Президент сұхбаты Қазақстанның ішкі саясатында жасалған жаңа қадам болды

22 Қаңтар, 21:48 853

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды тарихи трагедиядан сақтап қалды. Бұны біз мойындауымыз керек». Қазақстанның халық жазушысы Смағұл Елубай ел Президентінің «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында Қаңтар оқиғасы жайлы айтқан пікіріне өз ойын білдірді. Оның сөзінше,  бұл сұхбат Қазақстанның ішкі саясатында жасалған жаңа саяси да тарихи қадам болды.

Ал, академик Мұрат Жұрынов: «елімізде өткен конституциялық реформалар  тәуелсіз мемлекеттің құқықтық алаңын мықтап айқындап берді. Енді осы алаңнан жаңа заңдар қабылдап, экономиканы көтеру қажет», - деген пікірде. Тарих ғылымдарының кандидаты Досалы Салқынбек аталған сұхбаттағы Мемлекет басшысының «Қасі­ретті Қаңтар оқиғасына жылдар бойы қордаланған әлеуметтік-эко­но­­микалық проблемалар себеп болды» деп айтқан тұсын құптап отыр. «Расында, Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар», - дейді тарихшы.  

Президент бастамаларының орындалу барысы жайлы зиялы қауым өкілдерінің ой-пікірлерін жариялауды жөн көрдік.

 

Смағұл ЕЛУБАЙ, Қазақстанның халық жазушысы:

Әрине. Әрбір Қазақстан азаматы, әсіресе көзі ашық Қазақстан азаматы бұл сұхбатты айналып өткен жоқ. Оған себеп - бұл сұхбат Қазақстанның ішкі саясатында жасалған жаңа саяси да тарихи қадам болды. Ең біріншіден, Мемлекет басшысы Қасіретті Қаңтарға қатысты, осы қасіретке алып келген басты екі себептің бірін ашып айтқандығында. Яғни, елде 30 жыл ұдайы қордаланған әлеуметтік әділетсіздіктен туған наразылықты одан бетер ушықтырған елде қалыптасқан қос президенттік билік екенін  ашық айтқанында. Сұхбаттың осы тұсында біз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жанайқайын естігендей болдық. Өйткені, бұл тарихи дағдарысты ескі Қазақстан өкілдері мемлекеттік төңкеріске ұластырып, тақты халық сайлаған жаңашыл, реформашыл, әділетшіл Тоқаевтан тартып алмақ болды. Өйткені бүкіл мемлекеттік  күш құрылымдары Тоқаевтың қолында емес, Назарбаевтың қолында еді.  Төңкеріс басшылары Тоқаевтың кабинетіне кіріп келіп: “ұшағыңыз дайын! Ақорданы босатыңыз”деді. Қорқытып үркітпек болып. Төңкерісшілер Тоқаевтан бір ауыз сөз күтті. “Жарайды!” деген. Бірақ, Тоқаев тапжылмады. “Мен ешқайда кетпеймін!” деді. Сол-ақ екен, ескі Қазақстан мен жаңа Қазақстан бірден ат кекілін кесісті. Екі жақ арасында өліспей беріспес текетірес басталып кетті.

Егер, Тоқаев Мәсімов бастап келген төңкерісшілерге “Жарайды!” дегенде, онда оның салдары не болар еді? Онда мұқым Қазақстан бұрын-соңды болмаған азамат соғысы өртіне оранар еді. Халық қаны дария болып ағар еді. Солтүстікте сеператизм бас көтерер еді. Оның салдары ұлтаралық қанқасапқа ұласар еді. Қаңтар қасіреті Қазақстан қасіретіне айналар  еді. Құдай Қазақстанды осындай тарихи трагедиядан сақтады. Тоқаевтың арқасында. Бұны біз мойындауымыз керек.Тәуелсіздік туы астына шоғырлануымыз керек, әділетті Қазақстан әлеуетін асқақтату үшін! Бізде басқа жол жоқ.

Біз әділеттік туралы сөз қозғадық. Сөйтіп отырып 30 жылда тәуелсіз Қазақстанды аяққа тұрғызуда жасалған ұланғайыр ұлт еңбегін жоққа шығаруға мүлдем қарсымыз. Бәріміз де ескі Қазақстаннан щықтық. Бәрімізді де Нұрсұлтан Назарбаев басқарды. Осы басшы қоластында Астанаға орталық көшірілді, заманауи елорда бас көтерді. Шекара бекітілді. Қазақстан Орта Азия көшін бастады. Бұл үлкен әңгіме. Бірақ, үлкен қателіктерге де жол берілді. Сыбайлас жемқорлық жалпыұлттық сипат алды.Қарапайым халық далада қалды. Ауыл жұмыссыз қалды. Ауылдың жастары қалаға шұбырды. Қалада олар тұрмыстық тауқымет шырмауынан шыға алмады.Тапқаны тамағына жетпеді. Кешегі Қаңтарды бастаған сол ауыл жастары болды.Олар ешқайда кеткен жоқ. Оларды көшеге айдап шыққан жоқшылық әлі сол қалпында. Ендеше осы қалаға шоғырланған қазақ жастарының жұмыссыздық, жоқшылық, баспанасыздық тәрізді тұрмыс тауқыметтерін шешкенде ғана біз Қаңтар қасіретінің қайталануына жол бермейді екенбіз.

Ендігі күрес осы бағытта әлеуметтік әділетсіздікті жою бағытында жүруі керек!

Бұл әділетсіздікті “жабыла көтерген жүк жеңіл“ деп тек жасампаз еңбек арқасында ғана жеңе аламыз!

 

Мұрат ЖҰРЫНОВ, ҚР ҰҒА академигі:

Қазіргі кезеңде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбаты кеңінен таратылып, талқыланып жатыр. Бұл сұхбатта Мемлекет басшысы Қазақстанның стратегиялық жоспары, болашағы туралы кең көлемде айтып берген. Шынында да Қазақстанда конституциялық реформа өтті, жаңа заңдар қабылданды. Бұл құқықтық алаңды мықтап белгілеп, айқын көрсету деген сөз. Енді осы құқық алаңынан жаңа заңдар қабылданып, экономиканы көтеру үшін ауқымды жұмыстар жасауға болады. Қазақстанның жыл сайын халықаралық аренадағы беделі өсіп келе жатыр. Оған Президентіміздің  халықаралық деңгейдегі еңбегін ерекше атап өту керек. Қазір Қазақстан барлық алпауыт мемлекеттермен жақсы қарым-қатынаста. Ресеймен де, Қытаймен де, кіндік Азиядағы туысқанмен мемлекеттермен  де, мұсылман әлемімен де жақсы байланыстамыз. Бұның өзі Қазақстанның беделді, келешекке мықтап орныққан мемлекет екенін көрсетеді. Қазақстан халқының әл-ауқатының артуына да көп көңіл бөлініп жатыр. Жыл сайын зейнетақы, стипендия, мұқтаж жандарға берілетін жәрдемақы көлемі артып келеді. Ең бастысы 18 жасқа дейінгі балаларға Ұлттық қордан өзінің үлесі белгіленді. 18 жасқа толғанда ұл-қыздарымыз қолына қомақты жәрдем алады.

Ғылым саласына келер болсақ, жаңа жылдың алдында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жарлығымен академиктерге стипендия тағайындады. Бұл барлық уақытта берілетін өмірлік стипендия. Оның үстіне биыл  Ғылым академиясының бірінші президенті, академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығы атап өтіледі. Біздің мемлекетіміз ғылымды, жоғары білімді алға тартып, көп көңіл бөліп жатыр. Бұл еліміздің дамуы мен жарқын болашаққа жақсы әсер ететін шаралар деп білемін.

 

Досалы САЛҚЫНБЕК, Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ профессоры:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатын оқып шықтым. Сұхбатта Президент қоғамымызды толғандырып отырған көптеген мәселелерге тоқталып, жауап берген. Мемлекет басшысы 2023 жылы атқаралған жұмыстарға шолу жасайды. Әсіресе, саяси жүйедегі мәселелермен қатар, экономикалық  саладағы, экономиканы әртараптандыру, монополиядан арылу, инфрақұрылымды жаңғырту, бизнесті қолдау, инвестиция тарту жұмыстарымен айналысу сынды ауқымды шараларды атап көрсетеді. Мемлекет басшысының атап өтуі бойынша, 2024 жылы елімізде бірқатар ауқымды саммит, форумдар өтеді. Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Түркі мемлекеттері ұйымына, Аралды құтқару халықаралық қорына, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына төрағалық етеді. Сонымен қатар, Дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізу де жоспарланып отыр екен. Бұл бір жағынан бізге аса зор мәртебе берсе, екінші жағынан үлкен сын екенін қаперден шығармайық.

Біздің рухани жан дүниеміздегі мәселелер  шешілетін Ұлттық құрылтай биыл Жер-ана бусанып, табиғат тіріліп, тіршілік түлеп, адамзат шат-шадыман болатын кезде өткізілетіні көңілімізге қуаныш сыйлап отыр. Бізді алаңдататын – тіл мәселесі. Осы Құрылтайда мемлекеттік тіліміздің, барша қазақстандық құрметтейтін, отандастарымызды ортақтастыратын басты тілге айналуы, оның статусының нақты айқындалуы  сынды келелі мәселелер қаралып, шешіледі деген зор үмітіміз бар.

Сұхбатта биыл халқымыздың біртуар перзенті, ғалым Қаныш Сәтбаев­тың туғанына 125, даңқты батыр, Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі  Сағадат Нұрмағамбетов пен Рейхстагқа бірінші болып ту тіккен әйгілі батырымыз Рақым­жан Қошқарбаевтың 100 жылдығының аталып өтілуі алдымызға зор міндеттер қойып отыр.

Сұхбатта  Мемлекет басшысының Қаңтар оқиғасы туралы айтқан тұсы менің көңілімнен шықты. Президент:  «Меніңше, қасі­ретті Қаңтар оқиғасына жылдар бойы қордаланған әлеуметтік-эко­но­­микалық проблемалар, жалпы тоқы­раудың билік пен қоғамды аздырып-тоздыруы себеп болды», -деп атап көрсетеді. Расында «Арқада қыс жылы болса, арқар ауып несі бар» деген халық даналығының мән-мағынасы осы жерге келетін сияқты. Шын мәнісінде халық алаңға жәйдан-жәй шыққан жоқ еді. Ереуілге әлеуметтік жағдайы нашарлағаннан кейін бейбіт түрде шықты. Алайда биліктен айырылғысы келмейтін белгілі топтар өздерінің бандиттік топтарын жұмсап, бейбіт ереуілді арандатып, соңы қантөгіспен аяқталды.

Мен тарихшы болғаннан кейін айта кетейін, Президент 2020 жылдың өзінде-ақ «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген көлемді мақаласын жариялаған болатын. Сол мақалада академиялық жеті томдық «Қазақстан тарихын» жазуды тапсырған еді. Мемлекет басшысының тапсырмасын отандық тарихшылар қолға алып,  жұмыс аяқталды. Еңбек биыл халықтың назарына ұсынылады деп ойлаймын. Тарихи тақырыпқа қатысты тағы бір айта кететін мәселе – Жошы ұлысы­ның құрылғанына 800 жыл толуы тарихшылар алдына үлкен зор міндеттер қойып отыр. Айналып келгенде озық ойлы, парасатты Қазақ мемлекетін құру үшін де біз бәріміз «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, Қазақстанның гүлденуі жолында аянбай, жұмыла  жұмыс істеуіміз керек.

 

Жанна АБАЙҚЫЗЫ

EL.KZ
Бөлісу: