Президент Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады

9 Қазан 2023, 17:11 837

Мемлекет басшысына Қаржылық мониторинг агенттігінің биылғы 9 айда атқарған жұмыстарының нәтижесі және алдағы уақытқа арналған жоспары туралы баяндалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жанат Элимановтың баяндамасынан:

мемлекетке жалпы сомасы 217 миллиард теңге болатын активтер қайтарылды, сондай-ақ көлеңкелі экономиканың деңгейі 18,7 пайызға дейін төмендеді;

құқық қорғау органдарына 229 талдау материалы жолданған, есірткі сатушылардың қаржылық операцияларын бұғаттау тәжірибесі жолға қойылған. Бұл жұмыс азаматтарды, әсіресе жастарды, есірткіні онлайн сатып алудан сақтайды;

есірткінің заңсыз айналымынан түсетін кірістерді жылыстату үшін пайдаланылған 924 банктік шот бұғатталған;

криптоактивтерді пайдалана отырып жасалатын экономикалық қылмыстарға қарсы іс-қимыл жөніндегі арнайы бөлімше құрылған;

крипто-әмияндарға тыйым салу және цифрлық валютаны алып қою тетігі әзірленген;

 заңсыз 9 крипто алмастырғыштың қызметі жойылған. Ондағы қаржы айналымы 17 миллиард теңгеден асқан;

елімізде алғаш рет криптовалюта арқылы қылмыстық жолмен тапқан 47 миллион теңге табыс тәркіленіп, Агенттіктің Binance криптобиржасындағы арнайы шотына салынған;

террористік және экстремистік ұйымдардың шоттарына қаражат аударуға көздеген 976 әрекет анықталып, бұғатталған.

Қасым-Жомарт Тоқаев Агенттік қызметінің негізгі бағыттары бойынша бірқатар нақты тапсырма берді. Мемлекет басшысы адал бизнесті қорғау, қаржы және экономикалық қылмыстарға қарсы күрес шараларын күшейту қажет екенін ерекше атап өтті.

EL.KZ
Бөлісу: