Президент халықтың экологиялық мәдениетін одан әрі арттыру керектігін айтты

Кеше, 16:24 209

Мемлекет басшысы "Қуатты аймақтар – қуатты ел" деген қағидаға сай жұмыс істеу керектігін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Себебі мықты мемлекет боламыз десек, ауылды дамыту аса маңызды. Осы орайда мен баршаңызға үндеу тастағым келеді. Ауыл – бәріміздің алтын бесігіміз. Қалада туып, өмір бойы қалада тұрған қазақтың да тамыры – ауылда. Халқымыздың салт-дәстүрі, тілі мен ділі, бәрі де ауылда сақталған. Жаһандану дәуірінде қазақты сақтау үшін, ең алдымен, ауылды сақтауымыз керек. Мен табысқа жеткен әр адам туған жеріне қамқор болуы қажет деп үнемі айтып жүрмін. Бүгін ортамызда «Қазақстанның Еңбек Ері» Иван Адамович Сауэр отыр. Ол жетекшілік ететін «Родина» агрофирмасы ауыл шаруашылығында бизнесті оңтайлы жүргізудің жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Бұл – Астананы азық-түлікпен қамтамасыз етуге және облыс экономикасының дамуына зор үлес қосып қана қоймай, өзінің қызметкерлері мен ауыл тұрғындарының қамын ойлайтын озық кәсіпорын, - деді президент.

Оның сөзінше, Сыр бойындағы Нағи Ілиясов және Таң, Арқадағы Шахтерское, Қызылжар өңіріндегі Новоникольское ауылдары да көпке үлгі.

Әр аймақта осындай гүлденген елді мекендер бар. Бірақ ауылдан шыққан мықты кәсіпкерлер одан әлдеқайда көп. Мен іскер азаматтарды ауыл-аймақты көркейтуге шақырамын. Адал еңбекпен табысқа жеткен азамат ауылын дамытуға үлес қосқаны жөн деп ойлаймын. Бұл біз үнемі айтатын отаншылдық, елге жанашырлық қасиеттердің нақты көрінісі болары сөзсіз. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы да осындай құндылықтарға негізделген. Жоба аясында елді мекендеріміз тазарып, жаңаша келбетке ие бола бастады. Қоршаған ортаға қамқорлық қоғамдық мәдениеттің арқауына айналды. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды. Менің тапсырмаммен Үкімет арнайы тұжырымдама қабылдады. Басты мақсат – халықтың экологиялық мәдениетін одан әрі арттыру, - деді мемлекет басшысы. 

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: