Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Жазушылар Одағының ұжымына құттықтау хат жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Президенттің құттықтау хатын ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин оқып берді.
«Қадірлі қауым! Сіздерді Қазақстан Жазушылар Одағының құрылғанына 90 жыл толуымен құттықтаймын. Жазушылар Одағы – руханиятымыздың алтын діңгегі. Ақын-жазушыларымыз ұлтты ұйыстыру жолында қалтқысыз қызмет етіп жүр. Аға буын негізін қалаған осы ұлағатты дәстүр үздіксіз жалғасып келеді. Әдебиет – ойымыздың тереңдігі мен рухымыздың асқақтығын айқындайтын ұлы қазына. Оны заман талабына сай дамыту – қаламгер қауымның ғана емес, мемлекетіміздің алдында тұрған маңызды міндеттің бірі. Қазір біз ұлттың жаңа сапасын қалыптастырып жатырмыз. Озық ойлы ұрпақ тәрбиелеу ісінде зиялы қауым айрықша рөл атқару керек. Осы жауапкершілікті терең сезініп, адамгершілік құндылықтарды дәріптеп жүрген барлық қаламгерлерге шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздерге бақ-береке, толайым табыс тілеймін. Халқымыздың рухын көтеріп, танымын ұлғайтатын туындыларыңыз көп болсын!» – делінген Президент құттықтауында.
Бүгін айтулы мерейтойға орай Алматы қаласында салтанатты жиын өтіп жатыр. Шараға Қытай, Әзербайжан, Өзбекстан, Түркия, Ресей, Қырғызстан, Швеция, Татарстан, Башқұртстан, Якутия елдерінің әдебиет өкілдері келді.
Салтанатты жиынға арнайы келген Қырғыз Республикасы Президентінің кеңесшісі Арслан Қойшиев Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровтың құттықтауын жеткізді.
Қазіргі таңда Жазушылар одағы – 1015 мүшесі бар еліміздегі ең ірі шығармашылық бірлестіктердің бірі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін «Жазушылар одағы – ұлттық интеллигенцияның басын қосып отырған қара шаңырақ» деп осынау тарихы терең ұйымға жоғары баға берген.
Одақтың 90 жылдығына мерейтойға алыс-жақын шетелдік қонақтар – ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы, Еуразия Жазушылар одағының төрағасы, ТМД және Еуропа елдерінің Жазушылар одақтарының төрағалары, Швеция, Ресей, Түркия, Қытай, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия, Татарстан, Башқұртстан елдерінен келген мәдениет пен әдебиет өкілдері, сондай-ақ еліміздің түкпір-түкпірінен келген ақын-жазушылар, зиялы қауым мен отандық бизнес өкілдері қатысып, олардың барлығы дерлік сөз сөйлеп, құттықтады.
Алыс-жақын шетелден келген қонақтар Жазушылар одағының 90 жылдық мерейтойымен құттықтап, сөз сөйледі.
Халықаралық ТҮРКСОЙ түркітілдес мәдениеті ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев:
Жазушылар Одағының тарихы терең және оның шығармашылық жолы қазақ әдебиетінің алтын қорына айналды. Осы 90 жыл ішінде сіздердің қаламдарыңыздан туған шығармалар көптеген ұрпақ үшін рухани азыққа айналды. Ұлттың мәдениеті мен тарихын, салт-дәстүрін, тұтастығын қаламмен өрнектеп, тек қазақ жұртына ғана емес, әлемге де таныттыңыздар.ТҮРКСОЙ ұйымы Қазақстан Жазушылар одағының шығармашылығына үлкен құрметпен қарайды. Сіздердің туындыларыңыздың түркі халықтарының әдебиеті мен мәдениетіне қосқан үлесі зор. Әдебиет – халықтар арасындағы көпір, ал сіздер сол көпірді мықтап байланыстырып, түркі әлемінің рухани бірлігін қалыптастыруға өз үлестеріңізді қосып келе жатырсыздар. Бұл 90 жылдық мерейтой – тек Қазақстанның әдебиеті үшін емес, бүкіл түркі әлемі үшін үлкен жетістік, - деді ол.
Қырғыз Республикасы Ұлттық Жазушылар одағының Төрағасы Қаныбек Иманалиев:
Әлем әдебиетінің қазынасын байытқан рухани әлемде қазақ әдебиетінің алар орны ерекше. Сан ғасырлық қазақ эпостарынан кейін қазақ жазба әдебиетінің де жұлдызы жарқырап, әлемге танылған ұлы қаламгерлерді тудырды! Қазақ жазба әдебиетінің басында тұрған Абай Құнанбаевтың есімін бұл күнде кім білмейді! Кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романында ұлы даланың ұлы перзентінің даңқты өмір жолын ғана емес, өткен дәуірдегі бүкіл қазақ халқының өмір салтын көркем суреттеп, келер ұрпаққа жететін өлмес шығармаға айналдырып, мәңгілік мұра етіп қалдырғанын мақтанышпен айтамыз. - деп атап өтті.
Ұйымның 90 жылдығына арналған салтанатты шараның аясында әдеби және қоғамдық маңызы зор сыйлықтар табысталды. Атап айтқанда, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығымен ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев, Әзірбайжан Жазушылар одағының Төрағасы Анар Рзаев, Түркия Жазушылар одағының Төрағасы Муса Казым Арыжан, Қырғызстанның Ел жазушысы Арслан Қойшиев, Өзбекстанның Халық жазушысы Усманкул Азимов марапатталды.
«Қазақстанның Құрметті жазушысы» атағы Еуразия Жазушылар одағының президенті Уфук Тузманға, Әзербайжан Жазушылар Одағының хатшысы, ақын Рашад Мажитовке, Швед жазушысы, әдебиет зерттеушісі Пауэль Фрийеске, Қырғыз Республикасы Ұлттық Жазушылар одағының Төрағасы Қаныбек Иманалиевке, Татарстан Жазушылар одағының Төрағасы Ркаил Зайдуллинге, ақын Нұрланбек Қалыбаевқа, Өзбекстан Жазушылар одағы Төрағасының орынбасары Мажид Гайратқа, Башқұртстан Жазушылар одағының Төрағасы Айгиз Баймухаметовке, Ресей жазушысы Андрей Рейзвыхке, Якутия Жазушылар одағының Төрағасы, «Чолбон» журналының бас редакторы Гаврил Андросовқа, Чуваш Республикасы Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Василий Захаровқа табысталды.
Қазақстан Жазушылар одағының «Асыл сөз» әдеби сыйлығы поэзия номинациясы бойынша Байбота Қошым-Ноғайға, ал проза номинациясы бойынша Тұрсынжан Шапайға бұйырды. Сонымен қатар, әдебиет пен руханияттың дамуына қолдау көрсетіп жүрген меценаттарға беретін «Атымтай Жомарт» медалімен бір топ кәсіпкерлер марапатталды.