Президент сайлауына қатысатын тағы бір үміткердің есімі белгілі болды

3 Қазан 2022, 11:49 1851

Ол «Астана» халықаралық ғылыми кешенінің экономикалық зерттеулер институтының басшысы Мейрам Қажыкен

«Астана» халықаралық ғылыми кешенінің экономикалық зерттеулер институтының басшысы Мейрам Қажыкен кезектен тыс президент сайлауына өз кандидатурасы ұсынылғанын растады, деп хабарлайды El.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Өткен аптада «Аманат» Қазақстан кәсіподақтар достастығы» республикалық кәсіподақтар бірлестігінде жиын болып, кезектен тыс өтетін президент сайлауына менің кандидатурам ұсынылған болатын.

Ұйым мүшелері қолдап дауыс берді. Ертең Орталық сайлау комиссиясына барып, үміткер ретінде тіркелу жұмыстарымен шұғылданамын», - деді Мейрам Қажыкен ҚазАқпарат тлшісіне телефон арқылы берген сұхбатында.

Мейрам Зекешұлы Қажыкен 1961 жылдың 5 сәуірінде Павлодар облысында туған. Экономика саласындағы бірнеше ғылыми мақалалар мен кітаптардың авторы.

Еңбек жолын туған өлкесінде инженер-гидротехник болып бастаған (1982 жылы).

2002-2003 жылдары Павлодар облысы экономика департаментінің бастығы, 2003-2004 жылдары ҚР Премьер-Министрінің кеңсесінде Үкімет басшысының кеңесшісі, өндіріс және инфрақұрылым саласы бөлімінің меңгерушісі, 2010-2011 жылдары Қазақстан индустрияны дамыту институтының директоры қызметтерін атқарды.


Бөлісу: