Президент Іс Басқармасы балаларды «Бүркіт» авиакомпаниясына экскурсияға апарды

11 Желтоқсан 2022, 15:24 1281

«Бүркіт» компаниясының әуе кемелері паркіндегі ең үлкен ұшақтардың бірі ИЛ-76

Балдырғандардың бала күнгі арманы, қызығушылығы есейгенде бағындыратын асыл мұратына айналары хақ. ҚР Президентінің Іс Басқармасы мектеп оқушыларын «Бүркіт» мемлекеттік авиакомпаниясына экскурсияға апарды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Авиацияға қызығушылығы зор, ұшқыш болуды армандайтын жеткіншектер түрлі әуе кемелерін өз көзімен көріп, салонын аралап, штурвалға отырды. Кәсіби ұшқыштар оларға Challenger-850, ИЛ-76 ұшақтары мен Eurocopter-225 тікұшағы қандай мақсатқа қолданылатынын кеңінен сипаттап берді.

Challenger-850 ұшағымен еліміздің Президенті, Сыртқы істер министрі және басқа да жоғары лауазымды тұлғалар мемлекеттік маңызды жұмыстармен ұшқан. Экипаж командирі Бейсекен Молдыбаев:

"Біздің міндетіміз – жолаушыларды межелі жерге уақтылы жеткізу және қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Экипаж мүшелері сол үшін арнайы дайындықтан өтеді. Бүгін біздің мекемеге жеткіншектердің келгеніне қуаныштымыз. Менің ұлым кішкентай кезінде «Өскенде ұшқыш болам» дейтін, қазір сол арманына жетіп,  ізімді жалғап келеді. Кім біледі, бүгінгі Ашық есік күніне қатысып жатқан балалардың арасынан да болашақта мықты ұшқыштар, инженерлер шығатын шығар. Мемлекет басшысы биыл Балалар жылы деп жариялады. Кішкентайларға қуаныш сыйлап, оларды қанаттандыру, болашағына жол ашу бәріміздің міндетіміз деп санаймын", – деді.

Eurocopter-225 тікұшағын инженер Сергей Толчев таныстырды. Бұл тікұшақ экипажы екі адамнан тұрады, оған қоса қызмет көрсетумен айналысатын екі инженер бар.

"Бұл – экипаждан бөлек, 10 адам тасуға арналған ұшу аппараты. Біз осы тікұшақпен Қазақстанның кез келген жеріне бара аламыз", – деді ол.

«Бүркіт» компаниясының әуе кемелері паркіндегі ең үлкен ұшақтардың бірі ИЛ-76. Қос қанаты футбол алаңындай аумақты алып жатқан ұшақ әскери десантты, автомобиль және басқа да жүкті тасымалдауға пайдаланылады. Асфальт немесе қара топырақ бола ма, алаң талғамай қауіпсіз қона беретіні де бұл ұшақтың артықшылықтарының бірі. «Бүркіт» әуе компаниясының паркіне келгеніне біраз жыл болған ұшақтың АҚШ-тан басқа бармаған жері кемде-кем.

"Коронавирус пандемиясы кезінде Қытайдан дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдық тасыдық. Төтенше жағдай министрілігінің жұмысымен еліміздің түкпір-түкпіріне барып, халыққа көмектестік", – дейді ұшу қауіпсіздігі жөніндегі инспекция бастығы Виктор Тимофеев.

Нұрасыл Бақытжан елордадағы Ы.Алтынсарин атындағы «Binom» мектебінің 6-сыныбында оқиды. Ол кішкентайынан авиацияға құмар. Өскенде ұшқыш болуды армандайтын Нұрасыл мақсатына жету үшін қазірден бастап жоспар құрып, сол бағытта еңбек етіп келеді.

 

"Ұшқыш болу үшін математика мен физиканы мықты білу керек, ағылшынша жетік болу қажет. Мен сол үшін Республикалық физика және математика мектебіне түспекшімін", – дейді ол.

Анасы экскурсия туралы айтқанда қатты қуанған Нұрасыл осында келгенше асығыпты.

"Авиация саласын жақсы көремін, ұшақ макеттерін жинап жүремін. Ұшқыш болу оңай емес. Ол үшін білімді болу ғана емес, төзімділік, шешімталдық сияқты қасиеттер керек. Ұшқыштар үнемі алыс елдерге саяхаттап жүреді, жалақылары да жақсы", – деп ой бөлісті Нұрқанат.

Балаларға бас-көз болу үшін ата-аналардың ішінен бірнешеуі ере келген еді. Айқын есімді балдырғанның анасы Динара ханым:

"Мен 6-сыныпта оқитын ұлыммен бірге келдім. Ол кішкентайынан ұшаққа, робототехникаға қызығады. Бүгінгі іс-шара экскурсия жақсы ұйымдастырылған екен. Астананың аязында балалар тоңып қалмауы үшін жылы автобус әзірлеп қойғанына риза болдым", – деді. Осы шара үшін Президент Іс Басқармасының «Автошаруашылық» мекемесі арнайы автобус бөлгенін айта кетейік.

Экскурсия соңында, балаларға авиация тақырыбында викторина өткізіліп, сауалдарға дұрыс жауап берген зерек оқушыларға шағын сыйлықтар табысталды. ҚР Президентінің Іс Басқармасының атынан барлығына берілген естелік сыйлық та балдырғандардың көңілінен шықты.

Экскурсия соңында кішкентай ұшқыштар өздерін қонақжай пейілмен күтіп алған «Бүркіт» авиакомпаниясының директоры Еркебұлан Оспанов пен оның әріптестеріне алғысын жеткізді. Еркебұлан Оспанов балдырғандарға:

"Бүгін сендер мемлекеттік ұшақтар мен тікұшақтарды өз көздеріңмен көріп, ұшқыштардың және инженерлердің қалай жұмыс істейтіні туралы хабардар болдыңдар. Осы экскурсия сендердің авиацияға деген қызығушылықтарыңды арттыра түсті деп сенемін", – деді.

Балалар жылына орай Президент Іс Басқармасы басқа да іс-шараларға мұрындық болып жүргенін айта кетейік. Мәселен, жыл басынан бері балдырғандардың Ұлттық музейге, АЛЖИР мемориалды-мұражай кешеніне экскурсияға баруына да жағдай жасады. Сурет салудан жарыс өткізіп, түрлі сыйлықтармен марапаттады. Ерекше балаларды Бурабайға апарды. Көп балалы аналарға супермаркет сертификаттарын ұсынды. Таяуда ғана елордадағы «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына» барып, балаларға сый-сияпат жасап, мол дастархан жайды.

EL.KZ
Бөлісу: