Президент «Орталық Азия + Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастығы кеңесінің» бірінші саммитіне қатысты

20 Шілде 2023, 00:23 1060

Президент саммитте сөйлеген сөзінде Орталық Азия мен Шығанақтағы араб мемлекеттері басшыларының бүгінгі кездесуі, ең алдымен, уақыт талабы және көпжақты ынтымақтастықты мүлде жаңа деңгейге көтеру жолында өзара түсіністік бар екенін көрсететінін мәлімдеді, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Ақорда таратқан ақпаратқа сәйкес, Мемлекет басшысы біздің елдеріміз екіжақты форматта берік әрі үйлесімді мемлекетаралық қатынас орнатқанын атап өтті.  

Жаһандық орнықты даму мәселесі бойынша мемлекеттеріміздің халықаралық аренадағы көзқарастары – ортақ немесе жақын. Жалпы, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі мақсаттары да бір. Тарихи байланыстар, ортақ рухани құндылықтар, достық пен бауырластық – қарым-қатынасымыздың берік негізі екені сөзсіз. Қазақстан бүгінгі кездесуге ерекше мән береді. Шығанақ елдерінің саяси ықпалы, экономикалық және инвестициялық әлеуеті зор. Олар – көптеген негізгі бағыттар бойынша біздің ең маңызды серіктесіміз. Орталық Азия мемлекеттерінің ішкі аймақтық ынтымақтастығын жандандырып, өңірдің жаһандық маңыздылығын күшейту қажет деп санаймыз. Бұл көпжақты ықпалдастықты тереңдету үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Осы іске «Орталық Азия +» диалог форматы елеулі үлес қосатыны сөзсіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Орталық Азия мемлекеттерінің әлеуеті мен Шығанақ  елдерінің орасан зор мүмкіндігі көпжақты серіктестікті биік белеске шығара алатынына сенім білдіріп, осы диалог форматындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарына қатысты өз пікірін ортаға салды.

Ең алдымен, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту маңызды. Соңғы жылдары біздің аймақтың Ынтымақтастық кеңеске мүше елдермен сауда-саттығы қарқынды дами бастады. Мұны ерекше атап өткен жөн. Бірақ көрсеткіштер біздің әлеуетіміздің толық пайдаланылмай отырғанын көрсетеді. Тауар айналымын айтарлықтай арттыру үшін бізде барлық мүмкіндік бар. Ол үшін өзара сауда номенклатурасын ұлғайту қажет. Мысалы, Қазақстан қысқа мерзімде құны шамамен 400 миллион доллар болатын 100 түрлі тауар экспорттауға дайын, – деді Мемлекет басшысы.

 

Перизат Саденова
Бөлісу: