Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын тұғыр» ұлттық сыйлығын алған үздіктерді құттықтады

21 Желтоқсан 2023, 20:45 1519

«Алтын тұғыр» сыйлығы ұлттық спорт түрлері мен дәстүрлі ойындарды кеңінен насихаттау, көрнекті спортшылар мен жаттықтырушыларды ынталандыру мақсатында ұйымдастырылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Шараға Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов, Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, сонымен қатар, депутаттар мен көрнекті қоғам қайраткерлері қатысты. 

Алдымен Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды. 

Бұл ұлттың келешегі ұрпақтың тәрбиесі үшін айрықша мәні бар оқиға. Төл өнерімізде қазақтың тарихы мәдениеті, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі түгел көрініс тапқан. Ұлттық ойындарымыз халқымызды отаншылдық, адалдық, жауапкершілік, қайсарлық, ептілік сияқты қасиеттердің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуына септігін тигізіп келеді. Ұлы Дала көшпенділерінің мәдениетін заман талабына сай бейімдеп жаңғырту ұлтымыздың бірегейлігін сақтауға ықпал етеді. Елімізде спортпен айналысуға барлық жағдай жасалған. Келесі жылы Қазақстанда өтетін дүниежүзілік көшпенділер ойыны соның бір көрінісі. Осы орайда ұлттық ойындарға жанашырлық танытып, оны дәріптеп жүрген азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіремін. Еліміз өсіп, өркендей берсін!, - делінген мемлекет басшысының құттықтау хатында. 

Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов шарада сөйлеген сөзінде ұлттық спортты ұлттың тарихынан және болмысынан бөліп-жарып қарауға болмайтынын және Парламент қабырғасында осы салаға барынша көңіл бөлініп келе жатқанын атап өтті.

Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов жүлде иегерлерін құттықтап, ұлттық құраманы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындаудың маңыздылығына тоқталды.

«Биыл “Алтын тұғыр” ұлттық спорт жүлдесінің 10 жылдық мерейтойы. Бүгінгі кеште ұлттық және халықаралық жүлделерде жетістікке жеткен спортшыларымызды марапаттаймыз. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлттық спорт түрлерін дамытуға үлкен көңіл бөліп, қолдау көрсетіп келеді. Алдағы жылы Мемлекет басшысының бастамасымен өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ұлттвқ спортымыздың  дамуына серпін беретіні сөзсіз.

2023 жылы федерациялардың спортшылары 12 халықаралық жарысқа қатысып, 95 медаль жеңіп алды, оның 35-і алтын. 2024 жылы қауымдастық барлық спорт түрлері бойынша ұлттық құраманың спорттық дайындығына баса назар аударады, - деді ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов. 


©El.kz/Амангүл ТІЛЕЙ

Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті Тастанбек Есентаев елімізде ұлттық спорт арқылы ұшқыр ойлы, жүректі, рухы мықты жастарды тәрбиелеу өте маңызды екенін және Мемлекет басшысы да өз бақылауында ұстап отырғанын жеткізді.

“Алтын тұғыр-2023” ұлттық сыйлығының ұйымдастыру комитетінің өкілі Ринат Кертаев аталған жүлденің ерекшелігіне тоқталды. 

2023 жылғы ұлттық спорттың үздік спортшыларын, командаларын, мамандары мен осы салада қызмет етіп жүрген қайраткерлерді ғана марапаттау емес, келесі жылы өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойынының алдында біздің ұлттық құрама өкілдерінің, кәсіби спорт мамандарының рухын көтеру. Оларға күш-жігер беру, - деді Ринат Кертаев. 


©El.kz/Амангүл ТІЛЕЙ

Айта кетейік, биылғы жылы алғаш рет ҚР ұлттық спорт түрлерін дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленуде. Ұлттық спорт түрлері бойынша кадрлар даярлаудың арнайы білім беру бағдарламалары дайындалды. Ұлттық спорт түрлерінен жоғары мектеп құрылуда.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: