«Президент жарлығын күтіп отырмыз». Осакаров қашан Сарыбел болады?

15 Сәуір 2023, 16:15 2130

Былтыр Қарағанды облысының Астанаға жақын орналасқан Осакаров ауданы ресми түрде Сарыбел деген тарихи атауын қайтарады деген ақпарат тарағанда көпшілік қуанған. Бірақ әлі күнге құжат жүзінде ауданның аты ауыспаған, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Жергілікті тұрғындар жиырма жыл бойы Сарыбел тарихи атауын қайтару мәселесін көтеріп келген болатын. Былтыр тамыз айында ҚP үкімeті жанындағы Республикалық ономастика комиссиясы осы мәселеге байланысты бірауыздан оң шешім қабылдады. Бірақ жарты жылдан астам уақыт өтсе де, ауданның қазақша атауы әлі құжат жүзінде бекітіліп, «Сарыбел» деген тақтайшалар ілінген жоқ. Мәселенің анық-қанығына көз жеткізу үшін облыс әкімдігіне хабарластық. 

Қарағанды облысының ономастика, сараптама және қоғамдық ұйымдармен байланыс бөлімінің басшысы Әсет Аманжолов жауап берді.

Иә, аудан атауы ресми ауысқан жоқ. Бүгінгі таңда Осакаров ауданы атауын өзгерту бойынша заң талаптарына сәйкес тиісті жұмыстар жүргізілді. Қазір тиісті құжаттар Президент әкімшілігіне тапсырылды. Бұл бойынша Президент жарлығын күтіп отырмыз, - деді ол.

Айта кетейік, қазіргі таңда ауданда 30 мыңнан астам халық тұрады. Ауданға қарасты 52 ауыл мен 22 ауылдық округ бар. 

Еске сала кетсек, жақында Қарағанды облысында бірнеше ауылдың аты өзгертіліп, оларға қазақша атаулар берілетінін БАҚ өкілдері жарыса жазды. Облыстық ономастика комиссиясының қорытындысы негізінде және ауыл тұрғындарының пікірін ескере отырып жергілікті әкімдік пен мәслихат ауыл атауын өзгерту туралы шешім қабылдағаны белгілі болды.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: