4 Қараша 2014, 04:16
Қазақстан демократиялық дамудың жалпыға бірдей танылған заңдылықтары мен біздің қоғамымыздың дәстүрлерін үйлестіре отырып, елбасымыз Н.Назарбаев елімізді одан әрі де саяси және мемлекеттік құрылыстың моделін әр жыл сайын жетілдіруде. Тәуелсіздіктің жиырма үшінші жылында қоғамдық тұрақтылықты, ұлтаралық келісімді қамтамасыз етуде, қазақстандық біртұтастық пен жалпықазақстандық патриотизмді қалыптастыруда мемлекетіміз біршама жетістіктерге жете алды. Бұл – біз мақтануға тұрарлық және бәрімізді ұқыптылықпен сақтауға міндетті қазақстандық «ноу-хау».
Мемлекетті, халықты, оның қауіпсіздігін одан нығайтып, экономиканың тұрақты дамуы мен азаматтарымыздың әл-ауқатының артуын қамтамасыз ету үшін Қазақстанға ұзақмерзімді тұрақтылық, бейбітшілік пен келісім керек дегенді президент бұрыннан айтып келе жатыр және бәрін де өз міндетіне алуда. Жалпы, президентіміз жуық арада ғана өткен Қазақстан-Иран бизнес-форумы барысында: «Біздің Тәуелсіздігімізге 20 жылдан сәл ғана асты, ал осы жылдары еліміздің экономикасы 16 есеге өсіп, халықтың әл-ауқаты 15 есеге жақсара түсті, бүгінде алтын-валюта сақтық қоры 100 миллиард доллардан асады, мемлекетің қарыздары аз», - деген мәлімет келтірді. Сонымен қатар, Елбасы Бүкіләлемдік экономикалық форумның бәсекеге қабілетті биылғы ғаламдық есебінің нәтижелеріне сай Қазақстан 144 елдің ішінде 50-орынға орналасқандығын атап өтіп, келесі жылы біздің ел жан басына шаққанда 14 мың доллар болатын көрсеткішке жетуі керектігін қадап айтты. Бүкіләлемдік банктің бизнес жүргізу жеңілдігі жөніндегі жыл сайынғы рейтінгінде Қазақстан қазірдің өзінде 50-орында екенін де тілге тиек етті. «Жалпы, бұл Кедендік одақ пен біздің басқа да көршілеріміздің арасындағы ең жоғары көрсеткіштер», - деді мемлекет Басшысы. Әрі «Қазақстан – бизнесмендер үшін жаңа мүмкіндіктер» екендігін тілге тиек етіп, осы орайда Иран кәсіпкерлерін Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаға қатысуға шақырды. Сондай-ақ Президент Кеден одағының, Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы арқылы Қазақстанда жұмыс жасайтын кәсіпкерлерге 2,5 триллион доллар көлемінде нарыққа жол ашылғандығын, ал бұл нарықтың ауқымы 170 миллион адам екендігіне тоқталып өтті.
«Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы жолдауында президентіміз Н.Назарбаев жалпы саясаттың түпкілікті мақсаты – халықтың әл-ауқатын жақсарту екендігін ерекше назарға алады. Өз сөзінде президентіміз: «Барлық атқарылған жұмыстың, шаруаның түптеп келгендегі негізгі мақсаты - халықтың әл-ауқатын түзеу. Мемлекеттің қоржынында қанша қаражат бар болса, соның барлығы халық үшін жұмсалады, бірақ қиын-қыстау жағдай туа қалса, қысылдырмайтындай қорымыз да болуға тиіс. Бұрын, Кеңес Одағы кезінде біздің кен байлығымыздың барлығын әкетіп жатыр дейтінбіз, енді соның бәрі өз қолымызда. Ең алдымен, біз экономиканы жөндеуге күш салудамыз. 2020 жылға дейінгі үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын қолға алдық. Оған қай жылы, қанша қаражат бөлетінімізді, қай бағыттарда, қалай өрбитінінің барлығын айқындап айттық. Оған дейін мәдениетке көңіл бөлінді, тілге мән берудеміз, оны да білесіздер, ал енді қазір халықтың әлеуметтік жағдайын нақты сөз ететін уақыт келді. Осы жылғы Жолдаудың әлеуметтік бағытты бетке алуының бірнеше түйіні бар. Біріншісін - индустриялық бағдарлама жайында жаңа айтып кеттім, екіншісі - білім беру мәселесі. Үшіншісі - денсаулық сақтау. Төртіншісі - үй құрылысы, тұрғын үй мәселесі. Бесіншісі - 3800 ауылға ауыз су апару, оларда қазір сапалы ауыз су жоқ. Ауыл шаруашылығын көтеруге 2002 жылдан бері қыруар көмек жасаудамыз» - дейді.
Халықтың әл-ауқатын көтерудегі президентіміздің ең бірінші мақсаты - мектепке дейінгі бала тәрбиесімен айналысатын балабақшалар салу алға шығып, 2020 жылға дейін бүлдіршіндерді толығымен балабақшамен қамтамасыз ету. Осы орайда 2-3 жылдың ішінде-ақ қыруар жұмыс жасалғаны белгілі. Басқа мақсаттарға пайдаланылып келген бұрынғы балабақшалар қайтарылып алынды, жаңадан балабақшалар тоқтамай салынып жатыр. Осылайша балабақшалармен қамтамасыз ету бұрынғы 27 пайыздан 40 пайызға көтерілді. Бұл жұмыс 2020-ға дейін әрі қарай жалғасатыны ақиқат. Себебі, ол президентіміздің назарынан тыс емес үлкен әлеуметтік мәселе. Балалардың ақыл-ойы, ой-өрісінің негізі 3 жастан 6 жасқа дейін қаланады дейді. Бала өзімен теңдес, қатарластарымен бірге өседі, олардың ата-анасының жұмыс істеуіне жағдай тууы керек емес пе? Бұл бір жағы болса, екіншіден, біз бәрібір 12 жылдық білім жүйесіне көшуге тиіс екендігімізді де президент ерекше назарға алып отыр. Сол үшін елімізде 400 мектеп салынуы керектігі мақсат етіліп, бүгінде бұл мақсат орындалып жатыр. Егер, жергілікті әкімдер шындап кірісіп, 200 мектеп, мемлекет 200 мектеп салса мәселе өз-өзінен шешімін табады. Сонымен қатар, жоғарыда индустриялық бағдарлама жасалды деп жатырмыз. Ал сол зауыт, фабрикаларда кім жұмыс істейді? Сондықтан кәсіби білім беру мәселесі де Елбасымыздың ең басты нысаны. «Жастар сапалы білім алмай – елдің болашағы баянды болмайды» – деп айтқан болатын президентіміз.
Денсаулық сақтау мәселесіне тоқталсақ, қазіргі күні жас босанған аналардың өлімі 20 пайызға төмендеді, адам өлімі де 30 пайызға азайды. Оның ішінде денсаулық сақтау саласын көтеруге ауруханалар салынып жатыр, түрлі ЖОО-да дәрігерлерді дайындалып жатыр, еліміздің түкпір-түкпіріне медициналық пойыздар жіберілуде, арнайы жасалған фургондар, жасақталған госпиталь – тікұшақтар бар. Мысалы, ірі күре жолдардың бойында қанша адамдардың апаттардан өмірлері қиылып кетіп жатыр? Егер сол жерге медициналық маманданған жәрдем дер кезінде жетсе, қанша адам құтқарылар еді. Жартысын аман алып қалуға болады. Осының барлығын есептей келгенде негізгі мақсат - адам өмірін ұзарту. Осыған дейін қазақстандықтардың орташа жасы 66 болса, соны 72-ге жеткізу президентіміздің мақсаттарының бірі.
Халықтың әл-ауқатын жақсартудағы тағы бір маңызды міндет - адамдарды, әсіресе, ауылды жерлерді жұмыспен қамтамасыз ету. Қазақстан билігі қазірдің өзінде ауылда кәсіпкерлікпен айналысқысы келетіндерді несиемен қамтамасыз ете алады және етіп те жатыр. Қажет деп тапқандар мемлекет есебінен қосымша мамандық ала алады, ол мамандығы бойынша жұмыс табуына мемлекет көмектеседі («Дипломмен ауылға» т.б. бағдарламалар). 2015 жылға қарай 1,5 млн. адам оқудан өтеді. Жолай ауылдарда ауыз су проблемасын, жылумен қамтамасыз етуді, канализация жүйесін төсеу шешімін тауып отыр. Ендеше, мұның бәрі халықтың әл-ауқатының жақсарып келе жатқандығын көрсетеді емес пе?
Жалпы, мемлекеттік әл-ауқаты мен демографиялық ахуалының арасында байланыс бар кенін барлық сарапшылар мойындайды. «Әлі күнге дейін бай және кедей елдер арасында айырмашылық бар – табысы жоғары елдерде тұратын адамдардың кірісі төмен елдерге қарағанда ұзақ өмір сүруге мүмкіндігі көбірек» деп жазады Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Маргарет Чен. Табысы жоғары елдердегі адам жасының ұзақтығы инфекциялық емес аурулармен күрестің сәтті жүруіне байланысты екендігін айтады осы ұйымның өкілдері. Соның нәтижесінде, дамыған елдерде 60 жасқа дейін жүрек және инсульт ауруынан қайтыс болатындар аз. Әйтсе де, Денсаулық сақтау министрлігі мәліметтеріне қарағанда, соңғы жылдары Қазақстанда адамның өмір сүру ұзақтығы екі жарым есеге өскен. Статистикалық мәліметтер бойынша, 2013 жылы Қазақстан халқының болжанған өмір сүру ұзақтығы 70, 45 жасқа көтерілген. Мұның өзі Қазақстан халқының әл-ауқатының жақсарып жатқанын көрсетеді. Мұнда Елбасымыз Н.Назарбаевтың ерен еңбегі ерекше.
Халықты жұмыспен қамтудың тұрақты өсуі – бұл Қазақстанның қол жеткізген алғашқы маңызды нәтижесі. Елімізде жұмыссыздық деңгейі 2000 жылғы 12,8 пайыздық көрсеткішпен салыстырғанда 2005 жылы 8,1 пайызға дейін, 2012 жылғы 5,3 пайыздық көрсеткіш 2013 жылдың 2-тоқсанымен салыстырғанда 5,2 пайызға төмендеді. Бұл өз кезегінде 2011 жылы қолға алынған «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын іске асырумен байланысты болды. Оның іске асырылуына республикалық бюджеттен 200 млрд. теңге бөлінді, нәтижесінде 235 мың адам (ү.ж. 1 тамыздағы жағдай бойынша) мемлекеттік қолдауға ие болды. Экономикалық белсенділік халықтың табысын арттыруға мүмкіндік берді. Соңғы 15 жыл ішінде қазақстандықтардың табысы 16 есеге артты. Бір қызметкердің орташа айлық табысы он есеге дейін, оның ішінде бюджеттік сала қызметкерінің табысы 10,7 есеге артты. Экономикалық қызметтің түрлері бойынша 2013 жылғы қаңтар-маусым айларында оның көлемі 104 135 теңгені құрады. Мемлекетіміздің әлеуметтік қорғауындағы азаматтар ең жоғары қолдауға ие. Қарттық, бала туу, жазатайым оқиғалар, денсаулық мәселелері, еңбекке қабілетсіздіктің, жұмыссыздықтың алдын алу және шешу – Қазақстан Республикасының Үкіметі өзінің ерекше қамқорлығына алған негізгі міндеттер болып саналады. Әлемнің көптеген елдері халықты әлеуметтік қолдауды шектеп қойған тұста Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес әлемдік қаржылық дағдарыс жағдайларына қарамастан бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақылары, халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарына берілетін зейнетақы мен төлемдер арттырылып отырды. Осылайша, әлеуметтік қамсыздандыруға және әлеуметтік қолдауға арналған Республикалық бюджеттегі шығындар 2000 жылғы 151,0 млрд. теңгеден 2013 жылы 1 371 млрд. теңгеге дейін артты. Республикалық бюджеттен төленетін әлеуметтік төлемдерді ай сайын 4 млн. адам немесе ел халқының төрттен бір бөлігіне жуығы алып отырады. Бұлар түрлі себептер бойынша әлі еңбек ете алмайтын немесе еңбек етуге мүмкіндігі жоқ және өз өмірін өз бетінше құра алмайтын адамдар.
Қазіргі уақытта Қазақстанда 1,8 млн.-нан астам зейнеткер өмір сүруде. 2000 жылмен салыстырғанда олардың зейнетақыларының орташа мөлшері 10 есеге (4298 теңгеден 41790 теңгеге дейін) артты. Сондай-ақ, ҰОС қатысушыларына және мүгедектеріне, ҰОС-та қайтыс болған жауынгерлердің жесірлеріне, жетімдерге, егде жастағы адамдарға, бұрын зиянды өндіріс жағдайларында жұмыс істеген азаматтарға төленетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың да мөлшерлері тиісінше арттырылды. Отбасыларды әлеуметтік қолдау мақсатында және өсіп келе жатқан ұрпақтың дамуына қажетті жағдай жасау үшін ана мен баланы қолдаудың ұлттық үлгісі құрылды. Бүгінде бала туғанда берілетін бірреттік мемлекеттік жәрдемақыны, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімі үшін берілетін жәрдемақыны, аз қамтылған отбасылардағы 18 жасқа дейінгі балаларға берілетін жәрдемақыны, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған адамдарға берілетін жәрдемақыны алатын 400 мыңнан астам адам бар. Бұл ретте, бала туғанда берілетін жәрдемақының мөлшері осы норма енгізілгелі, яғни 2003 жылмен салыстырғанда орта есеппен 5 есеге дейін, ал, бала күтімі үшін берілетін жәрдемақының мөлшері 3,1 есеге дейін арттырылды. Отбасын нығайтуға, ұлттық құндылықтарды және көпбалалы отбасылардың дәстүрін сақтауға бағытталған өзге де шаралар қабылдануда. Балалы отбасыларды әлеуметтік тұрғыдан қолдау туу деңгейінің өсуіне оң әсерін тигізді, яғни туу көрсеткіші соңғы бес жыл ішінде біржарым есеге артты. Қазірде төрт және одан да көп бала тәрбиелеп отырған отбасылар қатары екі жүз мыңға жуықтады.
Халық – қай елдің болмасын негізгі байлығы, оның өркендеп өсуінің қайнар көзі екенін жақсы білетін президентіміз оның әл-ауқатының жақсартумен қатар, өмір жастарын ұзартуды негізге ала отырып, қазақстандықтардың санының көбейгенін қалайды. Халықтың саны мен қуаты молая беруі жері кең, халқы шамалы біздің ел үшін ерекше актуалды мәселе екені тағы бар. Сондықтан болар, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаға биылғы жолдауында «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру» мемлекеттің айқын мақсаттарының бірі екенін атай отырып, Қазақстан үшін демографиялық ахуал, халық санын молайту үшін нақты шаралар істеу керектігін тағы бір атап өтті. Ал, жуық арада ғана ОКҚ брифингінде көші-қон мәселесі бойынша баяндама жасаған ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов шеттен келген қазақ ағайындарға азаматтық беру мерзімін қысқарту керектігін айта келіп: «Қазіргі көші-қон заңына сәйкес, сырттан келген қазақтарға азаматтық беруді 4 жылға дейін созу дұрыс емес. 2014 жылдың соңына дейін бұл заңға өзгерістер енгізіледі. Сонымен қатар, оралмандарға әр түрлі жеңілдіктер де қарастырылады», – деді. Оның айтуынша, қандастар Қазақстанның 14 облысына да шоғырландырылады. Бұл ретте қолға алған бастамалар аяқсыз қалмайтынына көзіміз жетеді. Мысалы, ШҚО-да оралмандар ауылын салуға бөлінген қаражат дұрыс жұмсалды. Сырттан келген қандастарға азаматтықпен бірге үй беру және жұмыспен қамту мәселесі шешімін табуда. Бұған қоса, ауылды мекендерде жас мамандарды жұмыспен қамту да жолға қойылып отыр. Осындай шешімдер мен жұмыстардың арқасында Қазақстан халқы 30 млн.-ға жетіп, әл-ауқаты жақсарып, «Мәңгілік елге» айналуы тиіс. Бұл Елбасымыздың басты арманы.
Дінмұхамед Аязбеков