Президент тәулік бойы жұмыс істейтін кітапхана салуды ұсынды

17 Маусым 2023, 14:20 1846

Қазақстанда тәулік бойы жұмыс істейтін Президент кітапханасы ашу туралы ұсыныс айтылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Бұл туралы Түркістандағы Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысы кеңінен айтып өтті.

Мартин Лютер Кинг сияқты менің де көкейімде жүрген бір арман бар. Ол – тәулік бойы жұмыс істейтін Президент кітапханасын ашу жобасы. Мен мұндай кітапхананы Анкарадан көргенім бар. Оның оқырмандары әлемнің әр түкпірінде басылып шыққан көркем шығармаларды, арнаулы әдебиетті оқуына мол мүмкіндік бар. Мұндай кітапхананы елімізде де салу керек деген ойдамын, - деді Президент.

Ол құрылтайдағы сөзінде идеология саласындағы кітаптың маңызының айрықша екеніне тоқталды.

Идеология жұмысындағы басты бағыттың бірі – кітап басып шығару ісі. Қазақстан нарығында шетел өнімдері басым екені жасырын емес. Әдеби кітаптардың 90 пайызға жуығы сырттан келіп жатыр. Бұл үрдістің салдары қандай болатыны айтпаса да түсінікті. Ұлттық мүддеге сай келетін кітаптарды көптеп басып шығару өте маңызды. Смартфон баланың қолындағы кітаптың орнын баспауы қажет. Қазір еліміздегі мектеп кітапханаларында 130 миллионнан астам кітап бар. Бірақ, ондағы көркем әдебиеттің үлесі мардымсыз. Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз басты міндеттің бірі. Бұл өте қиын мәселе екенін білемін. Әсіресе, олардың бар назары әлеуметтік желіде болған кезде, тіпті, қиындау болады. Бірақ, бұл мәселемен біз шұғылдануымыз керек. Басқа жол жоқ. Сондықтан, «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны қолға алуды тапсырамын. Қазақ әдебиетінің түрлі кезеңдерін және жанрларын қамтитын арнайы тізім жасалуға тиіс. Сол тізімдегі кітаптар барлық балаға қолжетімді болуы керек, - деді Қ.Тоқаев.

Президент «Қазақстанның Халық жазушысы» атағын берудің де маңызына тоқталған жайы бар.

Жалпы, мен Мемлекет басшысы және азамат ретінде қазақ әдебиетін әрдайым қолдап жүремін. Туындылар оқырмандарға қолжетімді болуы керек деп ойлаймын. Ал, жазушыларымыздың шығармалары халық арасында, әсіресе, жастар арасында сұранысқа ие болса. Мұның бәрі – мемлекеттің ғана емес, жазушыларымыздың да міндеті. Оқырман қауым қаламгерлерден халыққа рухани азық болатын тың дүниелер күтеді. Жазушылар одағы осы жұмысқа ұйытқы болады деп сенемін. Осыған байланысты, мен Мереке Құлкеновтің «Қазақстанның Халық жазушысы» атағын қайтару туралы ұсынысын қолдаймын. Бұл атақ атына – заты сай, лайықты, туындылары арқылы халық сүйген жазушыларға ғана берілуі керек деп санаймын, - деді Президент Құрылтайда сөйлеген сөзінде. 

 

Асқар Таудай
Бөлісу: