Президент сайлауы: Ғылым академиясы Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды

8 Қазан 2022, 00:27 1830

Қазақстан өзінің қазіргі саяси тарихындағы маңызды бетбұрыс кезеңінде тұрғаны айтылған

Республикалық Ұлттық ғылым академиясы президиумының кеңейтілген отырысы өтті, деп хабарлайды El.kz.

Жиынға Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының мүшелері, жетекші отандық ғалымдар мен ғылым және саясаттану саласындағы тәжірибелі сарапшылар қатысты.

Ғалымдар Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қазіргі заманның көрнекті мемлекет қайраткерлерінің бірі екенін, өзін ерік-жігері мықты, жауапты және принципшіл саясаткер ретінде танытқанын атап өтті.

«Тәжірибелі дипломат, халықтың мұң-мұқтажына ілтипатпен қарайтын, қазақстандық қоғамның қалың топтарының лайықты сеніміне ие болған қоғам қайраткері. Осыған орай, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы ел ғалымдары атынан 2022 жылғы 20 қарашада өтетін кезектен тыс сайлауда ел президенттігіне Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кандидатурасын ұсыну туралы шешім қабылдады», - делінген академияның мәлімдемесінде.

Баяндамада Қазақстан өзінің қазіргі саяси тарихындағы маңызды бетбұрыс кезеңінде тұрғаны айтылған.

«Біздің алдымызда еліміздің қазіргі даму болашағын нақты таңдау, қиын-қыстау заманымызға барабар саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамудың болашақ үлгісін таңдау тұр. Біз, шын мәнінде, алдағы жеті жылдағы қоғамымыздың, балаларымыздың болашағын анықтаймыз», - деді ғалымдар.

Бұған дейін Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы» республикалық қоғамдық бірлестігі президенттікке кандидат ретінде Қарақат Әбденді ұсынған болатын.

Бөлісу: