Президент «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасын қабылдады

27 Қаңтар 2023, 17:28 1292

Бұл туралы Ақорда мәлім етті

Мемлекет басшысына ұлттық компанияның былтыр атқарған жұмыстарының негізгі нәтижесі, теміржол саласын дамытудың алдағы кезеңге арналған жоспары, сондай-ақ берілген тапсырмалардың орындалу барысы жөнінде мәлімет берілді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» акционерлік қоғамының жүк тасу айналымы 252 миллиард тонна-шақырымға дейін артты. Бұл – еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғары көрсеткіші. ЖПЭ-мен (жиырма пұттық эквивалентпен) есептегенде, жалпы контейнермен тасымалдау көлемі 1,129 мыңға дейін өсті.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуы жөнінде баяндалды. Үш жылда барлығы 1285 шақырым жол салу жоспарланып отыр. Бұл жүк тасымалының көлемін ұлғайтып, еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Теміржол құрылысында пайдаланылатын қазақстандық өнімдер мен қызметтердің үлесі – 85 пайыз.

Бұдан бөлек, «Қазақстан темір жолы» басшысы Президентке халықаралық көлік дәліздерін дамыту және Ақтау, Құрық теңіз порттарының өткізу қабілетін кеңейту жұмыстарының барысы, сондай-ақ халықаралық ірі көлік-логистикалық компаниялармен ынтымақтастық мәселелері жөнінде айтты.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы теміржол инфрақұрылымын дамытуға және жаңғыртуға қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.

EL.KZ
Бөлісу: