Президент сайлауы: Спортшылар одағы Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды

5 Қазан 2022, 13:12 1978

«Қазақстандық спортшылар одағының» мүшелері Қасым-Жомарт Тоқаевты  20-қараша күні өтетін кезектен тыс Президент сайлауына үміткер ретінде ұсыну туралы шешім қабылдады.

Елордада «Қазақстандық спортшылар одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Қазақстанның спортшылар қауымының отырысы өтті, деп хабарлайды El.kz.

Аталған іс-шарада Олимпиада ойындарының чемпионы Серік Сәпиев Президент сайлауының споршылар үшін де маңызы зор екенін атап өтті.

«Жақында ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша референдум өтті. Сайлау - ол қашан да реформа. Біз оны спортта да күтеміз. Қазақстанның спорт қоғамдастығы Отанымызда спортты дамыту үшін реформаға қатысуға дайын екенін бірнеше рет дәлелдеді. Қазір барлығымызға болашағымызды анықтап, қалыптастыруға үлкен мүмкіндік бар», деді ол.

Ал бокстан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Нұрғазы Жарылғапов та Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдап, оған «Халық қаһарманы» атағын беру қажет деп есептейді.

«Қаңтар айында қандай жағдай болғанын білесіздер. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев біздің елімізді сақтап қалды. Барлық мәселенің шешімін уақытында таба білді. Мемлекет басшысына «Халық қаһарманы» атағын беру керек», - деді ол.

Сондай-ақ Нұрғазы Жарылғапов кезектен тыс Президент сайлауына Қасым-Жомарт Тоқаевты үміткер ретінде ұсынуға шақырды.

«Спортшылардың атынан Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынуға шақырамын. Ол спорт саласын назарында ұстап отыр десе де болады. Президент бұл салаға көп жақсылық жасады», - деді.

Кездесуде «Қазақстандық спортшылар одағының» мүшелері Қасым-Жомарт Тоқаевты  20-қараша күні өтетін кезектен тыс Президент сайлауына үміткер ретінде ұсыну туралы шешім қабылдады.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: