімізге қиын болмақ. Сондықтан, тек сөзден іске көшіп, нәтижесін күту қажет.
Екінші - ұлт аралық достық. Еліміздің бүгінгі әлемге үлгі болар тұсы бұл – ұлттар арасындағы татулық, осы жағдайларды жастарға ұғындыру керек екені айтылды. Менің ойымша, достық пен келісім болмаған жерде ешқандайда даму болмақ емес.
Үшінші, 2015 жылдан бастап жас отбасыларға бастапқы жарнасыз және төмен пайыздық көрсеткіште үйлер салуға 180 миллиард тенге қаражат бөлінетінін жеткізді. Өзімізге белгілі бүгінгі таңда жаңадан отбасын құрған жастардың бір жылдың ішінде үштен бірі ажырасып жатыр, әрине бұған көптеген мәселелер ықпал ететіні түсінікті, дегенменде кейбір мәліметтерге сәйкес, еліміздегі жалпы жас отбасылардың 80% жуығында жеке пәтер жоқтығын ескерсек, Елбасы, Н.Ә.Назарбаев жастарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мәселесі дүп басып айтты.
Қазақстан халықаралық ұйымдардан басқа да бірқатар аймақтық ұйымдарға мүше ел. Тіпті кейбір мүдделі мемлекеттер біздің елді БРИКС-тің қатарынан көргісі келетінін айтып қалды. Бұл нені білдіреді? Ал, аталған ұйымдарда бізбен бірге Ресей мен Қытайдың бар екендігін және осы елдерге Батыстың қырын қарап отырғандығын есте ұстасақ, онда саяси-экономикалық жалынның бізге де лебі тиетінін ұмытпау керек.
«Отбасы – шағын мемлекет, ал мемлекет – үлкен отбасы». Кез келген дені дұрыс отбасы айналасында болып жатқан өзгерістерге зер салып үңіліп, түсініп, алыс-жақын болашаққа жоспар құрады. Алдағы уақытта қалай болады, қандай жұмыстарды бірінші кезекте қолға алуым керек, не нәрседен отбасымды сақтандыруым қажет, қандай қауіптер немесе қиыншылық менің отбасымды күтіп тұр деген сияқты сан сұрақтар отағасын мазалайтыны хақ. Және соған сай әрекет етіп дайындалады.
Еуразия атты қарт материк талай аласапыран оқиғаларды басынан өткізсе де, осы апайтөс құрлықтың дәл кіндік ортасындағы ұшы-қиыры жоқ Ұлы даланы «үстінде көк аспан, астында қара жер жаралғаннан бері» мекен етіп келе жатқан халқымыз әр кезде де Бостандық, Еркіндік, Азаттық ұғымдарымен ұлықтанып келеді. Десек те, бас-аяғы бес жарым ғасыр ішінде қазақ халық ретінде, Қазақстан мемлекет ретінде небір тар жол, тайғақ кешуден өттi. Керей мен Жәнібек, Хақназар мен Тәуке хандар тұсында азуы алты қарыс көршілерінен еш қаймықпай, қалыспай, терезесін тең ұстап, ел мен жұрт үшін қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнатты. XVIII-XIX ғғ. ағайын арасы алшақтап, көз ала болса да, көңіл құла болмаған алмағайып кезеңдердің өзінде жер бетiнен жойылған жоқ. Бостандығы босқындыққа айналса да, бодандығы қыл бұғаудай қылдырса да, көкейін қара бұлт басып, қасiретi шаш етектен асып, жатса түсiнен, тұрса есiнен еркiндiк пен егемендік идеясы кеткен жоқ. Іргесе отырып, сіресе жүріп iргелi елдігі мен ерлігін, жоралы жұрттығын, қабырғалы қалпын, салиқалы салтын сақтап қалды. Ол да болса қазаққа ілкіден тән сол баяғы Ұлттық мемлекеттілікке деген ұлы махаббаттың, еркіндік сүйгіш ерік-жігердің, тәуелсіздікке деген арманын дүниедегі бар асылына балаған асқақ рухтың арқасы.
Бүгін міне, Қазақстан әлемнің төрт бұрышына түгел мәшһүр, ұлттық мемлекеттiлiкке тән барлық қадір-қасиеті мен рәміздерін қамтамасыз еткен мемлекет. Саяси егемендігіміздің іргетасы экономикалық жетістіктермен бекітілуде. Әлеумет әлденуде. Керуен жүріп, көш түзелуде. Ұлтаралық татулық пен халықтар достығы саяси тұрақтылығымыздың мәуелі мәйегiне айналып отыр. Тіліміз бен діліміз, мәдениетіміз бен әдебиетіміз жанданып, жаңарып жатыр. Егемендігіміз баянды, Тәуелсіздігіміз табанды болған, сөйтіп алдымызға ұзақ мерзімді стратегиялық бағдарламалар қойып, жүзеге асыру жолында күні-түні еңбектеніп жатқан, ұлтымыздың рухани қуатын, қайыспайтын қара нардай қайратын, арыс алдаспандай сенім мен жігерін желдің жүзіне суарып, шыңдап жатқан осынау кезеңі – сол Ұлттық мемлекеттілік идеясының ғасырлар бойғы рухани күресінің заңды жемісі де, тарих алдындағы жеңісі де!
Осы тұрғыдан келгенде Елбасы Жолдауының күн тәртібіне дер кезінде әрі өте орынды шығарылғаны еш күмән туғызбайды.
Жаһандық күрделі үдерістер, әлемдік геосаяси және геоэкономикалық дағдарыстар, дүниежүзілік беймаза әлеуметтік, мәдени жәни діни ахуал – осының барлығы адамзат алдына шырмауы шым-шытырық мәселелер тудыруда. Қазіргідей көзді ашып-жұмғанша ертеңің кешегіге айналатын заманда жайбасарлық жақсы нышан емес. Сондықтан да болар, Жолдаудың мұнша жылдам боларын ешкім де болжап-білмей қалғаны. Оның үстіне әңгіме ел мен жер үшін, Ұлттық мемлекеттілік пен ұлт үшін аса өзекті міндет пен мақсаттар төңірегінде қозғалып отыр. Бұл ретте Халықтар достығы Ассамблеясының 20 жылдығы, Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы тәрізді саяси, әлеуметтік, мәдени және рухани маңызы айрақшы мерейтойларға да өз бағасы беріліп отырғаны қуантады.
Тамақ және химия өнеркәсібіне, машина жасау, қызмет көрсетулер салаларына қатысы бар шағын және орта бизнеске, әрі кәсіпкерлікті жеңілдікпен несиелеуге қосымша 100 миллиард бөлініп отыр. Халықтың көпшілігі үшін аса маңызды банк секторын сауықтыруға келер жылы қосымша 250 миллиард жұмсалмақ. Ұлттық мемлекеттігіміздің халықаралық абыройын әспеттейтін ЭКСПО-2017 кешеніне, көліктік-логистикалық, индустриялық энергетикалық және тұрғын үй инфрақұрылымдарын нығайтып, одан әрі дамытуға бөлінген қаржы көлемі қыруар. Білім, тәлім мен тәрбие саласына байланысты, әсіресе балалар бақшасы жүйесінің дамуына 3 жыл бойы қосымша 20 миллиард теңге, мектептерді жөндеуге және жаңалауға 20 млрд. теңге бөлінбек. Тек жол құрылысы арқылы ғана жаңадан 200 мың жұмыс орны құрылып, жол құрылысына 70 млрд. теңге жұмсалмақшы. Батыс пен Шығысты жалғап, екі дүниенің саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени және рухани байланыстарының күрематыры болған Ұлы Жібек жолы өтетін Қазақстан үшін жол, транспорттық логистика мәселелері ерекше маңызға ие екендігі әбден түсінікті.
Айналып келгенде, аталмыш әлеуметтік-экономикалық салалардың баршасы – мемлекеттің, Ұлттық мемлекеттігіміздің тұғырлы тіректері. Олардың әрбірі – Қазақ мемлекеттігінің әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру жолындағы ауқымды да абыройлы қадамдары.
Жетістік - кеңесе білген жерде, бірлік пен тірлік бар жерде. Солай болғанда ғана Елбасы өз Жолдауында атап көрсеткендей Жалпыұлттық идея - қазақтың Ұлттық Шаңырағы – Қазақстан құт пен берекенің, ынтымақ пен ырыстың ошағына айналмақ!